Ақтөбеде, Әбілхайыр хан даңғылында ірі жол-көлік оқиғасы болды. 2005 жылы туған такси жүргізушісі Chevrolet автокөлігін басқарып келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 8 жастағы қыз баланы қағып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Оқиға 25 қазанға қараған түні болған. Қызды қағып кеткеннен кейін жүргізуші көлікті басқара алмай, тағы үш машинаға соғылған», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Қыз бала бас миының шайқалуы мен сүйек сынықтарымен ауруханаға жеткізілді.
«Балақайдың жағдайы өте ауыр, ол реанимация бөлімінде, дәрігерлердің тұрақты бақылауында», – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Жүргізушінің өзі де жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
«Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері жүргізушілерді жаяу жүргінші өткелдерінде, әсіресе түнгі уақытта барынша сақ болуға, ал жаяу жүргіншілерді жолға шығар алдында көліктердің толық тоқтағанына көз жеткізуге шақырды.