Вашингтонда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, Freedom Holding Corp. және OpenAI, Inc. компаниясы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы білім беру мен цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Келісім аясында еліміздегі педагогтерге ChatGPT-дің білім беру ұйымдарына арналған нұсқасы – ChatGPT Edu платформасын қолдану мүмкіндігі беріледі. Платформа білім беру саласында OpenAI-дың заманауи модельдеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жүйе деректер қауіпсіздігі мен құпиялылығын және әкімшілік басқаруды жоғары деңгейде қорғайды. ChatGPT Edu қызметінде деректерді талдау, құжаттарды қысқаша мазмұндау және жеке GPT-ассистенттерін құру функциялары бар. Нәтижесінде мұғалімдердің уақыты үнемделіп, әкімшілік және техникалық жұмыстары жеңілдейді.
Меморандумға сәйкес, педагогтерге 3 жылда жыл сайын кемінде 165 000 OpenAI лицензиясын беру жоспарланып отыр.
«Бүкіл әлемдегі ұстаздар әкімшілік жүктемені азайтып, уақытын оқыту мен оқушылардың дамуына арнауы үшін жасанды интеллектіні қолданып келеді. Тиісті қолдау көрсетілсе, мұғалімдер мен оқытушылар бұл құралдарды тиімді игеріп, білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалана алады. Қазақстан Үкіметімен жасалған келісім жергілікті педагогтерге ChatGPT-ні қолдануға және ЖИ-дің артықшылықтарын білім беру жүйесіне енгізуге жағдай жасайды», – дейді, OpenAI білім беру және мемлекеттік бағдарламалар GTM бағыты бойынша жетекшісі Кевин Миллс.
Аталған бастама Қазақстанның цифрлық трансформация және адами капиталды дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясын қолдай отырып, педагогтерге озық халықаралық технологияларға қол жеткізуге жол ашады. Келісімді іске асыру инновациялық ойлау, сыни талдау және креативтілік дағдыларын дамытуға, сондай-ақ педагогтердің цифрлық құзыреттерін нығайтуға ықпал етеді.