Алматы облысында балықшыларға оқ атқан ер адам сотталды

/
Алматы облысында балықшыларға оқ атқан ер адам сотталды
istockphoto.com

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Іле өзенінің жағасында балықшыларға оқ атқан Т. есімді азаматқа қатысты үкім шығарды. Сотталушының әрекеті екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу ретінде сараланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іледегі оқиға

2024 жылдың 26 қазанында ер адам Қонаев – Бақанас автожолы маңындағы «Ш» шаруа қожалығының аумағында алкоголь ішкен. Шамамен сағат 22:00-де ол Іле өзенінің жағалауына қарай бет алған.

Сол жерде ол үш балықшыны – У., Д. және К. азаматтарды – көріп, кенеттен оларға мылтықтан бірнеше рет оқ атқан.

Нәтижесінде үшеуі де әртүрлі деңгейдегі жарақат алған. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында олар аман қалған.

Дәлелдердің жиынтығы бойынша сот сотталушының екі және одан да көп адамды өлтіруге оқталғанын анықтады.

Сот үкімімен Т.-ға орташа қауіпсіздік үлгісіндегі мекемеде өтеу үшін 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ сотталғаннан сараптамалар жүргізуге байланысты процессуалдық шығындар өндірілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары