ҚазҰУ оқытушылары жаңа Конституцияның құқықтық маңызын саралады

ҚазҰУ оқытушылары жаңа Конституцияның құқықтық маңызын саралады

ҚазҰУ-да «Жаңа Конституция – жаңа Әділетті Қазақстан – демократиялық дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа қоғамдық-саяси жағдайда азаматтық қоғам институттарының дамуы ерекше маңызға ие болып отыр. Қалыптасып келе жатқан жаңа конституциялық модель азаматтық сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және түрлі қоғамдық институттардың қоғам өміріндегі рөлін жүйелі түрде күшейтуге кең мүмкіндіктер ашады. Бұл өз кезегінде мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне жағдай жасайды.

Осы мәселелерді ғылыми және сараптамалық тұрғыдан талқылау мақсатында 2026 жылғы 16 наурыз күні сағат 15:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорат ғимаратының 15-қабатында (конференция залы) арнайы ғылыми кездесу өтті.

Іс-шараның модераторлары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Дүйсенов және заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Уәлихан Ахатов болды.

Кездесу барысында алғашқы сөз сөйлеген Еркін Дүйсенов жаңа Конституцияның ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құқықтық негіз екенін айтты. Ол конституциялық реформаның мемлекет институттарын жаңғыртуға, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын ерекше атап көрсетті. Жаңа Конституция елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, құқық үстемдігі мен қоғамдық келісімді нығайтатын стратегиялық құжат екеніне назар аударды. Сонымен қатар, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қарлығаш Усеинова конституциялық реформаның ғылыми-құқықтық аспектілеріне тоқталды.

Негізгі баяндамалар барысында заң ғылымдарының докторы, профессор Дина Баймаханова, философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты Бекжан Мейірбаев және тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғұнақов жаңа Конституцияның қоғамның саяси, құқықтық және тарихи дамуы тұрғысындағы маңызын жан-жақты талдап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа конституциялық модельдің ғылыми-құқықтық, саяси және тарихи қырлары төңірегінде пікір алмасып, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара соңында қатысушылар қабылданған конституциялық өзгерістерді тиімді жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, еліміздің құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамуына бағытталған реформалардың ғылыми және қоғамдық қолдауға ие болатынына сенім білдірді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары