Есеп беру ем болмайды

/
Есеп беру ем болмайды
сурет: istockphoto.com

Денсаулық сақтау саласында олқылық пен жүйесіздік көп. Ресми деректер мен күнделікті өмір арасындағы алшақтық анық сезіледі. Платформалар пайдалануға беріліп жатса да, халық әлі ұзын-сонар кезекке шағымданады, дәрігерлер жалақысын кеш алады, онлайн порталдарда техникалық қателік жетерлік. 

Президент биылғы Жолдауында: «Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс», – деген еді.
Қаржылық тұрақтылық, жасанды интеллектті енгізу, дәрігер мәртебесін көтеру – саладағы басты мәселелер. Бұл түйткілдердің айтылып келе жатқанына біраз болғанына қарамастан, нақты нәтиже әлі көзге көрінбей отыр.
Шығындарды басқару мәселесінде ілгерілеу байқалғанымен, жақында қарапайым дәрігерлер айлап жалақысын ала алмай жүргені туралы жаңалық тарады. Бұрынғы цифрландыру жобаларының шикі болғаны әлі де есте. Ал дәрігердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де талай рет көтерілгенімен, әлі толық шешімін тапқан жоқ.

Есепте бәрі жақсы

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, 2024 жы­лы еліміздегі медициналық ұйым­дар 3,2 миллионнан астам қашықтан қыз­мет көрсеткен, оның ішінде 1,5 мил­лионнан астам ауыл тұрғыны қыз­мет алған. 
Сонымен қатар электрондық үкі­­мет порталындағы «Денсау­лық сақтау» бөлімінде қазір 21 он­лайн-қызмет қолжетімді. Азаматтар по­ликлиникаға тіркелуден бастап, үй­ге дәрігер шақыруға дейінгі көп­те­ген рәсімді электронды түрде жасай алатыны айтылады. 
Есептер мен деректерге қарасақ, ұлт­тық деңгейде де деректерді бірік­­тіру жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. UNEHS – бірыңғай ұлттық ден­сау­лық сақтау ақпарат жүйесі ресми ста­тистиканың негізгі көзіне айнал­ған. Мәселен, 2014-2022 жылдар ара­­­лығындағы ұлттық өлім-жітім көр­сеткіштері дәл осы цифрлық база ар­қы­лы талданып, халықаралық ғы­лы­ми жарияланымдарда пайдаланы­лыпты. 
Бұған қоса, Үкімет биылдан бас­тап жасанды интеллект негізінде ме­­­дици­налық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйені кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз деп мәлімдеген болатын.
Ал қаржылық тұрғыдан қарасақ, 2024 жылы денсаулық сақтау ұйым­да­рының ағымдағы шығындары 3,7 трлн теңгеден асқан. Бұл – тек дәрігер жалақысы мен емдеу шығындарын ға­на емес, сонымен бірге цифрлық инф­рақұрылымды ұстап тұруға жұм­салатын қаражатты да қамтиды.
Қағаз жүзінде бәрі мінсіз сияқты: те­лемедицинаның кеңеюі, eGov ар­қы­лы қызметтердің қолжетімді бол­уы, ұлттық деректер базасының құ­рылуы. Дегенмен телемедициналық кон­сультациялар саны көп болғаны­мен, олардың сапасы, шын мәніндегі қол­жетімділігі туралы мәлімет жоқ. Ауыл­дағы қарапайым тұрғынға қа­шық­тан берілген кеңес толық­қанды медициналық көмектің орнын баса алмайды.
eGov-тағы қызметтерге келсек, по­ликлиникаға тіркелу немесе дәрі­гер­ге жазылу онлайн форматқа көш­кені рас. Бірақ бұл жүйенің түбегейлі өзгергенін білдірмейді. Көп жағдайда азаматтар «электронды кезекке» жа­зыл­ғанымен, емхана табалдыры­ғын­да сол баяғы ұзын-сонар кезекке тап болады.
Үкімет жасанды интеллектке негізделген жаңа мониторинг жүйе­сін енгізбек. Бірақ өткен тә­жіри­бе көрсеткендей, цифрландыру жо­ба­лары жиі жарнамаланып, іс жүзін­де шикі күйінде қалып жатады. ЕСОМП пен МӘМС жүйелерінің кем­шіліктері – соның дәлелі. Айып­пұл, қате шешімдер, жүйенің жиі тоқ­тап қалуы – осы күнге дейінгі «цифрландырудың» шын бет-бейнесі.
Осылайша, цифрландыруға мил­лиардтар жұмсалғанымен, дәрігер еңбегін жеңілдетіп, науқасқа сапалы қызмет көрсетуге келгенде әлі де ол­қы­лық көп. Есепте бәрі жақсы, бірақ нәтиже басқа.
Медицина мамандарының пі­кірін­ше, жаңа жүйелерді енгізу кезін­де туындайтын қателіктер, жауапкер­ші­лікті нақтылау, есеп пен сан үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істеу мә­­­­селелері күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл реформалардың табысты болуы – технологияны енгізуге емес, оны тиімді іске жаратуға байланысты.

Бибігүл Өмірбаева, 
ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы:

Алгоритмдер саланы дамытуға сеп бола алады

– Мемлекет басшысы Қа­зақ­стан халқына Жол­дауында ден­саулық сақтау саласын да­мыту үшін мемлекет жүйелі ш­а­ра­лар қабылдап жат­қанын атап өтті. Тек «Ауылдық денсаулық сақ­тау­ды жаңғырту» ұлттық жо­ба­сы аясында 540 ны­сан салынды, жыл соңына дейін тағы 115 ны­сан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қала­ларда жаңа ірі орталықтар іске қосылды, олардың қатарында Астанадағы он­коорталық пен Алматыдағы Жұқпалы аурулар ғы­лыми орталығы бар. 
Президент тек құрылыс қана емес, жаңа медициналық ны­сан­дарды тиімді іске қосу қажет екенін, соның ішінде мемле­кет­тік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы жеке ин­вес­торлардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды екеніне тоқ­­талды. Пандемиядан кейін стратегиялық басымдыққа ай­нал­­ған фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бө­лінуде.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық өзгерістермен бірге ден­саулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін шешу маңызды. Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджеттік реттеуші рөлін атқарып отыр, алай­да ресурстарды тиімді басқару үшін бұл жеткіліксіз. Осыған бай­ланысты медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін жа­санды интеллект технологиялары арқылы қадағалайтын жаңа жүйе құру тапсырылды.
Бұл тұрғыда жасанды интеллект тек диагностиканың құра­лы ғана емес, денсаулық сақтауды басқарудың бүкіл жүйесінің тірегіне айналмақ. Алгоритмдер үлкен деректер ауқымын тал­дап, тиімсіз шығындарды анықтауға, пациенттердің қажеттілігін болжауға және шығыстардың ашықтығын арттыруға қабілетті.
Қазақстан жүйелі түрде цифрлық медицинаға көшу жұмыс­тарын жүргізуде: есеп жүргізу ақпараттық жүйелері енгізілген, теле­медицина дамып келеді, ұлттық деректер базалары құрылу­да. Бүгінде ең көп сұранысқа ие медициналық анықтама­лардың сегіз түрі (жүргізушілікке рұқсаттан бастап, еңбекке жарам­сыздық парағына дейін) цифрландырылды. Жыл басынан бері ақпараттық жүйелерде осындай 4,7 млн-нан астам құжат тір­келді. Жуық арада диагностиканы оңтайландыруға және қате­лер­ді азайтуға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі «дәрі­гердің көмекшісі» енгізіледі.
Дүниежүзілік экономикалық форум жасанды интеллект бүкіл әлем бойынша миллиондаған медицина қызметкерінің жетіспеушілігін шеше алады деп атап айтты.
Осы жағдайларда біздің стратегиялық міндетіміз цифрлан­дыруды кешенді реформаға айналдыру болмақ. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер денсаулық сақтау жүйесінің тірегіне айналуға тиіс. Президенттің айтуынша, медицина саласын жаңғыртудың негізгі қозғаушысы цифрландыру мен жасанды интеллект болуы керек, олар оның тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Қайырғали Көнеев,
дәрігер:

Нақты прогресс жоқтың қасы, цифрландырудың тиімділігі нөлге тең

– Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Жыл да аяқта­лып қалды, бірақ бұл салада қажетті жөн­деу жұмыстары толық жүргізілмеді. Өкі­нішке қарай, осы бағытқа бөлінген қыр­уар қаражат күткен нәтиже бермеді.
Естеріңізде болса, кезінде денсаулық сақтау министрі болған Елжан Бір­танов цифрландыру бойынша үлкен қателік жасады деген күдікке ілі­ніп, тергеуге алынған еді. 2020-2021 жылдары тергеу органдары мил­лиардтаған қаржы жымқырғанын дәлелдеді. Ол кезде мемлекет тара­пынан цифрландыруға триллион теңге бөлінген, бірақ ол қаражат тиімді пай­даланылмады. Соның салдарынан бүгінде саланың цифрландыруы өте әлсіз күйде қалып отыр.
Әлемдік тәжірибемен салыстырсақ, айырмашылық айқын көрінеді. Мы­салы, Кореяда тіпті шағын жеке клиникаға барып, талдау тапсыр­саңыз немесе тексеруден өтсеңіз, оның нәтижелері бірден цифрлық базаға тіркеледі. Кейін басқа клиникаға барғанда, дәрігер сол базадан сіз­дің бұрынғы талдауларыңызды көре алады. Қазақстанда, өкінішке қа­рай, мұндай бірыңғай цифрлық кеңістік жоқ. Кейбір клиникалар жеке плат­формаларды енгізіп жатыр, бірақ ортақ жүйе жоқ. Бар болғаны – по­ликлиникаға кезекке eGov арқылы жазылу немесе вакцинация пас­портын алу сияқты шектеулі мүмкіндіктер. Бұл – теңіздің бір там­шы­сындай ғана.
Жасанды интеллектке келсек, Қазақстанда ол жүйелі түрде енгізіліп жат­қан жоқ. Әзірге тек жекелеген дәрігерлер ғана жеке бастамамен қол­д­а­нады. Әлемде жасанды интеллект медицинада белсенді пайдаланылып жа­тыр, ал бізде бұл үрдіс заңдық тұрғыдан да қолдау таппаған. «Халық денсаулығы туралы» кодексте жасанды интеллектті қолдану немесе оған байланысты жауапкершілік жөнінде ештеңе жазылмаған. Сондықтан ресми деңгейде оның енгізілуі жүрмей отыр. Шын мәнінде, жасанды ин­теллект дәрігердің көптеген қол еңбегін жеңілдетіп, жұмысын біршама азайта алар еді. Бірақ Қазақстанда әзірге бұл жүзеге аспады.
Бұл бағытта нақты жұмыстар қажет. Ең алдымен, нормативтік-құ­қық­тық базаны өзгерту керек. Жасанды интеллекттің құқықтық мәр­тебесін анықтап, оны қолданғандағы жауапкершілікті заңнамада бекіту қа­жет. Сонымен қатар басқа елдердің тәжірибесін негізге алып, бірыңғай пациенттер базасын енгізу керек. Дегенмен мұнда да қауіп бар – жеке деректердің қорғалуы бізде әлсіз, бұл – үлкен мәселе.
Жалпы алғанда, денсаулық сақтау саласын цифрландыруда жетіс­тіктен гөрі шешімін таппаған мәселелер басым. Қазіргі күнге дейін нақты прогресс жоқтың қасы, ал цифрландырудың тиімділігі нөлге тең деуге болады.

Мыңжылқы Бердіқожа,
дәрігер:

Сала мамандарының ойы ескерілсе...

– Цифрландыру денсаулық сақтау сала­сындағы түйткілдерді шеше алмады. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді ушық­тырып отыр. Қазір көптеген ме­дици­на­лық мекемеде қызметкерлердің жа­ла­қысы екі-үш айға кешіктіріліп төленіп жа­тыр. Бұл жағдайдың ушығуына байла­нысты об­лыс әкімдері еңбекақының уақытылы берілуін жеке бақылауы­на алуға мәжбүр болып отыр. Әлеуметтік күйзе­ліске алып келген ме­ха­низм – цифрландыру.
Жасанды интеллектті енгізу бағытында жарнама көп болғанымен, нақ­ты нәтиже көңіл көншітпейді. ЕСОМП пен МӘМС жүйелері арқылы ме­ке­мелерге жаппай айыппұл салу жұмыстың тоқтап қалу қаупін ту­ғызды. Бағдарламалардың сала мамандарының қатысуынсыз жасалғаны айқын байқалады: қате шешімдер жиілеп, жүйенің әлсіз тұстары көрініп жатыр.
Мұндай жағдайда ең маңыздысы – медицина қоғамымен ашық диалог орнату. Саладағы проблемаларды күнделікті көріп жүрген ма­ман­дардың ойы ескерілсе, шешімін табуға мүмкіндік ашылар еді. Өкі­ніш­ке қарай, қа­зіргі ахуал керісінше жағдайды күрделендіріп отыр: бас­шыларды ауыс­тырумен ғана шектеліп, мәселенің түбірі шешілмей келеді.

P.S. 

Қорыта айтқанда, медицина саласын цифрландыруды шынымен нәтижелі ету үшін, ең алдымен, сапалы шешімдер қажет. Оны сала мамандарының қатысуымен жасау, медициналық қоғаммен ашық диалог орнату – басты шарт. Әйтпесе, кезекті «жаңа жүйе» де баяғы жартас күйінде қалып, есеп пен шындық арасындағы алшақтық ұлғая бермек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары