Әңгімені көптен ойда жүрген бір естеліктен бастайын. Бұл өзі өткен ғасырдың әңгімесі. Анығырақ айтқанда – Есенғали (Раушанов) екеуміздің арман қуып Алматыға келуіміз бен алғаш рет Мұқағали ақынды көруіміз жайында. Өтірік әңгіме емес, бір сөзін де ойдан шығарып отырғаным жоқ, Құдай куә осы әңгімеге.
1974 жылдың жазында Сыр елінен, дәлірек айтқанда, Жаңақорған ауданынан екі үрпекбас бозбала Алматы қайдасың деп жол тартқан еді. Оның бірі – мына мен, ауданның Қыраш деген кішкене аулынан, ал екіншісі – Есенғали, ол Келінтөбе деген кеңшардан. Екеуміз де мектеп оқушысы бола жүріп, аудандық газеттің белсенді тілшісі атандық, талай рет жүлде алып, аудандық комсомол комитетінің мақтау грамотасымен марапатталғандармыз. Ендеше, Алматыдай шаһарыңызға сескенусіз де ескертусіз, «баяғының батырларындай бұзып-жарып» (Есенғали), емін-еркін кіріп бармасақ кім болғанымыз? Жалпының талабына ортақ жоғарғы оқу орнына түсуге ниет қылсақ, кім жолымызды кес-кестеп, бізді кім кеудеден итерер! Екеуміздің де жанымызға маза бермеген бір арман бар: Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсу. Ой, ол кездегі арманның қызуын қоя беріңіз! Жүректі жандырып, бойды баурап, ақыл-есімізден адастыра жаздағандай. Сол қалпымызбен жеттік арман қала – Алматыға. Пәтер жалдадық. Бір пәтерде Есенғали, Жұмабай (Әбілов), тағы бір жігіт және мен. Күндіз-түні кітаптан көз алмай, емтиханға даярланып жатқан күндер. Ара-тұра сол кездері атағы шығып қалған ақын-жазушыларды ертіп келіп, «қара шаймен» қонақ етіп жіберетініміз де бар. Мысалы, Сейсен Мұқтарұлы, Жарасхан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, т.б. ақындармен қуықтай пәтерде бас қосып, «мәжіліс құрғанымыз» есімде. Көбіне ақындарды Есенғали ертіп келеді. Кім-кіммен болмасын, тез тіл табысып алатын ғажап қасиеті бар.
Көп ұзамай мемлекеттік емтихан да басталды. Алғашқысы – шығарма жазу. Үш тақырып беріледі. Алдыңғы екеуі есімде жоқ, соңғысы – «Көктем» деген еркін тақырып. Есенғали екеуміз бір-бірімізге ым жасап, көктем жайлы ал кеп төгіле жөнелдік. Мен – қара сөзбен, ал Есенғали көкең өлеңмен жазыпты шығармасын. Оны сыртқа шыққан бетте маған ақтарыла айтып жатыр. «Қап, қара сөзбен жазғаның өтімді болушы еді» дедім ойымды жасырмай. Есенғали өзіне тән өр мінезімен «қара сөзбен әркім-ақ жазады, мықты екен, басқалар өлеңмен жазып көрсінші» деп дес берер емес. «Өлеңмен жазғаныңды емтихан алушылар бағалай қойса дегенім ғой!». «Көп болса, екі қояр, басқа не істей алады маған!..». Жоқ, бұл жолы бәрі де сәтті болды. Есенғали да, мен де шығармадан бестік деген баға алдық. Ой, сондағы екеуміздің қуанышты сәттеріміз көз алдыма келсе, қазір де делебем қозып ала жөнеледі. Алғашқы жеңісімізді «жумақшы» болып, университеттің сәл төменірек орналасқан лағманханаға барғалы оқталып тұрған сәтіміз еді, кенет Есенғали:
– Әне, Мұқағали кетіп бара жатыр! – дегені. Мұқағали ақынның нағыз бабына келіп, әбден атағы шырқаған уақыты, бүкіл жастар оны көруге барынша ынтызар болып жүрген шақ. Мен елең етіп, университеттің төменгі жағындағы алаңқаймен ақырын басып өтіп бара жатқан зор денелі кісіге қарадым. Сырт кейпі жұпынылау. Қиялымызда аңыз-адамға айналған Мұқағалиды мынадай кейіпте көргің келмейтіндей. Басымды шайқап алып, «анау кетіп бара жатқан Мұқағали емес» дедім.
– Онда соңымнан ер! – Есенғали осылай деді де, тепкішек арқылы төмен түсіп, әлгі кісінің соңынан ере түсіп, Мұқағалидың бір өлеңін жатқа оқыды. Ұмытпасам, «...жырымның дәнін ал да, қауызын сайтан бала, қайтар маған...» деген жолдары бар атышулы өлеңі. Есенғалидың есте сақтау қабілеті өте жоғары болатын. Ол тіпті Мұқағалидың поэма-дастандарын да жақта соғатын. Ал өз өлеңдерін түгелге жуық жатқа біледі. Есенғали өлеңді оқып бола бергенде әлгі кісі артына бұрыла қарап, ұзын шашын артқа қарай серпіп тастап, сұқ саусағымен шақыра:
– Сайтан бала, бері кел! – деді. Есенғали маған бұрыла сөйлеп «жүр, барайық» деді. Мен соңынан ілестім. Есенғалиды қайдам, мен өмірімде бірінші рет тірі Мұқағалиға қарай қадам басып келе жатыр едім сол сәтте. Мұқағали Есенғалиға «бір өлеңіңді оқышы» деді. Есенғали оқыды. Тағы біреуін оқы деді. Тағы да оқыды. Үшінші рет қайталады. Есенғали да үшінші рет жігерлене жыр оқыды. Мұқағали осы кезде ғана қанағаттанған кейіп танытып «болып тұрған дайын ақын екенсің, бала» деді. Бағалау! Бірден-ақ баға беру! Осылай бүгежексіз анық баға беру тек Мұқағалидай ерек таланттың қолынан келетін болар? Сосын маған қарай бұрылып «мына бала да өлең жаза ма?» деді. Мен қысыла «ептеп әңгіме жазып жүрмін, проза саласына қызығамын» дедім. Мұқағали тағы да ұзын шашын артқа қарай серпіп тастап «Е, сен Әуезов соқпағының солдаты екенсің ғой» деді. Бұдан кейін Мұқағали ақынға ілесіп, қазіргі Абай атындағы Опера және балет теартрына қарай өрлеп бара жатқан жолда орналасқан кішкене дәмханаға (ол кездегі аты – «Гармошка») бас сұқтық. Іші өте тар, бес-алты ғана үстел бар. Түскі сәт болған соң кісі қарасы қалың, ең шеттегі кішкене үстелде бір орыс жігіті тамақтанып отырды, соның жанындағы жалғыз орын бос екен. Есенғали Мұқағали ағаны қолтықтап алып, сол орынға апарып жайғастырды да, маған қарап:
– Мен ана жақтан екі табуретка сұрап әкелейін, – деді оң бүйірдегі бір бөлмені көрсетіп. – Сен бір бөтелке шарап ала бер! Бағанағы үш сом жетеді, тіпті артылады.
Қалтамда үш сом бар, оған лағманханаға барып тамақ ішеміз деп жоспарлап қойғанымыз әлгінде ғана еді, енді барлық жоспар бұзылды. Мен ол кезде бокспен шұғылданатынмын, шарап, арақ, коньяк, пиво дегендерді толық ажырата да алмаймын. Есенғалиға жалынышты көзбен қарап «шарап деген қандай болады» дегендей, мүләйімсіп тұрғанымда , ол «буфетке бар да, бір сом сексен жеті тиын тұратын шарап де, болды» деп алып, өзі табуретка әкелуге «жортып» кетті. Буфетке келіп, екі кісіден соң кезек алып, самсаған арақ-шараптарға қарап тұрмын. Кезегім келгенде буфетші етжеңді орыс қатын «тебе что?» деп дүңк етті. Жалма-жан ақша ұсынып, «Маған шарап, бір сом сексен жеті тиындық» деп жылдам тіл қаттым. Сөренің ең шетінде тұрған ұзын мойын бөтелкені алды да, алдыма дүрс еткізіп қоя салды. Шарапты алып, үстелге оралсам, Есенғали Мұқағали ақынды ана орыс ұлтының жігітіне таныстырып жатыр екен. «Знаете, это великий казахский поэт» деп еді, орыс жігіті «не знаю, не слышал такого поэта» дегені. Осы сәтте Мұқағали аға қыран құсша қомданып алып:
– А ты знаешь А.Пушкина? – деді.
– Знаю! – деді орыс жігіті. (Ары қарай да орысша сөйлесіп жатыр, мен қазақша жаза берейін).
– Ендеше, сен Пушкиннің бір өлеңін оқышы!
– Мен жатқа білмеймін, – деп күмілжіді орыс жігіті.
– Демек, сен Пушкинді онша жақсы білмейсің. Тыңда мені! – Осылай деді де, Мұқағали Пушкиннің бір өлеңін (қай өлеңі екені есімде қалмапты) зор дауыспен саңқылдап оқыды. Аяқтай бергенде әлгі орыс жігіті қолын ұсынып «Сіз расымен де ақын екенсіз» дей беріп еді, оны тоқтатты. «Ары қарай тыңда, сенің ұлы Пушкин ақының менің ұлы тілімде қалай сөйледі» деп, өзінің аудармасын оқи жөнелді. Орыс жігіті онан бетер таңдана түсіп, жырды аяқтағанда орнына көтеріліп, тағы да қолын созды. Мұқағали оған:
– Енді менің ақын екеніме көзің жетті ме? – деді қыранша шүйлігіп. Анау бас изеп жатыр. Мұқағали осы сұрағын үш рет қайталап, үш рет жауап алды. Содан соң барып «Ендеше, ана буфетке бар» деп нұсқады. Есенғали оған сыбырлап «Бір сом сексен жеті тиын» деп айтып жатқанын құлағым шалды. Орыс жігіті рұқсат сұрап, жөніне кеткен соң, Мұқағали аға екеумізге қарап, ойлы жүзбен толғана бір сөз айтты:
– Уа, інілерім, үлкеннің уәжіне құлақ қойып, аға сыйлай білетін көргенді екендеріңді көріп тұрмын! Бұл да мен үшін үлкен олжа! Мен келер ғасырды көре алмаспын. Өзім жетпесем де, өлеңдерім жетер! Жаңа ғасыр жастары бізден анағұрлым ақылды, алғыр, парасатты боларына шүбәм жоқ. Ал сендер сол ғасырдың аға ұрпақтарына айналарсыңдар! Келер ғасырдың алымды жастарына менен дұғай-дұғай сәлем айтарсыңдар! Олар мені, менің шынайы бейнемді басқа жерден емес, асқақ та өршіл жырларымнан іздесін! Ақындық та, азаматтық та аманат сөзім осы!..
Мұқағали ағаны үйіне шығарып салып, екеуміз лағманханаға қарай ақырын аяңдадық. Жол-жөнекей Есенғалиға:
– Сенің атың Мұқағалиға ұқсас, өзі де аузымен бағаңды берді, түбі мықты ақын боласың! – дедім. Есенғали күліп:
– Қазақта аттас ақындар баршылық, бірақ бәрі де шетінен керемет емес қой, – деді. – Кім боламыз, оны уақыт көрсетер. Бәрін қойып, тамаққа тыңқиып тойып алайық!
...Өкінішке орай, 1974 жылы Есенғали университетке оқуға түсе алмады да, елге қайтты.
***
Алғашқы батасөзді ақиық ақын Мұқағалидың өзінен естіген (оған мен куә) Есенғали дос жоғары оқу орнына дер кезінде түсе алмаса да, қазақ поэзиясындағы өзіне тиесілі орнына сол кезде-ақ, қатарластарынан қалмай, емін-еркін басып келіп орнықты. Сөйтіп, поэзияға ерекше талант келгенін деп-демде әйгіледі. Енді осы жайынан аз-кем баяндалық.
Өзге әдебиетшілердің бұған қалай қарайтынын білмеймін, мен үшін Мұқағали мен Есенғали екеуінің поэзиясында кісіні ұйыта «ұлыған», сыңарласа сыңсыған ерекше үндестік бар сияқты көрінеді де тұрады. Жо-жоқ, ол бір-бірін қайталау немесе бірінің ойын бірі жалғау деген мағынада емес, одан да тереңірек бірнеңе! Тіпті, оны сөзбен айтып жеткізу де қиынырақ. Оны тек жүрекпен сезіну керек пе, бәлкім?
Есенғалидың ертеректе жазған бір өлеңінен бастайын.
– Қызылорда қалай екен?
– Әй, тыныштық!..
– Не жаңалық бар екен?
– Әй, тыныштық!..
Мен де үнсіз қаламын сұрақ берген,
Үнсіз мұрнын шұқиды Мұратберген.
«Туған ауыл» дейтұғын тақырыпта,
Шығармадан «екі» алып, «құлап» келген.
...Арық күліп, қуақы ай тесіле қап,
Тойлап жатыр мизамның кешін алап.
– Сонда, – деймін, – ештеңе жазбадың ба?
– Не жазасың? – дейді ол есінеп ап! (Мұратберген оқудан «құлап келді»).
Бұл қандай жыр? Жай ғана Мұратбергеннің оқуға түсе алмауы ма? Құлап қалғанына қынжылған ішкі наласы ма? Ақын соны айтпақ па еді? Жоқ, мәселе мүлде басқада. Мұратберген – образ! Анықтап айтсақ, ауылда өмір сүріп жатқан кеңқолтық, кеңпейіл, кеңжүрек жандардың жиынтық образы! Олардың жан әлемінің тұңғиығына үңги алсаңыз, қазір арман бола бастаған тазалық пен адалдықтың, ізгілік пен имандылықтың нендей зат екенін қолыңызға ұстағандай боп түсінер едіңіз. Өзін ғана емес, «түр-түсін» де ажыратар едіңіз. Ондай жандар тіршіліктің күйкісін көрмейді, көргісі де келмейді, көруге ықыласы да жоқ. Ондай жандар, керек десеңіз, мына жарықтық жарық әлемді алақанға салғандай ғып аялап ұстап тұрған, жүзіне қан жүгіртіп, барынша нұрландырып тұр.
Мұқағали ақын жазады:
– Сәлем бере бара қалсаң Мұратқа,
«Тыныштық» деп алдымен айт, сұратпа!
– Тыныштық па, тыныштық па, балалар? –
Деп отырар қысы-жазы шуақта!
...Шатынаған соғыс салған сызаттан,
Кәрі кеуде жалын атқан,сыз атқан!
Төрт баланы тыныштықта құрбан қып,
Төрт келінді төрт адамға ұзатқан!..(«Күзетші»).
Мұқағалидың Мұрат атты қариясы жайлы бұл өлеңі ше? Соғыс салған ауыр жараның сыздатуы ма? Өткеннің өксікті күндеріне нәлет айту ма? Кісінің қиын тағдыр алдында тізе бүгіп, әлсіздік көрсетуі ме? Жо-жоқ, мүлде басқа. Ақын оны емес, одан да терең жағдаятқа түрен салып отыр. Мұрат қария – халықтық бейне! Қайсарлықтың символы! Адам бойындағы ешқашан, ештеңеден жеңілмейтін рухтың тап өзі! Мықтылықтың шын көрінісі! Шынайы бейнесі!
Екі ақын да – бірі аға, екіншісі іні – мына сіз бен біз ғұмыр кешіп жатқан тіршілікке пенде көзімен де, жай өлеңші көзімен де емес, махаббатқа оранған ерекше ләззат көзімен қарайды. Сағыныш пен сүйіспеншілікті алға тарта отырып, өлердей ғашық һәм оттай ыстық ықыласпен жыр кестелейді. Тіпті, оны жыр деуден бұрын жүрек назы һәм парасат орамы десе де болар!
– Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, Адам?
Арма өмір бар әлемді бауырына алып шайқаған?
Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?
Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, Адамдар? – деп, Мұқағали ақын төгілсе («Армысыңдар, Адамдар?»), ағасынан бата алған Есенғали:
– Қара бауыр қасқалдақ, қай жаққа
ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап!
Қара бауыр қасқалдақ, қасқалдағым, кері қайт,
Сиреп кеткен тоғайға қамықпа деп көңіл айт!
Ұяң қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды! – деп жырламаушы ма еді. («Қара бауыр қасқалдақ»).
Осы екі өлеңді де қазіргі әдебиетсүйер қауым, тіпті барша оқырман бейбітшілік пен бауырмалдықтың, жанашырлық пен сыйласудың символдық жыры ретінде қабылдағанына шүбә жоқ. Ал астарына тереңдей түссек, екі ақын да жер бетінде адамнан қымбат, адамнан асыл, адамның сыйластығынан артық ештеңе жоқ екенін көз алдыңнан өткереді. Ой-қиялыңа әрнені түсіреді. Тұңғиыққа шым батып кеткеніңді өзің де сезбей қалуың бек мүмкін.
Ірілік пен ізгілікті, шымырлық пен биіктікті, заңғар мен самғауды сезіну үшін де кісінің бойында ерек күш, бұлқынған қуат, талмас қайрат жатуы керек шығар, бәлкім? Бұл, әсіресе, таланты жоғары адамның тал бойынан табылып жатса, Құдайдың бере салғаны дей беріңіз!
Мұқағали ақын жазады:
– Көзінің де, көңілінің де нұрын алған талайдың,
Алатауға тамашалап таңмен бірге қараймын.
Уа, ассалаумағалейкүм, аппақ басты арайлым!
Шаруа-ата секілденіп өміріңді сарып қып,
Үлкен үйдің ошағындай дүниені қарық қып,
Аман-есен жатырмысың, айналайын жарықтық?
Жат осылай тапжылмастан, осыныңды хош көрем,
Бауырыңда бауыр да аман, тең-тұс, аға, дос аман.
Жат осылай тапжылмастан, уа, тәкаппар босағам!.. («Алатау, ассалаумағалейкүм»).
Есенғали ақын жазады:
– Жұбата да алмай, жылата да алмай тұр ақпан,
Тақтан түссе де, аттан түспеді-ау мына ақпан.
Қаланың үстін қаптаған сұр бұлт бейне бір,
Шұбардың үйірі шұбырып жатқан жырақтан!
...Мінген де аты қаракер ме екен, сұр ма екен,
Кешікті наурыз, кешікті менің нұр-көкем.
Алатау атам неге үндемейді, жоқ әлде,
Соңы қайырлы боларын біліп тұр ма екен? («Өліара»).
Табиғат-ана жайлы ғана жыр ма? Алатау қарттың заңғарлығы мен тәкаппарлығын айтқысы келгені ме? Жо-жоқ, бұның да астарына қос ақын құшақ-құшақ соқталы ойды тығып тастап, ал түсініп алыңдар деп біздерге ой-көкпар тастап қойып отыр. Оны енді әркім әртүрлі, әрқилы түсінер! Шын поэзияның қатпары қалың, астары терең болып келетіні де, әр заман өзінше талқылап, өзінше бағалап жатары да содан.
Заманның зобалаңы мен зорлығы, қиянаттар мен қорлықтардың молдығы ақын жанын әп-сәтте мүжіп, жаралап тастауы заңдылық. Мұқағали ақын да, Есенғали да өз халқы бастан кешкен кешегі зұлматты жылдарды кеуделеріне шемен етіп сақтап, әркез айналып соғып, еріксіз жыр кестелеген сыңайлы.
– Босқанда ел-жұрт боздаған,
Ескі әнді, шеше, қозғама!
Елестеп маған өтеді,
Құлазып жатқан боз дала,
Ескі әнді, шеше, қозғама!
...Күңіренсең, шеше, ескі үнмен,
Жеті қат жердің астынан,
Бабамның даусы естілген.
Күңіренбе, шеше, ескі үнмен!
(Мұқағали, «Ескі әнді, шеше, қозғама»).
– «Ел қырылған» деседі мына дөңде,
Не деймін мен осынау тұл әлемге?
...Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,
Мақпалды сусыма құм жапқан сынды, –
Құм басып өлген қыздың қолаң шашы,
Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды...
(Есенғали, «1932 жыл. Қазақстан»).
Ақындық байқампаздық па? Ақынның жазықсыз жер жастанған жандар жайлы тебіреніп, тұла бойымен азынап жоқтауы ма? Әлде, замана запыранынан «қан құсқан» кісінің жан азабын бастан кешуі мен сол күндерге лағнет айтуы ма? Тағы да талғамға жүгінеміз. Тағы да әр жүректің өзінше ойпаңды ойға жетелеп әкетер әрекет-әсерін алға тартамыз.
***
Анығы сол, біз аға буын және кейінгі буын екі ақын жайлы ой қозғағанда, олардың өлеңдерін қайта-қайта сараптап, жақсысы қайсы екен деп теріп жазуды әсте ойламадық, оның тіпті қажеті де жоқ екен. Өйткені Мұқағали өз биігіне әлдеқашан орныққан ақын. Қазақ поэзиясының мұзарт шыңына айналып кетті. Ал Есенғали ше? Біздіңше, Есенғали да осы күні өз шыңы бар ақын. Оны біз қаласақ та, қаламасақ та – әлдеқашан биіктеп алған. Биіктеткен ешкім де емес, өзінің отты өлеңдері, жойқын жырлары. Қысқасы, екеуі де ұлт ақынына айналды.
Сосын да Мұқағали ақын:
– Бәрін де түйсін, білсін тылсым кеуде,
Қосылсын дүрсіл келіп дүрсілдерге.
Күрсінсең, аспан болып күрсін, кеуде,
Жай оты жанар болып жүрсін менде! – десе, ақын Есенғали:
– Заман – өзен, талай толқын озды алға,
Озады ғой, оған, сірә, сөз бар ма?
Темірқазық, біздікі жөн бәрібір,
Темірқазық, айналайын, қозғалма! – деп төгілуге толық хақы бар.
...Мен, тағы да айтам, осы Мұқағали мен Есенғали жырларынан бір үндестіктің сиқырлы сазын сезгендей болам. Әлде, қателесем бе?
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ