Ақтаудағы №25 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары қазақтың көне қуыршақ өнері мен күйшілік дәстүрін ұштастырып, Маңғыстау өңірінде баламасы жоқ ерекше жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Музыка пәнінің мұғалімі, күйші Серік Абдуллаев пен технология (еңбек) пәнінің мұғалімі Алмат Тубакулов бірлесіп, домбырамен үндесетін қозғалмалы «Ортеке» мүсінін жасап шықты.
Бұл туындының ерекшелігі – күйші домбыраны тартқан кезде, аспаптың үстіне бекітілген киік мүсіні музыка ырғағымен бірге билейді. Осылайша, көнеден келе жатқан, бірақ бүгінде сирек кездесетін «Ортеке» өнері мектеп қабырғасында қайта жанданды. Жоба авторы Серік Абдуллаевтың айтуынша, бұл идея оқушылардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында туған.
«Домбыраға деген құштарлығым 4-5 сыныпта басталып, әкемнің жолын қудым. Бүгінде филармония оркестрінде күйші бола жүріп, осы өнерді балалардың санасына қалай сіңірсем екен деген ойда жүрген едім. Мектеп бағдарламасында «Ортеке» тақырыбы бар, бірақ оны жай айтып түсіндіргеннен көрі, тірі бейнеде көрсеткен әсерлірек. Еңбек пәнінің мұғалімі Алмат Тубакуловпен ақылдаса отырып, осы қозғалмалы мүсінді жасап шықтық. Бұл – тек ойыншық емес, баланың қиялын ұштайтын, ой-өрісін дамытатын дүние. Қазір 5-сынып оқушылары осы ортекемен бірге ансамбль болып күй тартып жүр. Өзімді Маңғыстауда бұл өнерді мүсінмен орындайтын алғашқылардың бірі деп білемін», - деді Серік Абдуллаев.
Бүгінде «Ортеке» күйі тек оқушылардың ғана емес, өзге мектеп ұстаздарының да назарын аударып отыр. Көптеген әріптестері орындау техникасы мен мүсіннің жасалу жолына қызығушылық танытуда. Серік Абдуллаев бұл күйді небәрі екі күнде жаттап алып, қазіргі таңда оны көпшілік назарына ұсынып жүр.