Абай облысының әкімі Берік Уәли Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында баяндама жасады. Аймақ басшысы брифингте өңірдің қалай дамып жатқанына тоқталып, инфрақұрылымын жаңартуға, экономика өсімін жеделдетуге бағытталған стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар туралы баяндады.
Бюджет 500 млрд теңгеден асты
Биылғы 9 айда Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика байқалған. Көлік саласы – 123,4 пайызға, байланыс – 106,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 101,3 пайызға, ішкі сауда – 105,9 пайызға, ауыл шаруашылығы – 102,8 пайызға, инвестиция тарту 103,1 пайызға өскен. 159,9 мың шаршы метр жаңа баспана пайдалануға берілген.
Облыс әкімінің сөзінше, өңірдің тарихи әлеуетін, тың мүмкіндіктері мен көлік-логистика саласындағы потенциалын ескеріп, облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында талдау жасалған.
– Облыс дамуының кешенді негізгі бағыттары айқындалып, биыл 17 мамыр күні жергілікті тұрғындарды Өңірдің кешенді даму жоспарымен таныстырдық. Даму жоспарының негізгі бағыттары мыналар: Семей қаласының инфрақұрылымын дамыту үшін якорлық жоба ретінде жаңа шағын аудан құрылысын салу; инвесторларға жағдай жасау, экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсімді арттыру үшін индустриалдық аймақтың көлемін ұлғайту; туризмді дамыту; ауыл шаруашылығын дамыту. Бұл – аймақ үшін үлкен бетбұрыс, жүйелі жоспар және межелі міндет, – деді Берік Уәли.
Мемлекеттік бюджетке облыстан 441,4 млрд теңге салық пен міндетті төлемдер түсіпті. Оның ішінде республикалық бюджетке – 316,7 млрд, жергілікті бюджетке – 124,7 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда 137,3 пайыз өсім байқалған.
Осылайша, Абай облысы құрылған кезде бюджеттің жалпы көлемі 251,3 млрд теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 2 есе өсіп, 500,9 млрд теңгеге жетті.
Инвестиция саласында да серпін бар
Өңірде бизнесті қолдау және инвестиция тарту шаралары қабылданып жатыр. Жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін өсті, ал тартылатын инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін өсті. Оның ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Ірі инвестициялық жобалардың бірі – көлемі 577,5 млрд теңгені құрайтын жалпы ұзындығы – 297 шақырым «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Бұл – өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беретін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған үлкен жоба. Мердігер ұйым – China Harbour Engineering Company. 10,5 мың га жер учаскесі резервке қойылған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілді, 2023 жылы іске асыру басталды. Қазіргі уақытта жобаға 30 млрд теңге инвестиция салынды. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласында Түркияның Miryildiz Kz Ltd. компаниясы жалпы құны 480 млн АҚШ доллары болатын «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын іске асыруды бастады. Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 453 жұмыс орнын құрумен 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінге 13,3 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды, 124 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін құны 12,6 млрд теңгелік 255 жұмыс орнын құруды көздейтін тағы 7 жобаны іске асыру жоспарда бар.
Сонымен қатар өңірден шыққан елге танымал тұлғалардың, кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумда 336 млрд теңгеге маңызды 15 келісімге қол жеткізілген. Оның ішінде жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске асырыла бастаған.
– Инвестиция тарту және өңірдің жаңа өнеркәсіптік базасын қалыптастыру мәселесіне тоқталатын болсақ. Аумағы 96 гектар «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаға жер беріліп, толыққанды игерілді. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы индустриялық аумақты кеңейту қажеттілігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында 500 га жер бөлуді жоспарладық. Бұл жобаны іске асыру инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, – деді өңір басшысы.
Ет комбинаты салынады
Аймақтағы туризм саласын үйлестіретін арнайы басқарма құрылған. Басты жобалардың бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазір құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде. Сонымен қатар қытайлық компаниялар «Сан Бао», «Ванджан» және «Жудинг груп» Алакөл туристік аймағында жалпы алаңы 40 га тез құрылатын 100 шағын қонақүйлердің құрылысы жоспарланды.
Ауыл шаруашылығы саласында 9 айдың қорытындысы бойынша 339,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Су саласында 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 6 су қоймасы салынып, 10 гидротехникалық нысан мен 17 ирригациялық жүйе жаңартылмақ.
Абай облысының Жаңасемей ауданында «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін 7,7 млрд теңгеге жылына 11,4 мың тонна шығарылатын ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр. Кәсіпорын 2026 жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Абай облысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықты жылумен қамтамасыз ету. Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсатқа 11,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілері ауыстырылыпты.
Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай облысында 33 жоба іске асырылып жатыр. Семейде төрт жолақты жаңа көпір салынбақ. Жол жөндеуге биыл 21,4 млрд теңге қарастырылған, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтеді.
Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысқа бір нысаннан салып бермек. Ұзындығы 297,5 шақырым болатын «Бақты-Аягөз» темір жолының құрылысы басталды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста биыл 4 мектеп ашылды. Қазір Семей қаласындағы Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасып жатыр. 2024 жылы өңір бойынша 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілген.