Мүмкіндігі шектеулі балалардың жанын жақсы түсінемін – параспортшы-мұғалім

/
Мүмкіндігі шектеулі балалардың жанын жақсы түсінемін – параспортшы-мұғалім
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін – еліміде Ұстаздар күні кең көлемде тойланып жатыр. Әлеуметтік желілерде ұстаздарын айрықша құттықтап, ыстық лебізін  жеткізіп жатқаны таспаланған видеолар жетіп артылады.  Әсіресе, биыл көп білім ордасы зейнетке шыққан қарт ұстаздарды елеп-ескеріп, арнайы кеш ұйымдастырып беруде. Кәсіби мерекеде Turkystan.kz сайтының тілшісі Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жігер Кенжеғалиевпен аз-кем сөйлескен еді. Жігер – қарапайым мұғалім ғана емес. Үшінші топ мүгедектігі болса да, жігері жасымай, әрдайым алға ұмтылып, өзі сияқты ерекшелігі бар балалардың да  үмітін оятып жүрген ұстаз. Бірнеше жылдан бері дамуы тежелген балаларды баптап, баулып, шыңдалуына үлес қосып, өзінің өмірімен үлгі көрсетіп келеді.

«1994 жылы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Қаратоғай ауылында дүниеге келдім. Ол – шағын ауыл. 11 класты сонда тәмамдап, Ақтөбедегі Жұбанов атындағы университетке «сәулет – дизайн» мамандығына оқуға түстім. Бұл мамандықты бала күнімнен қалап, өзім таңдап түскен едім. Бірінші курста оқып жүрген кезімде параспорт туралы естіп, жаттығатын жер тауып барып, пауэрлифтингпен айналыса бастадым. Спорт жаныма жақын еді. Денсаулығымда да кінәрат болды. Спортқа келуіме сол әсер етті. Бала кезімнен ДЦП диагнозым бар. Жоғары оқу орнын бітірген соң сәулетші – дизайнер болып бірнеше жерде жұмыс істедім. Бірақ ол жұмыста өзіңе уақыт аз қалады. Өз-өзіңе көңіл бөлу қиын. Сол кезде «дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығын екінші мамандық ретінде оқыдым. Сөйтіп 2024 жылдың басында осы №97 мектеп-гимназияға мұғалім болып жұмысқа орналастым», – дейді ол.

Мектептегі ұстаздық жолын бастағаннан кейін Жігер мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап өз методикасын жасап шығарған.

«Мектепте не түске дейін, не түстен кейін, яғни бір ауысым ғана жұмыс істейсің. Маған сонысы ұнады, ыңғайлы болды. Өзіңе уақыт бөле аласың. Түске дейін сабақ берсем, түстен кейін спортпен шұғылданамын. Жоғары сыныптарға дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Одан бөлек, мектебімізде ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап ашылған кабинет бар. Арасында сол жерге барып, сабақ өткіземін. Өзім де осы жолдан өткен соң, мүмкіндігі шектеулі балалардың жанын жақсы түсінемін, қажеттіліктерін білемін. Мұғалім ретінде біліктілігіңді арттырып отырасың, арнайы курстардан өтесің, тапсырмаларын орындайсың, кітап оқисың. Осы оқулардан алған білімім мен өз фантазиямды қосып, ерекше балаларды оңалтуға бағытталған әдістеме жасап шығардым. Балалармен жұмыс істеген ұнайды, шаршамаймын», – дейді өзі.

Жігер 2020 жылы параспорттағы жетістіктері үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталған. Мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Қазір ұстаздық пен параспортты ұштастырып жүрген оның ендігі мақсаты – 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысу.

«Жаныма жақын болған соң пауэрлифтингі таңдағанмын. Пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатына, ел ішінде өткен біраз жарыстарға қатыстым. 2028 жылғы паралимпиадаға қатыссам деген жоспарым бар. Қазір соған дайындалып жүрмін. Астанадағы паралимпиада орталығында жаттығамын. Мұғалімдік пен параспорттан басқа да жоспарларым бар. Олар енді болашақтың еншісінде», – дейді спортшы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары