Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында егемендікті нығайту, экономиканы дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру сынды маңызды міндеттерге тоқталып, бұл бағытта Құрылтай депутаттарына үлкен үміт артылатынын атап өтті.
Жолдаудағы негізгі басымдықтардың бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту. «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» бастамасы аясында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандарын салу, оған қоса елді мекендерді газ және таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыруға және жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аударды. Қазақстанда жарияланған Жасанды интеллект жылының да маңызы зор. Қазіргі технологиялық даму дәуірінде жаңа шешімдерді тиімді пайдалану мемлекеттік басқарудың сапасын арттырып, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Президент атап өткендей, келер ұрпаққа экономикасы қуатты, технологиясы дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заң үстемдігі қамтамасыз етілген мемлекет қалдыруымыз керек. Әлбетте, бұл – қоғам мен мемлекеттік институттардың бірлескен жұмысын талап ететін стратегиялық міндет.
Құрылтай депутаттары үшін азаматтардың сұранысын ескеру, заңнамалық шешімдердің сапасын арттыру және мемлекеттік бастамалардың орындалуына қатысты мәселелерді назарда ұстау маңызды.
Аят СҮГІРБАЙ,
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі