Астана – бірліктің айнасы

Астана – бірліктің айнасы
сурет: istockphoto.com

Қазақстан – сайын дала төсінде тамырын тереңге жайған көпұлтты шаңырақ. Бір өңірден екінші өңірге барсаң – түрлі тіл, түрлі әуен, түрлі тағдыр, бірақ бәрін біріктіретін бір ғана түсінік бар. Ол – отансүйгіштік сезімі. Тарих таразысында талай сыннан өткен халқымыз бейбіт өмірдің бағасын жақсы біледі. Сондықтан да бүгінгі татулық – жай ғана тыныштық емес, ұрпаққа аманат, елдікті сақтаудың формуласы. 30 жыл толған Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы бірліктің тек мерекелік нышаны емес, елді ұйыстырған нақты әрі өміршең идеяның дәлелі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде таныл­ды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты», – деп баға берген болатын. 
Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы – елордалық қоғамның этно­сара­лық үйлесімін қамтамасыз ететін маңыз­ды азаматтық платформа. Ассамб­лея­ның не­гізгі бағыты – түрлі этнос арасындағы келісім мен толеранттылықты нығайтып, олардың мәдениетін өзара байытуға мүмкіндік жасау. Осы мақсатта ол әр халықтың салт-дәстүрі, тілі мен рухани мұрасын сақтап қана қоймай, оны заманауи ортада дамытуға жағдай жасай­ды.
Елордалық Достық үйі – Астана қаласы Қа­зақстан халқы Ассамблеясының бетке ұстар айнасы. Мұнда халықаралық және респуб­ли­ка­лық деңгейдегі іс-шаралар өткізіледі. Бүгін­де Астана қаласында 23 этномәдени бірлестік өз жұмысын атқаруда. Олар ұлттық мәдениетті сақтау, дамыту және қоғамдық бірлікті ны­ғайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Елордалық Достық үйі¬ өзінің құрыл­ған жылдарында мәдениеттердің бірлігі мен Қазақстанның көпжақтылығын көрсетудің нағыз орталығына айналды. Бүгінде ол үлкен ресурстық, әлеуметтік, ақпараттық-әдісте­ме­лік орталық.
Биыл жыл басында Қазақстан Респуб­ликасының Президенттік орталығында ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Қазақстан хал­қы Ассамблеясы: татулық пен келісімнің 30 жылы» көрмесі өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚР Парламентінің депу­тат­тары, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА қо­ғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты. Көрмеде ҚР Президенттік орталығының ма­териалдары негізінде Қазақстан халқы Ассам­блеясының қалыптасу және даму тарихы, сондай-ақ ҚХА-ның қоғамдық және этносара­лық келісімді нығайтудағы рөлі атап өтілді. «Қазақстан халқы Ассамблеясының даму та­рихы» және «Этносаралық және жалпыұлттық келісімнің кепілі» атты екі бөлімнен тұратын көрмеге мұрағаттық материалдар, фотосурет­тер, кітаптар мен кәдесыйлар ұсынылды. Мәде­ни шара жұмысы бір айға жалғасты. 
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Ас­сам­­блея жастары» ұйымы мен Ұлттық Дель­фий комитеті бірлесе дайындаған Folk & Art Performance жастар шығармашылық жобасы өтті.
Бұл жоба дарынды жастарды қолдауды, шығармашылық әлеміндегі ұрпақтар сабақтастығын дамытуды, сондай-ақ әртүрлі этнос өкілдерінің Қазақстан мәдениетін өркендетуге қосқан үлесін көрсетті. 
Жоба аясында Қазақстан халқы Ассам­блеясы мүшелері қатарындағы шығармашыл жастардың тәлімгерлеріне арналған «Тәлімгер» фотокөрмесі таныстырылды. Іс-шара соңында ҚХА Төрағасының орынбасары М.Әзілханов халықаралық байқауларға қатысуды қолдау үшін дарынды жастарға жол жүру гранттарын тапсырды.
Елордалық Ассамблея жұмысының маңыз­ды бағыттарының бірі – қайырымдылықты дамыту. Дәстүрлі түрде этномәдени бірлестік­тердің мүшелері барлық қайырымдылық ак­цияларына қатысып, көпбалалы және аз қам­тылған отбасыларға, жалғызбасты адам­дар­ға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, соғыс ар­дагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көр­сетеді. Биылғы 30 жылдық мерейтой ая­сында да қайырымдылық іс-шаралары на­зардан тыс қалған жоқ. 
Астана қаласының Қазақстан халқы Ассам­блеясы Алғыс айту күніне орай «Шара­пат» әлеу­меттік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық акциясын өткізді. Мақсаты – қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі жан­дарға қамқорлық жасау, көңіл бөлу. Мере­келік іс-шара барысында концерттік бағдарламасы ұсы­нылып, азық-түлік себеттері таратылды.
ҚХА күндері жастар арасында да ерекше қы­зығушылықпен атап өтілді. Оның бір дәлелі –  Maqsut Narikbayev University қабырғасында ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ка­бинеті.  Бұл кабинет елдегі этносаралық келі­сім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңыз­ды алаңдардың бірі болмақ. Аталмыш жиын студенттер мен қатысушыларға ел бірлігінің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік берді. ҚХА кабинеті жастардың этносаралық қа­тынастарды нығайтуға бағытталған жаңа жо­ба­ларына жол ашып, жаңа бастамаларын жү­зеге асыратын маңызды орталыққа айнал­мақ.
Мерейтойға арналған мерейлі шаралар­дың бірі – «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты фестиваль. Фестивальдің басты мақ­­саты – еліміздегі этностар арасындағы та­ту­лық пен достықты нығайту, ұлттық мә­де­ни мұраны сақтау және дамыту, жас ұрпақты ру­хани құндылықтарға тәрбиелеу. Астана қа­ласы Қазақстан халқы Ассамблеясының на­мысын қорғаған 3 шығармашылық ұжым үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие бол­ды. 
Ассамблея қызметінің ауқымы тек мәдени іс-шаралармен шектелмейді.  Ассамблея ағар­ту­шылық жобаларды іске асырып, шығар­ма­шылық бастамаларды қолдайды, қоғамның әлсіз топтарына құқықтық және әлеуметтік кө­мек көрсетеді. Демек, бұл құрылым – этнос­тардың мәдени кеңістігін ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен ортақ құндылықтарды қалыптастыратын маңызды институт.
Бұл бағытта да Астана қаласы Қазақстан хал­қы Ассамблеясының атқарған істері көңіл қуантады. Биыл «Этносаралық қақты­ғыс­тар­дың алдын алу және реттеу бойынша медиа­тивтік дағдыларды дамыту, келіссөз процесі техникасы» тақырыбындағы үлкен семинар-тренинг өтті. 
Семинар барысында қатысушылар этно­саралық қақтығыстардың алдын алудың за­ма­науи тәсілдерімен танысып, медиативтік тәжірибелер мен келіссөз техникасының нақты құралдарын меңгерді, сондай-ақ тре­нинг­тер мен практикалық жаттығулар арқы­лы кәсіби дағдыларын шыңдады.
Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Бере­ке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Елі­міздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассам­блея мүшелері табанды еңбек етіп келеді. 
Мәдениет пен дәстүрді насихаттаған, жас­тарға үлгі болған тұлғаларды рухани тұрғыдан қол­дау қашан да маңызды. Бұл әсіресе көпұлт­ты қоғамда ұлттық мәдениетке деген құрмет пен жауапкершілікті нығайтады. Осы орайда  Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек ҚХА-ның Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Пре­зиденті, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалін этносаралық тату­лық­ты нығайтуға және қоғамдық келісімді сақтауға үлес қосқан азаматтарға табыстады. Игі істің жалғасы ретінде «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Габдулұлы қоғамдық келісімді, ұлтаралық бірлікті нығайтуға және елде­гі мәдениетаралық диалогты дамытуға елеу­лі үлес қосқан белсенділерге медальдар та­быс етті.  Folk & Art Performance жобасын жү­зе­ге асыруға атсалысқаны үшін қалалық өкіл­діктің еріктілеріне алғысхаттар тапсы­рыл­ды. Бұл оқиға әрбір азаматтың бейбітшілік, дос­тық пен өзара түсіністікті нығайту жо­лындағы ортақ іске қосқан үлесінің маңыз­дылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. 
Мерекелік датаға орай өткен маңызды шара­­лардың бірі – Астана қаласын­дағы Достық үйінде Қазақстандағы «Вайнах» ше­шендер мен ингуштар қауымдастығының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен даму жо­л­ындағы 30 жыл» атты форумы. Этногра­фия­лық көрмеден басталған форумға қаты­сушы­лар қауымдастықтың қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық диалогты дамытуға жә­не жастарды толеранттылық пен пат­риот­тық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесін тал­қы­лады. Басқасуда жалпыұлттық бірегейлікті сақ­тау мәселелеріне, рухани көшбасшылар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің мәдениетаралық байланысты нығайтудағы рө­ліне, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қо­ғам өміріне белсенді қатысуының маңыз­дылығына ерекше назар аударылды.
Қазақстандағы «Вайнах» шешен және ин­гуштар қауымдастығы 30 жыл ішінде этно­сара­лық келісімді нығайту, мәдени мұраны сақ­тау және азаматтық белсенділікті дамыту ісін­де сенімді де белсенді серіктес ретінде та­нылды. Ұйым әлеуметтік маңызы бар жо­балар­ды дәйекті түрде жүзеге асырып, еліміз­дің түпкір-түпкіріндегі вайнахтарды бірік­т­і­ріп, жас ұрпақты түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл­дық мерейтойы – тек мереке ғана емес, ел­де­гі этносаралық келісім мен қоғамдық бір­ліктің символы, сондай-ақ ядролық қоғамдық инс­титут ретінде Ассамблеяның әлеуметтік-сая­си рөлін айқын көрсететін стратегиялық оқиға болды. 400-ден астам шара – рес­пуб­ли­ка­лық форумдардан бастап жергілікті қайы­рым­дылық акцияларға дейін – Ассамблеяның қо­ғамдағы интеграциялық миссиясын нақ­тылады, этносаралық тату­лықты, мәде­ниет­терді өзара байытуды және азаматтық жауап­кершілікті насихаттады.
Мерейтой жастарды, аймақтарды, этнос­тарды және белсенді азаматтарды біріктіретін көп­қырлы алаңға айналды. Бұл іс-шаралар Қа­зақстандағы бірлікті сақтау мен ұлттық біре­гейлікті қалыптастырудың маңызды құра­лы екенін және қоғамның барлық мүшелерін ортақ құндылықтарға баулитын нақты плат­форма болып тұрғанын айқын көрсетті.

А.БИМЕНДІ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары