Тамақ ішіп жата қалу өте қауіпті – дәрігер

/
Тамақ ішіп жата қалу өте қауіпті – дәрігер
сурет: istockphoto.com

Дәрігерлер тамақтан кейін диванға жатып демалуды әдетке айналдырған адамдарға ескерту жасады. Гастроэнтеролог Анастасия Гостроустың айтуынша, бұл зиянсыз көрінетін әрекет ас қорытуға елеулі зиян келтіруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz health.mail.ru-ға сілтеме жасап.

Маманның сөзінше, ең жиі кездесетін қауіп – гастроэзофагеальды рефлюкс. Себебі жатқан кезде асқазан горизонталь күйге ауысады, ал төменгі өңеш сфинктеріне түсетін қысым күшейеді. Соның салдарынан асқазан сөлі мен тамақ кері қарай өңешке кетіп, күйдіріп, созылмалы ауруларға шалдықтыруы мүмкін.

Дәрігер, сондай-ақ, мұндай кезде ас қорыту баяулайтынын айтты. Вертикаль қалыпта жұмыс істегенде белсенді болатын асқазан мен ішек перистальтикасы жату кезінде бәсеңдейді. Бұдан тамақ ұзақ қорытылады, ауырлық, кебу, жүрек айну және жалпы жайсыздық туындайды.

Тамақтан соң бірден жату зат алмасуға да әсер етеді. Қозғалыс азайғандықтан, калориялар жұмсалмай «қор» ретінде, көбіне іш аумағында жиналады. Бұл салмақ қосуға және қан құрамындағы қант деңгейінің өзгеруіне әкелуі мүмкін.

Маманның айтуынша, ұйықтар алдында тамақ ішу – ағзаға ауыр соққы. Себебі дене ұйықтаудың орнына тамақты қорытуға мәжбүр болады: түн мазасыз өтеді, таңертең әлсіздік пайда болып, тәбет болмайды.

Дәрігер тамақтан кейін демалудан бас тартудың қажеті жоқ екенін, бірақ оны дұрыс жасау керегін айтты:

– 20-30 минут бойы жүру
– Кемі 1,5-2 сағаттан кейін жату
– Ұйықтар алдында 3-4 сағат бұрын жеңіл кешкі ас ішу

Маманның айтуынша, осы қарапайым әдеттерді сақтау қыжылдың, ауырлықтың және мазасыздықтың алдын алуға көмектеседі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары