Ақтауда 45 литрлік газ баллоны орнатылған көлік өртеніп кетті

/
Ақтауда 45 литрлік газ баллоны орнатылған көлік өртеніп кетті
instagram.com/112_aktau

Ақтау қаласында Hyundai Tucson маркалы автокөлік отқа оранып, толығымен жанып кетті. Көлік ішінде сыйымдылығы 45 литр болатын газ баллонды жабдық орнатылғаны белгілі болды, деп turkystan.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 26 қазанда Ақтау қаласының 32А шағынауданында болған. Автокөлік салынып жатқан Aqbosaga тұрғын үй кешенінің маңындағы жолда өртенген.

Өрт туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Instagram желісіндегі 112_aktau парақшасында жарияланған бейнежазбада көліктің жалынға оранғанын көруге болады.

Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, автокөліктің өртенгені туралы хабарлама сағат 13:29-да келіп түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл жеткен. Жалынды сөндіруге сегіз қызметкер мен екі арнайы техника жұмылдырылған. Құтқарушылар өртті сағат 13:40-та толық сөндірген. Алайда осы уақыт ішінде Hyundai Tucson көлігі толығымен жанып кеткен.

Төтенше жағдайлар департаменті автокөлікке сыйымдылығы 45 литр болатын газ баллонды жабдық орнатылғанын хабарлады. Әзірге өрттің нақты неден шыққаны белгісіз. Сондай-ақ оқиға кезінде көлік ішінде адамдардың болған-болмағаны және зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланбаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары