Жігітіне ренжіп, оның көлігін бүлдіріп тастаған қызға айыппұл салынды

/
Жігітіне ренжіп, оның көлігін бүлдіріп тастаған қызға айыппұл салынды
istockphoto.com

Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша 19 жастағы бойжеткенге қатысты қатысты істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қазан айында бойжеткен жанжалдан кейін өзінің жігітіне тиесілі «Kia Sportage» маркалы тұраққа қойылған көлікті әдейі бүлдірген. Автокөліктің корпусынан тебу нәтижесінде көліктің алдыңғы қанаты, алдыңғы және артқы есіктері мыжылып, көліктің иесіне мүліктік зиян келтірілген.

Сотта қыз кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші сондай-ақ жоғарыда аталған мән-жайларды растап, азаматтық тәртіппен залалды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге ниетті екенін хабарлады.

Сот кінәні мойындауды, жасаған ісіне өкініш білдіруді және құқық бұзушылықты бірінші рет жасауды ескерді. Құқық бұзушының мүліктік жағдайын ескере отырып, айыппұл сомасы 30%-ға азайтылды.

ӘҚБтК 147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Сот қаулысымен қыз ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 137 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары