Әлемде жастар саны кеміп, егде жастағылар қатары күрт өсіп келеді. Яғни, адамзат қартайып бара жатыр. БҰҰ-ның деректеріне сенсек, алдағы онжылдықта жер бетінде әрбір алтыншы адам 60-тан асатын болады. Бұл – тек Еуропа мен Жапонияның емес, бүкіл әлемнің статистикасы. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ: халықтың орташа жасы жыл сайын ұлғайып, зейнеткерлердің үлесі артуда. қарттардың ұзақ жасағаны қуантады. Дегенмен тұрғындардың қартаюы қоғамға ауыр салмақ па, әлде экономикалық мүмкіндік пе деген сұрақ толғантады.
Қартаю дегеніміз – демографиялық тұрғыдан халық ішінде қарт адамдардың (60 немесе 65 жастан жоғары) үлесінің артуы. Халықтың «қартаюының» екі себебі бар. Біріншісі – өмір сүру жасының ұзаруы. Екіншісі, туу деңгейінің төмендеуі.
«2070 жылға қарай әлем бойынша халық азая бастайды, ал 2150 жылға қарай қазіргі деңгейдің жартысына дейін төмендеуі мүмкін. Сол уақытта 60 жастан асқан адамдар үлесі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетеді», – деп болжам жасайды Nature журналы. Адамзат өсімінің баяулағанын және алдағы уақытта да демографиялық қарқынның тежелейтінін ғалымдар есептеп отыр. Мәселен, әлем халқының 8 миллиардқа жетуіне 12 жыл керек болған, ал болжам бойынша 9 млрд-қа жету үшін 15 жыл қажет дейді.
БҰҰ-ның мәлімдемесіне сүйенсек, 65 жастан асқандар үлесі 7 пайыздан асса, қоғам «қартайып келе жатыр» деп есептеледі. Бұл үрдіс қазір әлемнің барлық елінде байқалады. Тағы да БҰҰ-ның болжамына көз жүгіртсек, дүние жүзі бойынша алдағы он жылдықтарда 65 және одан да жоғары жастағы адамдар саны 2 еседен асады екен. 2021 жылы олардың саны 761 млн болса, 2050 жылы бұл көрсеткіш 1,6 млрд адамға дейін жетпек. Ал 80 жастан асқандар саны бұдан да жылдам өспек. Қазақстан да қартаю кезеңіне жақындап қалды. Мәселен, 2010 жылы зейнет жасындағы халық 10 пайыз болған, ал 2020 жылы 11 пайызға жеткен. Яғни, Қазақстан қартаю межесінен баяғыда асып кеткен.
Туудың тарихи
минимумы тіркелді
Биыл жыл басынан бастап елімізде туу көрсеткішінің тарихи минимумы тіркелді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қаңтар-наурыз айларында 77,3 мың нәресте өмір есігін ашқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға аз. Мұндай төмен көрсеткіш соңғы рет 2014 жылдың бірінші тоқсанында тіркелген екен. Сол кездің өзінде жаңа туған нәрестелер саны 90 мыңнан төмен болған жоқ.
Өткен жылдың бірінші тоқсанында елімізде 91,9 мың бала дүниеге келген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға аз. Finprom.kz мәліметінше елдегі туу коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 18,3. Ал былтыр қаңтар-наурыз айларында бұл көрсеткіш 19,1 болған.
Елімізде бала туудың төмендеуі бірнеше жыл қатарынан жалғасып келе жатқанын мына статистикадан көре аламыз. 2023 жылы 388,4 мың бала дүниеге келген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға аз. Ал 2022 жылы 403,9 мың сәби дүниеге келген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға аз. Яғни, туу коэффициенті 2021 жылы – 23,5 болса, 2022 жылы – 20,6, ал 2023 жылы 19,5-ті құрады.
Елімізде әйелдердің бала тууға асықпайтынын, еңбекке жарамды азаматтар санының жылдын-жылға азайып келе жатқанын демографтар да айтып жүр. Мысалы, 2023 жылы елімізде бала туған аналардың орташа жасы 29,5 жастан 29,7 жасқа дейін ұлғайыпты.
Енді балалар мен қарттар арасындағы айырмашылыққа келсек. 2023 жылы Қазақстанның қартаю индексі 29,5-ке жеткен. Бұл дегеніміз 0 мен 15 жас аралығындағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 29,5 азаматтан келеді деген сөз. 2019 жылы 26,5-ке тең болған. Осыған қарап-ақ біз қартаю индексінің айтарлықтай өскенін көреміз.
Ұлттық статистика бюросы ең жоғары қартаю индексі Солтүстік Қазақстан облысы (72,9), Шығыс Қазақстан облысы (71,8) және Қостанай облысында (62,1) екенін мәлімдеді. Қартаю индексі ең төмен өңірлерге Маңғыстау облысы (мұнда 100 балаға 65 жастан асқан 14,3 азаматтан келеді), Түркістан облысы (14,9) және Шымкент қаласы (15,3) жатады. Қалада қартаю индексі – 32, бұл жоғары көрсеткіш, ауылда төмен – 25,8.
Әйелдер ерлерден 8 жыл ұзақ өмір сүреді
Қазақстанда қарттардың саны жыл сайын 3-4 пайызға өсіп келе жатыр. Бүгінде елімізде 60 жастан асқандар саны шамамен 3 млн-ға жетеғабыл. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойынша, халқымыздың саны 20,3 млн адам. Соның ішінде 25 жасқа дейінгі жастар – 42,8 пайыз. Пайызды санға айналдырсақ, 8,7 миллионнан асады. Ал 25 пен 65 жас аралығындағы еңбекке қабілетті тұрғындар үлесі шамамен 48 пайыз екен. 65 жастан асқандардың үлесі 9,2 пайызға жеткен.
2024 жылдың басындағы ресми деректерге қарасақ, халықтың орташа жасы – 32,3. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда 31,9 жас болған.
Қоғамда қарттар санының артуымен байланысты орташа өмір сүру ұзақтығы да өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 75,44 жасқа жеткен. Ер адамдар орта есеппен 71,33 жас өмір сүрсе, әйелдер 79,42 жасқа дейін өмір сүреді. Яғни, әйелдер ерлерден 8 жыл ұзақ өмір сүреді.
Деректер елімізде туудың азайып, қарттардың үлесі артып келе жатқанын көрсетеді. Орташа өмір сүру жасы ұзарғанымен, еңбекке қабілетті азаматтар үлесі біртіндеп азаюда. Егер туу көрсеткіші баяулай берсе, еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 2030 жылдан бастап азая бастайды. Бұл зейнетақы жүйесіне, еңбек нарығына және әлеуметтік саясатқа айтарлықтай қысым түсіруі мүмкін.
Қазақстанда демографиялық үрдістерді толыққанды талдау жүйесі қалыптаспағандықтан, еңбек нарығын болжау, аймақтық инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік саясатты жоспарлау қиын. Елде халықтың қартаюы, аймақтардағы теңсіздік пен жастардың көші-қон белсенділігі еңбек ресурстарының теңгерімсіздігін күшейтуде. Бұл еңбек нарығында мамандар тапшылығы мен «қартаю» проблемасын шиеленістіріп отыр. Аталған жағдай зейнетақы жүйесінің болашағына да қауіп төндіреді.
Демографиялық жағдай туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да баса айтты.
– Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды. Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек. Демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарауды қажет етеді, – деді Президент.
Президент ұсынған жасанды интеллект пен ауқымды деректерге негізделген жаңа орталық демографиялық процестерді нақты бағалап, мемлекеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай қадам әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және экономикалық саясатты ұзақмерзімді перспективада бейімдеуге бағытталған.
Демографиялық деректерді сапалы жинау мен талдаудың жеткіліксіздігі салдарынан аймақтардағы мектеп, аурухана, тұрғын үй құрылысы секілді инфрақұрылымдық жоспарлау кешігіп, әлеуметтік теңсіздік туындайды. Мысалы, оңтүстікте туу деңгейі жоғары болса, солтүстікте керісінше халық азайып, еңбек ресурстары жетіспейді. Мұндай теңсіздік ішкі миграцияны күшейтіп, урбанизация салдарынан мегаполистердің әлеуметтік инфрақұрылымына қысым түсіреді.
Президент ұсынған жасанды интеллект пен Big Data негізіндегі орталық бұл олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Ол болашақ еңбек нарығын дәл болжауға, аймақтық даму бағдарламаларын нақтылауға және зейнетақы жүйесін тұрақтандыруға ықпал етеді. Себебі қазіргі жүйе еңбекке қабілетті жас азаматтардың азаюына және қариялар үлесінің өсуіне байланысты ұзақмерзімді қаржылық қауіптерге тап болуы мүмкін.
Қарты көп қоғам қандай қоғам?
Әлем халқының қартаюы – тек демографиялық мәселе емес. Ол –қоғамның барлық саласына ықпал ететін күрделі құбылыс. Ең алдымен, денсаулық сақтау саласы өзгеріске ұшырайды. Қартайған сайын жүрек-қан тамырлары, диабет, артрит, альцгеймер, деменция сияқты аурулар жиілейді. Егде адамдар ұзақмерзімді күтімді қажет етеді. Бұл медициналық қызметтің қымбаттауына, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің артуына алып келеді. Қарттардың саны осылай ұдайы өсіп отыратын болса, қазіргі мемлекеттік зейнетақы қорлары зейнеткерлер алдында әлеуметтік міндеттемелерін орындай алмауы мүмкін. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде қарттықтың демографиялық ауыртпалық коэффициенті – 15,1 пайыз. Болашақта коэффициент тек өседі. Мәселен, 2025 жылы – 16,1 пайыз болса, 2030 жылы – 18,2 пайыз, 2040 жылы – 22,6 пайыз, 2050 жылы – 26,3 пайыз болады деп болжанып отыр. Қарттықтың демографиялық ауыртпалық коэффициенті дегеніміз – жалпы экономикалық белсенді емес (65 жастан жоғары) адамдар санының еңбекке қабілетті жастағы (15-64 жас) адамдар санына қатынасы. Яғни, бір қызметкер қанша зейнеткерді «асырай алады» деген сөз. Сондықтан да жоғарыда айтқан жинақтаушы зейнетақы қорының зейнеткерлерді қамтамасыз етуі өзекті мәселе болады. «Қарттыққа» бізден бұрын аяқ басқан мемлекеттер үлестіруші жинақтаушы зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен. Бұл жүйеге АҚШ, Аустралия, Дания, Швеция, Гонконг, Үндістан, Чили, Индонезия, Сингапур секілді елдер өткен. Бұл жүйе зейнеткер жасындағы адамдардың лайықты өмір сүруінің ең жақсы кепілі болып отыр.
Зейнеткерлердің шектен тыс көбеюінің әлеуметтік-экономикалық салаға да ықпалы күшті. Жұмыс күші азаяды. Қоғамда қарттардың үлесі артып, еңбекке қабілетті жастар азайғанда экономикалық белсенді халық саны кемиді. Ал жұмыс істейтіндер саны азайған сайын зейнет-ақы қоры тапшылық көреді. Қарапайым тілмен айтсақ, әлем бойынша адамдар зейнетке 60-65 жас аралығында шығады. Ал зейнетақы ауадан алынбайды, ол жұмыс істейтіндердің қалтасынан «төленеді». Бұдан бөлек, инновация, өндіріс, еңбек өнімділігі баяулайды. Қарттар санының артуы отбасылық және әлеуметтік құрылымға да кері әсер етеді. Әдетте, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ұстанатын қоғамда үлкен кісілерді балалары мен немерелері күтіп, бағады. Бұл туу көрсеткіші төмен елдерге біршама қиындық туғызады. Сонымен бірге қартайғанда жалғыз қалу, қоғамнан оқшаулану сынды психологиялық мәселелер де артады.
Туу көрсеткіші төмендеген, қарттары көбейген мемлекетке жұмыс күшін толықтыру үшін миграция саясатына жүгінуге тура келеді. Бұл жерде тағы бір маңызды мәселені айтып өту керек. Ол – ұрпақтар арасындағы теңгерім, сабақтастықтың алшақтауы. Сондықтан жастардың мүддесі мен қарттардың қажеттілігін үйлестіру керек болады. Бұл жерде қоғам қарттарды қиындық деп емес, ресурс ретінде қабылдауы керек. Қарт адамдардың білімі мен тәжірибесін ұрпаққа бермесе, мәдени сабақтастық үзілуі мүмкін. Мұндай қиындықтарға әлі көптеген мемлекет дайын емес. Бұл ретте зейнетақы жүйесі, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек нарығының құрылымы түбегейлі қайта қарауды талап етеді.
Әр құбылыстың оң және теріс жағы бар. Біз атап өткен қауіптер мен тәуекелден бөлек, қарты көп қоғамның өз артықшылықтары да бар. Нарықтық қоғамда «Күміс экономика» (Silver economy) деген термин бар. Адам баласы мейлі нәресте болсын, мейлі егде жаста болсын, ол – тұтынушы. Мәселен, қарттар медицина, фармацевтика, туризм, білім беру, тіпті жаңа технологиялар («Ақылды үйлер», телемедицина) саласының тұрақты тұтынушылары. Бұл салалар нарықта миллиардтаған доллар айналым жасайды. «Күміс экономиканы» «құрушылар» жаңа жұмыс орындарының ашылуына себепкер. Әсіресе, күтуші, гериатрия, әлеуметтік көмек саласында жаңа мамандықтар пайда болады. Ал кейбір елдер зейнет жасын ұзартуды немесе оларға ыңғайлы жұмыс кестесін жасау жолдарын қарастырып отыр. Өйткені аға буынның білімі мен тәжірибесі экономикадағы тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді. Сонымен қатар қарт адамдар – бүтін бір отбасының, әулеттің, қала берді қоғамның тәжірибесі мен даналығын сақтап, жеткізушілер. Олар жастарға тәлім беріп, құндылықтарды сіңдіріп, дәстүрді үйретуге үлес қосады. Зейнеткерлердің волонтерлермен бірге жүруі, әлеуметтік жобаларға қатысуының өзі қоғамның біртұтас, бірлікте болуына оң әсер етеді.
Ғалымдар адам баласының өмір жасын ұзартудың жолдарын іздеуде. Геронтология, жасуша терапиясы, жас ұзарту ғылымы қарқынды дамып жатыр. Бұл тек қарттарға ғана емес, бүкіл адамзаттың денсаулығына пайда әкеледі. Бұдан бөлек, ұзақ өмір сүру үшін дұрыс тамақтану, спорт, психологиялық саулыққа көңіл бөлу әдеттері жастар арасында да кеңінен таралып отыр. Қарттықтың осы оң тұстарын ескерсек, бұл мүмкіндіктер дәуірі десек қателеспейміз. Дамыған елдерде зейнеткерлер шығармашылықпен айналысып, волонтерлікке үлес қосып, саяхаттап, тіпті жаңа кәсіпті меңгеріп жатады. Біздің зейнеткерлер де қарттықтың әлсіздік, шектеу емес екенін түсініп келе жатқаны қуантады.
Шынар ПАЗЫЛБЕК,
демограф:
Алдағы онжылдықтарда қартаю деңгейі
Еуропа елдеріндегі көрсеткішке жақындайды
– Халықтың қартаю процесі – қарт адамдардың үлесінің өсуі. Қазақстанда жалпы қарттардың үлесі біртіндеп өсіп келе жатқаны анық. Қазірдің өзінде 2025 жылдың басындағы дерек бойынша статистикада қарт адамдардың үлесі халықтың 9,2 пайызын құрап отыр. Яғни, 65 және одан жоғары жастағы адамдардың саны 1 869 876 адамды құрады. Бұл – 2025 жылдың басындағы статистика.
Осы адамдардың ішінде 65,5 пайызы (1 220 933 адам) қалада, ал 34,5 пайызы (645 943 адам) ауылда тұрады. Жалпы айтқанда, қалада халықтың 9,6 пайызын, ауылда 8,6 пайызын қарт адамдар құрап отыр.
Қала мен ауылдағы қарт адамдардың өмір сүру жағдайлары мен қызметтерге қолжетімділігі арасында айырмашылық бар. Қалада медициналық қызметтер мен өмір сапасына қажетті басқа да инфрақұрылым әлдеқайда қолжетімді. Ауылда, өкінішке қарай, әсіресе медициналық қызмет саласында жағдай әлдеқайда төмен. Білікті мамандар тапшы. Бұл, біріншіден, ауылдан қалаға көшу процесіне байланысты. Еңбек жасындағы адамдардың көбі мобильді, сондықтан медицина саласындағы кадрлар да ауылдан қалаға қоныс аударуда. Осылайша, ауыл халқы кадрлармен бірге азайып бара жатыр. Бұл фактор қарт адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Қартаюға қарсы мемлекеттік стратегия қажет пе, әлде бұл табиғи үдеріс пе деген мәселеге келсек, біріншіден, қарттардың үлесінің өсуі – табиғи құбылыс. Өмір сүру ұзақтығы бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да артып келеді. Сонымен бірге 1960 жылдары туған үлкен буын өкілдері бүгінде зейнет жасына жетіп отыр. Бұл буын саны жағынан алдыңғы онжылдықтарда туған ұрпақтардан көп. Сондықтан қарт адамдардың үлесі табиғи түрде арта береді. Дегенмен табиғи құбылыс деп қарап отыруға болмайды. Бірінші кезекте бұған медицина саласы бейімделуі қажет. Қартаю мәселелерін зерттейтін геронтология бағытын медицина кадрларын даярлау жүйесіне енгізу, мамандарды қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ ұзақмерзімді күтімге арналған инфрақұрылым (санаторийлер, қарттар үйлері, әлеуметтік-медициналық мекемелер) қажет. Қарт адамдар санының өсуі осындай нысандарға сұранысты да арттырады.
Екінші мәселе – зейнетақы жүйесі. Қарттардың кедейленбеуі үшін еңбек жасында зейнетақы жинақтарын қалыптастыру, әрбір азаматтың қаржылық қауіпсіздік жастығы болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл саясат еңбек жасында іске асырылуы тиіс.
Үшінші мәселе – қарттардың әлеуетін пайдалану. Олардың бір бөлігі зейнет жасында да белсенді болып қала береді. Сондықтан олардың білімін, тәжірибесін қоғам мүддесіне пайдалану маңызды. Тіпті, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасауға болады. Бұл олардың белсенділігін арттырып қана қоймай, мемлекетке де пайда әкеледі.
Тағы бір фактор – урбанизация. Қазір халықтың 63 пайыздан астамы қалада тұрады. Ауылда қарттардың үлесі азайып, қалада артып барады. Бұл қарттар балаларының соңынан қалаға көшуімен байланысты.
Алдағы болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай қарттардың үлесі Қазақстан халқының 15 пайызынан асады. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 9 пайыздан асып отыр. Яғни, біз БҰҰ белгілеген «қартайған ел» межесінен (7 пайыз) өтіп кеттік. Алдағы онжылдықтарда еліміздегі қартаю деңгейі Еуропа елдеріндегі көрсеткішке жақындайды. Сондықтан мемлекет қазірден бастап қартаюға байланысты арнайы дұрыс саясат жүргізуге тиіс. Біріншіден, зейнетақы жүйесін тұрақтандыру, екіншіден, денсаулық сақтау мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, үшіншіден, қарт адамдардың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ететін шараларды қолға алу қажет. Сонымен бірге туу деңгейінің төмендеуіне жол бермей, еңбекке қабілетті жастағы халықтың жеткілікті болуын қадағалау – ел экономикасының тұрақтылығы үшін аса маңызды.