№4 Дания

/
№4 Дания
сурет: istockphoto.com

Дания әлемдегі ең бәсекеге қабілетті экономикалардың бірі ретінде 2025 жылы да өз орнынан тайған жоқ. Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) жариялаған 2025 жылғы Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Дания 69 елдің ішінде 4-орынды иеленді, ал Еуроодақ елдері арасында 1-орында тұр. Бұл нәтиже өткен жылмен салыстырғанда ұпайдың сәл жақсаруымен елдің инвестиция және бизнес жүргізуге қолайлы мекен екенін қайта растады. 

Шамамен 6 миллион халқы бар скандинавиялық мемлекет экономи­калық тұрақтылықты, әлеуметтік әл-ауқатты және инновациялық дамуды үйлестіре отырып бәсекеге қабілетті елге айналды. Айта кетейік, аталған рейтинг ұлттық экономикаларды төрт негізгі өлшем бойынша бағалайды: экономика көрсеткіштері, үкімет тиімділігі, бизнес ортасы жә­не инфрақұрылым. Дания бұл бағыттардың көбінде үздік көр­сеткіштерге ие. Ендеше, Данияның бәсекеге қабілеттілігінің негізгі фак­тор­лары мен алда тұрған сын-қатерлерін жан-жақ­­­­ты саралап көрелік.

Экономика көрсеткіштері

Дания экономикасы кейінгі жылдары тұрақты әрі се­німді өсім көрсетіп келеді. 2024 жылы елдің жалпы іш­кі өнімі шамамен 2 пайызға өс­кені байқалды, бұл пан­демиядан кейінгі қалпына келудің қалыпты жал­­ға­сы және Еуропа деңгейіндегі жақсы көрсеткіш. Инф­ляция деңгейі 2022 жылғы энергия бағаларының се­кірісінен кейін біртіндеп төмендеп, 2024 жылдың соңы­на қарай жылдық 1,8 пайызы шамасында тұрақ­та­ды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 70 мың АҚШ дол­ларынан асқан, бұл Дания аза­маттарының өмір сүру деңгейінің қаншалықты жоғары екенін көр­сетеді. 
Экспортқа бағытталған ашық экономикасы ар­қасында елдің сыртқы саудасы да қарқынды: тауарлар мен қызметтердің экспорты экономикаға елеулі үлес қо­сып, төлем балансы тұрақты профицитпен си­пат­тала­ды. Мұн­дай макроэкономикалық ахуал Данияның жал­пы экономикалық өнім­ділік көрсеткіштерін әлем­де алдыңғы қатарда ұстауға мүмкіндік беріп отыр. 

IMD деректері бойынша, 2025 жылы Дания­ның экономикалық тиімділік (Economic Performance) факторы бойынша рей­­­­тингі едәуір жақсарған – бұл санатта ел 22-орыннан 15-орынға көтерілді. Мұндай іл­герілеуге халықаралық инвестиция ағым­дарының артуы айрықша ықпал етті: ше-т­елге шығарылатын тікелей инвестициялар және шетелден келетін инвестициялар кө­лемі айтарлықтай өсіп, елдің жаһандық ка­питал қозғалыстарын тиімді пайдаланып отыр­ғанын көрсетті. Дегенмен экономика құ­рылымында шешімін қажет ететін мә­селелер де бар. Еңбек нарығы тарапында соң­ғы деректер жұмыссыздықтың сәл өс­кенін байқатты: жалпы жұмыссыздық дең­гейі шамамен 6 пайыз шамасына жетсе, жас­тар арасындағы жұмыссыздық 14 пайыз­дан асып отыр. Бұл көрсеткіштер Да­ния үшін әдеттен тыс жоғары деп са­на­лады және жұмыс орындарын құру, жас буын­ды еңбекке тарту бағытында күш-жігер­ді арттыру қажет екенін аңғартады. Яғни, алдағы уақытта экономикалық өсім­нің жалғасуы еңбек нарығындағы осы қиын­дықтарды еңсеруге, халықты толық жұ­мыспен қамтуға және өнімділікті одан әрі жоғарылатуға тікелей байланысты бол­мақ.

Үкімет

Данияның бәсекеге деген қабілеті көп жағдайда мемлекеттік басқару жүйесінің тиім­ділігімен тығыз байланысты. Ел үкі­ме­ті экономикаға тұрақты және болжанатын жағ­дай жасап, заң үстемдігін, айқын ере­же­лер мен сыбайлас жемқорлықтың ең тө­менгі деңгейін ұстап келеді. Мемлекеттік қар­жының жағдайы да бірқалыпты: 2024 жы­лы Данияның бюджеті ЖІӨ-ге шаққанда 4,5 пайыз профицит көрсетті, ал мемле­кет­тік қарыз деңгейі небәрі 31 пайыз болып, көп­теген дамыған елден әлдеқайда төмен тұр. Бұл сақ қазына саясаты сыртқы күй­зе­лістерге төтеп беру қабілетін күшейтеді. 
IMD рейтингінде Дания үкімет тиім­ділігі (Government Efficiency) бойынша әлем­­­дегі ең жоғары орындардың бірін ие­ле­ніп, осы фактордың ішінде бірнеше көр­сет­кіште көшбасшы болды. 
Атап айтқанда, қоғамдық қаржының беріктігі бойынша Дания алғашқы бестікке кі­реді, ал мемлекеттік институттардың са­­пасы (институционалдық құрылым) бойын­ша 3-орында. Бұл көрсеткіштер бас­қару тиімділігін ғана емес, жалпы қоғам­ның үкіметке деген сенім деңгейін де біл­діреді.
Институционалдық сапа мен әлеу­меттік саясаттағы жетістіктер ерекше атап өтуге тұрарлық. Данияда қабылданатын ше­­­­шімдер ашықтық принципіне негіз­дел­ген, заңдар мен ережелердің сақталуы қа­таң қадағаланады, ал сот жүйесі әділ әрі тәуел­сіз. 
Халықаралық зерттеулер бойынша Дания – әлемдегі жемқорлық ең аз жай­ла­ған елдің бірі, бұл бизнеске және жал­пы қо­ғамға қолайлы орта қалып­тас­тыра­ды. Сонымен қатар қоғамдық теңдік жә­не бірлік деңгейі де жоғары: табыстың қай­та үлестірілуі, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру жүйесі және білім мен медицинаға қол­жетімділік көрсеткіштері бойынша Дания үздік үлгі саналады. 
IMD сарапшылары Данияның ақпарат құ­ралдарының объективтілігі бойынша әлем­­де 1-орында, баспасөз еркіндігі бойын­ша 2-орында екенін, сондай-ақ құқық үс­тем­дігі мен демократия индексі көрсет­кіш­тері өте жоғары екенін атап өткен. Бұл фак­т­орлар елдегі саяси тұрақтылық пен әлеу­меттік келісімнің мызғымас негізін құрайды. Азаматтар мен бизнестің мем­лекеттік институттарға деген сенімі жо­ғарғы деңгейде болуы Данияның ұзақмер­зім­ді даму жолында маңызды рөл атқарады. Үкі­меттің тиімділігі экономикалық сая­сат­тың болжамдылығымен және бизнесті қол­дауымен өлшенеді. Бұл тұрғыда дат би­лігі кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағ­дай жасауға тырысады. 
Реттеуші ортаның сапасы бойынша Дания әлемде алдыңғы орындардың бірін алады – бизнеске қатысты заңнамалар оңтай­лы, әкімшілік рәсімдер мүмкіндігінше жеңілдетілген. Кәсіпорын ашу, келісім-шарт­тарды қорғау, инвесторлардың құ­қық­тарын сақтау көрсеткіштері жоғары. Да­нияда жеке сектор мен мемлекет ара­сын­дағы қоғамдық-жекеменшік серік­тес­тік мәдениеті қалыптасқан: үкімет биз­нес­тің үнін естуге және бірге жұмыс істеуге бейіл, бұл экономикалық шешімдердің тиім­ділігін арттырады. 
Дегенмен мемлекеттің экономикалық мо­делінде кейбір қиын таңдау бар. Әлеу­мет­тік қамсыздандырудың жоғары дең­гейін ұстап тұру үшін Данияда салық жүк­­­­темесі едәуір жоғары: жалпы салық түсімдері ЖІӨ-нің шамамен 44 пайызына тең, ал же­ке табыс пен пайдаға салынатын тікелей са­лықтар ЖІӨ-нің 25 пайызына жуық. Са­л­ыстырмалы түрде бұл – дүниежүзіндегі ең жоғары салық деңгейлерінің бірі. Мұн­дай ауыр салықтық жүктемесі бір жағынан ау­қымды әлеуметтік шығындарды қаржы­лан­дыруға мүмкіндік берсе, екінші жағы­нан бизнес үшін белгілі бір шектеу тудыруы мүмкін. Инвесторлар үшін салықтың жо­ғары болуы табыстылықты төмендетіп, кей­бір компаниялардың инновацияға де­ген құлшынысын бәсеңдетеді деген пікір­лер де жоқ емес.
Алдағы уақытта үкіметке экономи­ка­лық өсім мен әлеуметтік мемлекеттің ара­сын­дағы тепе-теңдікті сақтап, салық сая­са­тында бизнестің бәсекеге қабілеттілігін де ескеру маңызды болмақ.

Бизнес 

Данияның бәсекеге қабілеттілік рей­тингіндегі ең мықты тұсы – бизнес ортасы жә­не жалпы іскерлік тиімділік деңгейі. IMD зерттеуіне сәйкес Дания бизнес тиімділігі (Business Efficiency) факторы бойынша 69 елдің ішінде 1-орынды сенімді иеленіп отыр. Бұл көрсеткіш елдегі компания­лар­дың өнімділігі, менеджмент сапасы және жұ­мыс күші әлеуеті бойынша әлемдегі көш­­­­­басшы екенін білдіреді. 
Дат кәсіпорындарының еңбек өнім­ділігі өте жоғары: бір қызметкердің өндір­ген ЖІӨ көлемі (сатып алу қабілетінің па­ритеті бойынша) шамамен 142 мың АҚШ дол­лары­на жетеді, бұл әлемде 13-орын­ға сәйкес ке­леді. Басқару тәжі­ри­бе­лері мен корпора­тивтік мәдениет тұрғы­сы­нан да Дания үз­дік­тер қатарында: ме­нед­жмент тиімділігі жә­не бизнес процес­терді ұйымдастыру са­пасы бойынша әлем­де 2-орында. Дат бас­шы­ларының нарық жағдайының өзгеруіне икемді бейімделуі, ірі деректер мен ана­ли­тиканы бизнесте пайдалану деңгейі, сон­дай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты өлшемдер бойынша жүргізілген сауалнамаларда Дания компаниялары ең жоғарғы балдарға ие болған. Бұл нәтижелер Даниядағы корпоративтік басқару дең­гейі­нің озықтығын және жаңашылдыққа бейім­ділігін көрсетеді. Елдің еңбек нарығы да бизнес тиімділігінің жоғары болуына не­гіз қалайды.
Қызметкерлердің біліктілігі мен кәсіби даярлығы жоғары деңгейде, жұмыс күшінің басым бөлігі ағылшын тілін жетік меңгер­ген және заманауи дағдыларды орынды пайдаланады. Дания өзінің ерекше «икемді қауіпсіздік» (flexicurity) үлгісімен танымал: бұл модель бойынша жұмыс берушілерге еңбек заңнамасы аясында қызметкерлерді жалдау және босату икемділігі берілген, ал мемлекет тарапынан жұмысынан айырыл­ған азаматтарды қолдау және қайта оқыту кепілдігі бар. Мұндай жүйе еңбек нарығын бір жағынан динамикалы әрі бәсекеге қа­білетті, екінші жағынан әлеуметтік тұр­ғы­да қорғалған. Нәтижесінде, компаниялар өз­гермелі экономикалық жағдайларға жыл­дам бейімделе алады, ал жұмыскерлер жаңа жұмыс табуға немесе біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. 
Кәсіподақтар мен жұмыс берушілер­дің өзара түсіністігі де жоғары, ең­бек даулары сирек және консенсус ар­қы­лы шешіледі. Осындай үйлесімді еңбек қа­тынастары жалпы экономикалық тиім­ділікке оң ықпал етеді. Данияның іскерлік ор­тасы шетелдік және жергілікті инвес­тор­лар үшін тартымды фактор саналады. Рет­теуші климат ашық әрі болжамды: биз­нес бастау немесе жүргізу үшін әкім­ші­лік рәсімдер барынша жеңілдетілген, бю­рок­ратиялық кедергілер минималды дең­гейде. Кәсіпорын тіркеу, несие алу, меншік құқы­ғын қорғау сияқты индикаторлар бойын­ша Дания әлемдегі ең қолайлы ай­мақ­тардың бірі саналады. Дат заңнамасы компанияларға тең мүмкіндік беріп, әділ бә­секелестікті қолдайды; монополияға қар­сы реттеу, келісімшартты орындау және ин­весторларды қорғау салаларында да ел көрсеткіштері өте жоғары. 
Цифрландыру деңгейі де бизнеске үл­кен жеңілдік әкеледі: Данияда кәсіпкер­лік­тің көптеген қыры автоматтандырылған және электронды үкімет жүйесі арқылы жү­зеге асады. Мысалы, салық деклара­ция­сын тапсыру, рұқсат құжаттарын алу, ста­тис­тика өткізу секілді процестер онлайн ре­жимде тиімді орындалады. Иннова­ция­лық экожүйе тұрғысынан да Дания үздік­тер қатарында: жаңа технологиялар, стар­таптар мен зерттеулер мемлекет тарапынан ынта­ландырылып, жан-жақты қолдау та­бады. 
Копенгаген мен басқа да ірі қала­лар­да ақпараттық технологиялар, таза энергия, өмір ғылымдары сияқты салаларда қарқынды дамып келе жатқан стартап-хаб­тар бар. Бұл бизнес ортаның серпінді әрі бо­лашаққа бейім екенін көрсетеді. Алайда Да­нияның бизнес ортасының ерекше­лік­тері кейде шығындар құрылымының жо­ғары­лығымен көлеңкеленеді. Елде жұмыс кү­ші өте қымбат: орташа еңбекақы мөл­шері сағатына 52 АҚШ доллары болады, бұл көрсеткіш бойынша Дания әлемде ең жоғары деңгейді ұстап тұрған елдердің бірі. Сондай-ақ аптасының ұзақтығы қысқа, қызметкерлер жылына орта есеппен 1 380 сағат шамасында жұмыс істейді, бұл өзге бәсекелес елдерден аз. Жоғары жалақы мен қысқа жұмыс уақыты компаниялар үшін еңбек шығындарын арттырады. 
Оған қоса, Данияда жалпы өмір сүру құны өте жоғары: тұрғын үй, коммуналдық қыз­меттер, азық-түлік және басқа да тауар­лар бағасы бойынша Копенгаген әлемнің ең қымбат қалаларының қатарында. Энер­гия ресурстарына (мысалы, жанармай ба­ға­с­ы) және басқа да өндірістік шығындарға ба­ға жоғары. Бұл факторлар ішкі нарық­тағы бизнесті жүргізу құнын өсіріп, әсіресе экспортқа жұмыс істейтін кәсіп­орын­дар­дың бәсекелестік артықшылығына салмақ тү­сіреді. Салықтар жөнінде де бұрын ай­тыл­ғандай, компаниялар мен инвесторлар үшін салықтық ставка деңгейі елеулі фак­тор – корпоративтік салықтың номиналды мөл­шерлемесі 22 пайыз болса, жанама са­лықтар мен әлеуметтік төлемдер қосыл­ғанда жалпы жүктеме артады.
Дегенмен дат бизнесі осы шығындарды өтеу үшін өнімділікті үздіксіз арттыруға, ин­новация енгізуге және жоғары қосымша құн жасауға көңіл бөледі. Көптеген ком­па­ния жоғары сапалы, бірегей өнімдер мен қыз­меттер ұсыну арқылы баға бәсе­ке­лес­тігі­нен гөрі инновация мен дизайнға сүйе­нетін стратегия ұстанады. Бұл оларға қым­бат ортаға қарамастан жаһандық на­рықта табысқа жетуге мүмкіндік береді. Қо­рыта айтқанда, Дания бизнес ортасы тиім­ді менеджмент пен әлеуметтік жауап­кер­шілікті ұштастыра отырып, жоғары шы­ғындар жағдайында да бәсекеге қабі­лет­тіліктің үлгілі моделін көрсетіп отыр.

Инфрақұрылым

Экономикалық өркендеудің тағы бір тірегі – дамыған инфрақұрылым. Бұл тұрғыда Данияның жағдайы өте жақ­сы: IMD есебінде ел инфрақұрылым сапасы бойынша әлемде 2-орынды алады. Ма­те­риал­дық және технологиялық инфра­құры­лымның заманауи деңгейі бизнеске де, қоғам өміріне де қолайлылық туғызады. Ең ал­дымен, Данияның цифрлық инфра­құры­лымы ерекше атап өтуге лайық: ел бойынша кең жолақты интернетке қолжетімділік 100 пайызға жуық, байланыс желілері жыл­дам әрі тұрақты. Мемлекеттік қызметтердің ба­сым бөлігі онлайн режімде қолжетімді – электронды үкімет жүйесі әлемдегі ең тиім­ділердің бірі. Халықтың цифрлық сауат­тылығы жоғары, бұл экономикадағы циф­рландыру үрдісін жеделдетіп отыр. 
Технологиялық инфрақұрылым суб­факторы бойынша Дания әлемде 2-орында аталуы осының дәлелі. Цифрлық техноло-гияларға негізделген инновациялар (фин-тех, электроника, робототехника жә­не т.б.) дамуға үлкен үлес қосуда, ал олар­дың behind-the-scenes қолдайтын инф­ра­құрылым, деректер орталықтары, мобильді байланыс, бұлттық қызметтер – бәрі жо­ғары халы-қаралық стандарттарға сай. 
Ғылыми-зерттеу және білім беру ин- ф­рақұрылымы да Данияның басымдығы са­налады. Елдегі мектеп білімінің сапасы мен қолжетімділігі өте жоғары: оқу­шы­лар­дың білім деңгейі бойынша халықаралық PISA тестілерінде Дания оқушылары тұрақ­ты түрде жоғарғы балл жинайды. Мемлекет ЖІӨ-нің едәуір бөлігін білім беру саласына жұмсайды, бұл инвестиция болашақта жо­ғары білікті жұмыс күшін қамтамасыз ете­ді. Жоғары оқу орындары мен кәсіптік бі­лім беру жүйесі еңбек нарығының қа­жеттіліктеріне бейімделген, инновация мен кәсіпкерлікті ынталандыратын бағ­дар­ламалар көп. 
Университеттер мен зерттеу орта­лық­тары іргелі және қолданбалы ғылыммен ай­­налысып, халықаралық деңгейде та­ны­мал жаңалықтар мен стартаптардың шы­ғуына ұйытқы болуда. Мысалы, Ко­пен­гаген университеті, Техникалық университет сияқ­ты мекемелер Еуропадағы ғылыми же­текші орталықтар қатарында. IMD рей­тингі бойынша білім беру және ғылым инф­рақұрылымы көрсеткіштері бойынша Да­ния дүние жүзінде 4-орын деңгейінде. Бұл елдегі инфрақұрылымның келешекке бағытталғанын және адами капиталдың да­муына зор көңіл бөлінетінін білдіреді. 
Денсаулық сақтау және экология сала­сындағы инфрақұрылымды да ерекше айту қажет. Данияның медицина жүйесі универ­салды және тиімді: жан басына шаққандағы денсаулық сақтау шығындары әлемдегі ең жоғары деңгейлердің бірі болғанымен, бұл қаражаттың қайтарымы да мол – тұр­ғын­дардың денсаулық көрсеткіштері өте жақ­сы, орташа өмір сүру ұзақтығы жоғары (81 жас), өзге де маңызды индикаторлар бойын­ша Дания үздік нәтижелерге ие. Ауруханалар мен клиникалар заманауи жаб­дықталғaн, білікті медициналық кадр­лар жетерлік, ал медицина қызметтері бар­лық азаматтарға қолжетімді. Денсаулық сақ­тау және қоршаған орта субфакторы бойынша Дания әлемде 4-орында орын алуы­на осы жайттар әсер етеді. 
Экология инфрақұрылымы мен тұрақ­ты даму бағытында да Дания көш бастап тұр: ел парниктік газдар шығарылымын азайту, жаңартылатын энергияны ендіру бойынша халықаралық келісімдердің белсенді қатысушысы әрі орындаушысы. Қазір Дания өзінің энергия тұтыну балан­сында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін айтарлықтай ұлғайтқан. Ресми дерек­терге сәйкес, еліміздің соңғы жылдар­дағы жалпы энергия тұтынуында жаңарты­латын көздер (жел, күн, биомасса) 50 пайыз­ға жуық үлеске ие. Әсіресе, жел энер­­гетикасы дамыған: жаһандық жел тур­биналарын өндіруші Vestas сияқты ком­паниялардың отаны саналатын Дания жел­ден электр өндірісі бойынша әлемде ж­етекші орындардың бірін алады. 2024 жы­лы елдің электр энергиясының шама­мен 60-70 пайызы жел және күн көздерінен өндірілген. Бұл климаттың өзгеруіне қарсы күресте Данияны алдыңғы сапқа шығарып, со­нымен қатар энергия импортына тәуел­ділікті азайтуда. 
Экологиялық таза көлік инфра­құры­лы­мы да назар аударарлық: қалаларда электр автобустар, кең таралған велосипед жол­­дары, теміржол желісі тиімді жұмыс іс­­тейді. Копенгаген сияқты қалалар тұрақ­ты қалалық көлік үлгісін көрсетіп отыр (қа­ла тұрғындарының жартысынан аста­мы жұмысына велосипедпен барады). Кө­лік және логистика инфрақұрылымы жағы да өте қарқынды дамыған: Данияның Еу­ро­па ортасындағы ыңғайлы орналасуы оны сауда жолдарының торабында ұс­тай­ды, порттары заманауи (Маерск сияқты әлем­дік контейнерлік тасымал компаниясы Данияда орналасқан), автомобиль және те­міржол жолдары Скандинавияны Орта­лық Еуропамен байланыстырады. Осындай жан-жақты дамыған инфрақұрылым ке­шені Дания экономикасының бәсекеге қа­білеттілігінің негізін құрайды. Ол бір жа­ғынан бизнестің тиімді жұмыс істеуіне жағ­дай жасаса, екінші жағынан халықтың өмір сапасын арттырып, адами капиталдың дамуына септігін тигізеді.

Сын-қатерлер

Жетістіктеріне қарамастан, елдің бә­се­кеге қабілеттілігін болашақта сақтап, одан әрі нығайту үшін назар аударатын бірқатар сын-қатерлер де бар. Сарапшылар алдағы ке­зеңде төмендегі мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек екенін айтады:
Кейінгі мәліметтер көрсеткендей, жұ­мыссыздық деңгейінің өсуі еңбек нары­ғын­да жаңа саясат қажеттігін аңғартады. Жас ұрпақ­ты жұмыспен қамту, олардың бі­лік­тілігін нарық сұранысына сай дамыту жә­не ұзақмерзімді жұмыс орындарын құру – бас­ты міндеттердің бірі. Егер бұл түйткіл ше­шіл­месе, уақыт өте келе экономикалық өсім қарқынына және әлеуметтік тұрақ­тылыққа кері әсер етуі мүмкін.
Даниядағы өмір сүру мен бизнес жүр­гізудің қымбаттығы – екі ұшты мәселе. Бір жа­ғынан, жоғары жалақылар мен өмір са­пасы ел азаматтары үшін жақсы, алайда екінші жағынан, бизнестің операциялық шығындары да пропорционалды түрде өсе­ді. Еңбекақының аса жоғарылығы, энер­гия мен логистика құнының қымбаттығы отандық компаниялардың өнімдерін ше-т­ел­дік бәсекелестермен бағалық салыс­тыру­да қиындықтарға ұрындыруы мүмкін. Ал­дағы уақытта Дания кәсіпорындары үшін өнімділік өсімін шығындар өсімінен тұ­рақты түрде жоғары ұстау – өмірлік маңы­зы бар міндет. Бұл үшін инновация­лар­ды ендіру, автоматтандыруды күшейту және еңбек тиімділігін арттыру шараларын үздіксіз жалғастыру қажет болады.
Жоғары салықтар мен алымдар елдің әлеу­меттік моделін қаржыландыруда аса маңызды рөл атқарғанымен, олардың биз­неске ықпалын да ескеру керек. Корпо­ра­тивтік және табыс салықтарының ауырт­па­лығы ұзақ мерзімде жеке сектордың инвес­тиция салуға, жаңа кәсіпорын ашуға деген ынтасын азайтуы ықтимал. Кейбір шетелдік инвесторлар жоғары салықтар се­бебінен Дания нарығына кіруге сақтық­пен қарауы мүмкін немесе жергілікті кә­сіпкерлер бизнесін кеңейтуде сақ болып қалуы ғажап емес. Сондықтан сын-қа­тер­лердің бірі – салық саясатын эко­но­ми­ка­лық өсімді ынталандыратындай етіп же­тілдіру, әсіресе шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық стартаптарға тү­се­тін салықтық ауыртпалықты жеңілдету жол­дарын қарастыру. Инновациялар мен жаңа салаларды дамыту үшін тартымды са­лықтық жеңілдіктер мен ынталандыру ме­ханизмдерін ойластыру алдыңғы жос­парға шығуы мүмкін.
Дания халқының құрылымында баяу бол­са да орын алып жатқан қартаю үрдісі ал­дағы онжылдықтарда еңбек ресурста­ры­ның қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін. Бү­гінде жұмыс күшінің белсенді бөлігі са­лыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, туу деңгейінің төмендігі және өмір ұзақты­ғының артуы нәтижесінде зейнеткерлер үле­сі ұлғайып келеді. Бұл құбылыс зей­не­т-ақы мен денсаулық сақтау шығындарын арт­тырып, жастарға түсетін салмақты кө­бейтеді. Демографиялық теңгерімді ұстап тұру үшін шетелдік жұмыс күшін тарту, жұ­мыскерлердің біліктілігін үнемі жетіл­діру және автоматтандыру арқылы өнім­ділікті көтеру маңызды болмақ. Сондай-ақ жұмыс істейтін халықтың үлесін өсіру үшін әйелдердің еңбекке қатысуын одан әрі ынталандыру, аға буынның еңбек на­рығында ұзағырақ қалуына жағдай жасау секілді шаралар да көкейкесті.
Шағын, ашық экономика ретінде Дания сыртқы нарықтардағы ахуалға тәуелді. Экспорт көлемінің ЖІӨ-ге қа­тынасы жоғары, сондықтан ғаламдық эко­номикалық баяулау, сауда тосқауыл­да­ры­ның көбеюі немесе негізгі сауда әріп­тес­теріндегі сұраныстың төмендеуі сияқты фак­торлар дат компанияларының жағ­дайы­на тез әсер етеді. Сонымен бірге, жаһан­дық геосаяси қауіп-қатерлер және жаб­дықтау тізбегіндегі іркілістер де елдің кей­бір салаларын қиындықтарға ұшыра­туы мүмкін. Бұл сын-қатерге жауап ретінде Да­ния үкіметі мен бизнесі экспорт на­рық­тарын әртараптандыру, жаңа серіктестер табу және ішкі сұранысты ынталандыру ар­қылы соққыларды жұмсартуға ұмтылуда. Экономиканың технологиялық, климат­тық өзгерістерге бейімделуі де сыртқы өз­герістерге төзімділікті арттырады. Жал­пы, ғаламдық белгісіздік жағдайында Дания өзінің икемді экономикалық саясаты мен көпжақты саудадағы белсенді позициясын сақтап, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.

Экономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығы, үкіметтің тиімді әрі ашық басқаруы, инновацияға бағытталған бизнес ортасы және әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым – осының барлығы шағын Скандинавия елін Еуропадағы ғана емес, жаһандық аренадағы көшбасшылар қатарына шығарды. Дания алдағы жылдарда да өз азаматтарының әл-ауқатын арттырумен қатар, Еуропаның экономикалық қозғаушы күштерінің бірі болып қала бермек. Бұл модель көптеген елге бәсекеге қабілетті болудың тиімді жолдары жөнінде ой салып, үлгі бола алады.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары