Алматыда халықаралық Innotech университетінің ресми ашылуы өтті

/
Алматыда халықаралық Innotech университетінің ресми ашылуы өтті

Алматыда Arizona State University (ASU) университетімен стратегиялық серіктестікте жұмыс істейтін жаңа халықаралық Innotech университеті ресми түрде іске қосылуда. ASU — U.S. News & World Report нұсқасы бойынша 11 жыл қатарынан АҚШ-тағы ең инновациялық жоғары оқу орындарының бірі болып танылған университет, деп хабарлайды turkystan.kz.

Университеттің іске қосылуы Қазақстан мен Орталық Азиядағы жоғары білімді дамытудағы маңызды кезең болып табылады. ASU және Cintana Education альянсымен ынтымақтастықтың арқасында Innotech заманауи білім беру стандарттарына және халықаралық интеграцияға бағытталған жаһандық университеттер желісінің бір бөлігіне айналады.

Ресми ашылу рәсімі мемлекеттік органдар өкілдерінің — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің, сондай-ақ халықаралық серіктестердің, соның ішінде ASU және Cintana Education басшылығының қатысуымен өтті.

Серіктестік аясында Innotech ASU стандарттары негізінде әзірленген білім беру бағдарламаларын енгізеді. Студенттер халықаралық оқу модульдеріне, зерттеу жобаларына, шеберлік сабақтарына және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктеріне қол жеткізеді. Икемді білім беру траекторияларына ерекше назар аударылады. Қажетті рұқсаттар алынғаннан кейін университет студенттерге қазақстандық және америкалық диплом алуға мүмкіндік беретін қос диплом бағдарламаларын, соның ішінде 3+1, 4+1 және 1+1 форматтарын ұсынатын болады.

Innotech негізін қалаушы Болат Пралив атап өткендей:«Біз халықаралық білім беру саласында өңірлік көшбасшыға айналатын және студенттерге жаһандық мүмкіндіктерге жол ашатын жаңа буын университетін құрып жатырмыз».

Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов бұл жобаның қала үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін біз маңызды білім беру жобасының іске қосылуына куә болып отырмыз. Бұл — болашақ экономикасына қажетті мамандарды даярлайтын жаңа буын университеті. Аталған бастама Алматының білім беру және технологиялық орталық ретіндегі мәртебесін күшейтеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің басты капиталы — білімді әрі бәсекеге қабілетті жастар. Жаңа университет осы мақсатқа қол жеткізуге нақты үлес қосады», — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов іс-шара барысында.

Білім беру бағдарламалары қазіргі таңда ең сұранысқа ие бағыттарды — бизнестен бастап цифрлық технологиялар мен компьютерлік ғылымдарға дейінгі салаларды қамтиды. Негізгі мамандықтар қатарында киберқауіпсіздік, жаһандық менеджмент, халықаралық бизнес, бизнестегі жасанды интеллект және деректер аналитикасы бар.

Сонымен қатар 2026 жылы талапкерлерді даярлауға арналған жазғы қарқынды бағдарлама іске қосылады. Бағдарлама академиялық ағылшын тілін, ASU стандарттары бойынша оқытуды, сондай-ақ сыни ойлау, талдау және коммуникация сияқты негізгі дағдыларды дамытуды қамтиды.

Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Q Group компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып, елдің білім беру жүйесіне инновацияларды енгізуге бағытталған.

Іске қосу аясында бизнес және индустрия өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар да өтеді. Онда еңбек нарығының жаңа талаптары және болашақ мамандарды даярлаудағы білім берудің рөлі талқыланады. Ұзақ мерзімді перспективада Innotech көпкампусты экожүйені дамытуды, соның ішінде Ғылым қалашығында жаңа кампус құруды және 2036 жылға қарай 10 000-нан астам студентті тартуды жоспарлап отыр.

Осылайша, Innotech университетінің іске қосылуы Қазақстандағы халықаралық білім беруді дамытуда жаңа кезең ашып, Алматының өңірдегі негізгі білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайта түседі.

Айта кетейік, Алматыда шетелдік студенттер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 45%-дан астамға өсті. Осылайша, Алматы халықаралық студенттік орталық мәртебесін тұрақты түрде нығайтып, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін студенттер үшін тартымды қалаға айналуда. Шетелдік жастар тарапынан қызығушылықтың артуы мегаполис жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік студенттер санының айтарлықтай өсуімен дәлелденеді.

«Тек соңғы бір жылдың ішінде шетелдік студенттер саны 45%-дан астамға өсті. Қазіргі таңда қалада 17,1 мың шетелдік студент білім алуда, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 5,5 мың адамға көп. Біз жоғары оқу орындарымыздың әлемдік рейтингтердегі орнын нығайтып, халықаралық бағдарламаларды дамытып, жоғары сапалы заманауи білім беру ортасын қалыптастырып отырғанын мақтан тұтамыз. Бұл Алматыны әлемнің әр түкпірінен келген студенттер үшін ерекше тартымды етеді», — деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы.

Көрсеткіштердің тұрақты өсуі жергілікті атқарушы органдар жүргізіп отырған жүйелі саясатпен түсіндіріледі. Бүгінде Алматы — жастар қаласы. Мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 712,3 мыңнан астам адам тұрады, бұл қала халқының жалпы санының 32%-ын құрайды. Қаладағы 35 жоғары оқу орнында 231 мың студент білім алады, оның 131 мыңы — өзге өңірлерден келген жастар. Шетелдік студенттердің жалпы саны 17 093 адамды құрайды.

Қала билігі қазақстандық және шетелдік студенттердің бейімделуі үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отыр. Тәлімгерлік және менторлық бағдарламалар іске асырылуда, студенттік ортаға интеграциялануға көмек көрсетілуде, білім беру, мәдени және спорттық инфрақұрылымға қолжетімділік қамтамасыз етілуде. Жақын арада Алматыда шетелдік студенттерді қолдаудың Бірыңғай орталығы жұмысын бастайды. Ол оқу және күнделікті өмірге қатысты негізгі мәселелер бойынша бағыт-бағдар беретін навигаторға айналады.

Білім беруді дамытуға кешенді көзқарас, студенттік инфрақұрылымды кеңейту және жастарды жүйелі қолдау Алматыға шетелдік студенттер санын арттырумен қатар, халықаралық студенттік орталық мәртебесін сенімді түрде нығайтуға және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

Шетелдік студенттерді тарту қаланың дамуына кешенді оң әсер ететінін атап өткен жөн. Олар тұру, тамақтану, көлік және қызмет көрсету салаларына жұмсайтын шығындары арқылы қала экономикасына қосымша қаржы ағынын қалыптастырады, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым мен сервистік ортаның дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар халықаралық студенттер контингентінің өсуі білім сапасын арттыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және қаланың білім беру әрі инвестициялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға септігін тигізеді. Шетелдік түлектер ұзақ мерзімді халықаралық байланыстар қалыптастырып, Қазақстанның жаһандық деңгейдегі имиджін ілгерілетуге үлес қосады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары