Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президентімен кездесті

/
Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президентімен кездесті
Akorda

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Баньканы қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік спорттағы допинг проблемасымен күресетін жаһандық институт ретінде негізгі рөл атқаратынына назар аударды. Сондай-ақ Витольд Баньканың Астанаға сапары Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды қадам саналатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі түрде тәртіп бұзушылармен күресу және таза спорттың бірыңғай стандарттарын қолдау мәселесіндегі агенттіктің берік ұстанымына жоғары баға берді. Бұл спортшыларға ғана емес, әлемдегі миллиондаған жанкүйер үшін де өте өзекті.

Бүгінде Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі жанынан допингке қарсы сынамалар зертханасы жұмыс істейді. Бұл – Орталық Азиядағы осы тектес жалғыз мекеме. Зертхана базасында Өңірлік допингке қарсы ұйым қызмет етеді. Оның құрамына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Пәкістан, Моңғолия және Ауғанстан секілді елдер кіреді.

WADA президенті Қазақстанның агенттік бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің спорт құрылымдарымен ықпалдастық деңгейі жоғары екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Витольд Банька ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыру, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің жауапты әрі сенімді серіктесі ретіндегі Қазақстанның мәртебесін одан әрі нығайту ниетін растады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары