Грузияда Түркияның әскери ұшағы құлады

/
Грузияда Түркияның әскери ұшағы құлады
Видеодан алынған скриншот

Түркия мен Әзербайжан шекарасында C-130 әскери-тасымалдау ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды turkystan.kz

Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған С-130 үлгісіндегі әскери-тасымалдау ұшағы Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады. Бұл туралы Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі түрік әлеуметтік платформасы NSosyal-да жариялаған хабарламада айтылған.

«Біздің Әзербайжаннан Түркияға ұшқан C-130 әскери көлік ұшағымыз Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады. Іздеу-құтқару жұмыстары Әзербайжан мен Грузия биліктерімен үйлестіріліп басталды», – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, апатқа ұшыраған ұшақ бортында 20 адам, соның ішінде экипаж мүшелері болған.

«Ұшақта 20 адам болған. Апат орнына іздеу-құтқару топтары жіберілді, жұмыстар жалғасып жатыр», – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Осы уақытта Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған урбанистика жөніндегі саммитке қатысып жатқан. Жағдайдан хабардар болған соң, ол саммит қатысушыларына үндеу жасады:

«Бүгін бізге ауыр хабар жетті – Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған C-130 әскери ұшағы Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады. Ұшақ сынықтарын іздеу жұмыстары осы елдердің билігімен үйлестіріліп жүргізілуде. Бұл апаттың шығыны аз боларына үміттенеміз. Қайтыс болғандарға Алла рақым етсін», – деді Ердоған.

Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Грузияның сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен телефон арқылы сөйлесіп, іздеу-құтқару жұмыстары жайлы ақпарат алмасты.

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі құтқару жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанын растады.

Президент әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран да мәлімдеме жасады:

«Бүгін түсте орын алған апаттан кейін бірден іздеу-құтқару жұмыстары басталды. Қоғамды дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында тек ресми мәліметтерге сүйену қажет. Расталмаған ақпарат таратпауды сұраймыз», – деді ол.

Сондай-ақ, Түркияның ішкі істер министрі Али Ерлікая Грузияның ішкі істер министрі Гека Геладземен телефон арқылы сөйлесіп, апат орнына барып, түрік халқына көңіл айтты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары