Жапония премьер-министрі Саңаэ Такаити қызметіне кіріскеніне үш апта өтпей жатып, аймақтағы ең қауіпті «қызыл сызықты» басып өтті. The Economist жазғандай, «бұл Қытайды ашуландыратыны күмәнсіз еді. тек бәрі күткеннен де ерте басталды».
Такаити ханым «Егер Тайваньға қарсы күш қолданылса, Жапонияның да қорғаныс күштері араласады», – деп мәлімдеді. Бұл сөз Бейжіңді бірден өре түрегелтті.
Енді жауапсыз авантюризм емес...
Такаитидің мәлімдемесі кездейсоқ емес. Кейінгі жылдары Жапония қауіпсіздік саясатын түбегейлі өзгертіп жатыр. Nikkei Asia дерегі бойынша, Жапония қорғаныс бюджеті 2027 жылға қарай екі есеге өсуге тиіс. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония әскерді күшейтуге мұншалық мән бермеген.
The Economist жазғандай, «Тайвань үшін соғыс басталса, Жапония бейтарап қала алмайды: география оған мүмкіндік бермейді».
Саңаэ ханым – бұған дейін де Қытай экспансиясын, әсіресе Шығыс Қытай теңізіндегі әрекеттерді ашық сынап жүрген саясаткер. Сондықтан Бейжіңнің «жауапсыз авантюризм» деп атаған айқайы тосын реакция емес, алдын ала болжанған жауап деп бағалауға болады. Дегенмен бұл жолы жағдай басқаша, себебі енді ол оппозиция депутаты емес, аймақтың екінші экономикасын басқарып отырған үкімет басшысы.
Қытайдың реакциясы
South China Morning Post мәліметінше, Қытай Сыртқы істер министрлігі Токиоға «қатаң дипломатиялық нота» жіберіп, Такаитидің сөздерін «қауіпті провокация» және «Тайвань мәселесіне сыртқы күштердің араласуы» деп атады. Си Цзиньпиннің позициясы белгілі: «Тайвань – «қасиетті территория», ал оны «қайта біріктіру» – Қытайдың ұлттық миссиясы».
Басылымның тағы бір айтып өткен мәселесі – «Қытай үшін ең жаманы – Жапонияның Тайвань мәселесін әскери деңгейге шығаруы». Өйткені бұл аймақта жаңа блоктың пайда болуына әкеледі.
Жаңа геосаяси ойын
Жапонияның мәлімдемесі мына жағдайлардан белгі береді деуге де болады. Біріншіден, Токио АҚШ-пен қауіпсіздік альянсын Тайвань мәселесімен нақты байланыстыра бастады. Бұл – Азияда жаңа геосаяси аймақтың қалыптасып келе жатқанының белгісі. Вашингтон Тайваньды сақтап қалуды Қытайдың күштік экспансиясын тежеудің басты құралы деп санайды.
Ал Жапония аймақтағы өз рөлін қайта қарап жатыр. Соғыстан кейінгі пацифистік Конституцияның «қолды байлап отырғаны» туралы пікірталас бұл елде ұзақ жылдан бері толастамай келеді. Такаити үшін Тайвань – Токионың қайта қарулануын ақтап беретін маңызды аргумент.
P.S.
Осылайша, Такаитидің алғашқы мәлімдемелері оның сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарын анық көрсетті: Токио енді тек бақылаушы емес, белсенді ойыншы болуға дайын. Ал бұл шақырудың жауабы қандай болатынын Азия аспанындағы ұшақтардың саны мен теңіздегі кемелердің қарқыны айтып береді. Қазірдің өзінде Қытай жарты миллион ұшақ билетін жойып, рейстердің 80 пайыздан астамын тоқтатып тастады.