Батыс Қазақстан облысында «Браконьер» іс-шарасы кезінде заңсыз балық аулау фактілері анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шара барысында Орал – Атырау автожолында БҚО-ның Казталов ауданының тұрғыны тізгіндеген Toyota Camry автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде көліктің жүк салғышынан өзен шаяндары салынған 10 қап табылып, олардың тиісті рұқсат құжаттары болмағаны анықталды.
Сондай-ақ Орал қаласында жүргізілген тағы бір рейд барысында полиция қызметкерлері Lada Granta автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің ішінен тиісті құжаттарсыз түрлі тұқымды — шортан, табан және сазан балықтары салынған үш қап тәркіленді.
Аталған деректер бойынша қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, балық және басқа да су биоресурстарын заңсыз аулау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        