Мемлекет басшысы: Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады

/
Мемлекет басшысы: Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады
Ақорда

Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен, ілтипатпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келе жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ақордада Армения Премьер-министрімен кездесуінде айтты. 

Президент Арменияны еліміздің маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады. Екіжақты қарым-қатынас берік достыққа және өзара құрметке негізделген.

– Қазақстанның Армения мемлекетіне және оның халқына деген ықыласы айрықша. Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен, ілтипатпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келе жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Менің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарымның қорытындысы және бүгінгі келіссөздердің нәтижесі – соның айқын дәлелі. Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, сан салалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашары анық. Осы орайда, құрметті Никол Воваевич Пашинянның Қазақстан мен Арменияның қарым-қатынасын нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өткім келеді. Никол Воваевич Пашинян халықаралық қауымдастыққа күшті басшы, көреген саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде кеңінен танымал, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент бүгінгі мазмұнды келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады. 

– Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселесіне баса мән бердік. Өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға келістік. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Сондай-ақ біз Арменияның экспорттық әлеуетін қолдауға ниет білдірдік. Оған қоса, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. Кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтатын нақты қадамдарды қолға алуға келістік. Жаңадан құрылған Қазақстан – Армения іскерлік кеңесі екі ел бизнес өкілдерінің басын қосып, екі жаққа да тиімді жобаларды жүзеге асыруға тиіс, – деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары