Олжас Бектенов Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты

/
Олжас Бектенов Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты
primeminister.kz

Минск қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері мен Еуразиялық үкіметаралық кеңес басшыларының отырыстарына қатысушылармен ұжымдық кездесуіне, сондай-ақ шағын және кеңейтілген құрамдағы ЕҮАК отырысына қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Беларусь Республикасының Президентімен ұжымдық кездесу барысында өзара сауда мен экономикалық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетуге және келешегі зор салаларда бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға назар аударылды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьер-министрі Мгер Григорян (бейнеконференция арқылы), ЕАЭО жанындағы бақылаушы елдерден – Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Иран Республикасының өнеркәсіп, шахта және сауда министрі Сейед Мохаммад Табак, Куба Республикасының өнеркәсіп министрі Элой Альварес Мартинес, іс-шараға шақырылған елдерден – Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Али Асадов қатысты. Сондай-ақ ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және басқа да өкілдер қатысты.

Шағын құрамда 2025 жылғы 31 қаңтарда өткен ЕҮАК отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Бірқатар ұйымдастырушылық мәселе шешілді.

Кеңейтілген құрамда қатысушылар ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін, көлік инфрақұрылымын дамыту және тағы да басқа мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов өз сөзінде экономикалық үдерістерді тереңдетуге баса назар аударды. Кооперацияда, көлік-транзиттік және цифрлық салаларда елеулі әлеует бары атап өтілді.

ЕАЭО-ның жаһандық экономикадағы ұстанымын нығайтудың маңызды шарты – халықаралық ынтымақтастық және жаңа нарықтарға шығу үшін қолайлы жағдай жасау.

Жиында азық-түлікпен қамтамасыз ету және орнықты дамудың стратегиялық негізі ретінде агроөнеркәсіп кешеніне арнайы назар аударылды. Бұған дейін бірлескен өнеркәсіптік жобалар саласында қолданылып келген ЕАЭО бюджеті есебінен ауыл шаруашылығы саласына қаржылай жәрдемдесу тетіктерін тарту мәселесі пысықталды. Бұл тәсіл озық технологияларды енгізуді жеделдетіп, тұрақты жеткізу тізбегін нығайтады және ЕАЭО елдері өнімдерінің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Өз кезегінде, техникалық регламенттерді әзірлеу саласындағы цифрландыру жұмыстары қауіпсіздікке қойылатын бірыңғай талаптарды өзектендіруге, жеделдетуге және ашықтығын арттыра түсуге септігін тигізеді. Ал бірлескен «Цифрлық техникалық реттеу» жобасын жүзеге асыру интеграцияға жаңа серпін береді.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяудағы Жолдауында алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды шынайы цифрлық елге айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Қазақстан Үкіметі қазір цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізуде. Біз жақын арада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын ашамыз, ол цифрлық экономиканы, шығармашылық индустрияны ілгерілетуде және жасанды интеллект экожүйесін құруда драйверге айналмақ. Қазақстандық IT шешімдердің экспортын ұлғайту бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Барлық әріптесімді ЖИ саласындағы жобаларды қарқынды жүзеге асыруға шақырамын. Бұл біз әзірлеп жатқан Жол картасында елеулі орын алуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Қабылданған шешімдер өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кооперацияны, цифрлық ынтымақтастық құралдарын дамытуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және Одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық орнықтылығын нығайтуға бағытталған.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы осы жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында (Ресей Федерациясы) өтеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары