Мемлекет басшысы: Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі

/
Мемлекет басшысы: Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі
Akorda

Бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болды. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Бұл туралы Президент Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болды. Қазір ел ішінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пікірлер айтылуда. Басым көпшілігі мұны «әбден пісіп-жетілген мәселе» деп санайды. Тіпті, «Халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар.

Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны – жақсы үдеріс.

Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгеретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады.

Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады.

Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек.

Сондықтан алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірімді білдіргім келеді», – деді Қ. Тоқаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары