Тыныс алуды жылдамдату арқылы орындалатын арнайы жаттығулар адамның санасында жаңа байланыстар тудыруы мүмкін. PLOS One журналында жарияланған жаңа зерттеу мұндай тәжірибелердің ми қан айналымы мен вегетативтік жүйке жүйесіндегі өзгерістермен тікелей байланысты екенін дәлелдеп берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Breathwork деп аталатын әдістер адамның тыныс алуын қадағалап, әдейі өзгертуге негізделген. Жиі музыкамен бірге жүретін қарқынды, терең тыныс алу техникасы эмоция мен қабылдауды түбегейлі өзгертеді. Көптеген тәжірибешілер бұл әсерді психоделик заттарға ұқсас сезімдермен – бақыт, бірлік, рухани толысу салыстырады.
Әйми Амла Картар бастаған ғалымдар тобы үш бөлек тәжірибе өткізді. Жалпы 31 тәжірибелі қатысушы тартылды: бір бөлігі онлайн сеанстарға қосылса, қалғандары зертханаларда бейнелеу техникасымен және физиологиялық өлшеулер арқылы бақыланды. Музыка ырғағы үдеген сайын қатысушылар тыныс алуды жиілетті, ал зерттеушілер олардың эмоциясын, ми қантамырларын және жүрек соғу көрсеткіштерін өлшеді.
– Жылдам тыныс алу ми қан айналымын жалпы төмендетті, бірақ эмоция мен естелікке жауапты аймақтарда қан ағысы керісінше артты.
– Сол жақ артқы инсулар аймағында қан ағысының азаюы қатысушылардың «шексіздік пен бірлік» күйін бастан өткеруімен тікелей байланысты болды.
– Жүрек соғу вариабельділігі төмендеп, симпатикалық жүйке жүйесінің («күрес немесе қаш» реакциясы) белсендірілуі байқалды.
Зерттеуге қатысқандардың көбі қорқыныш немесе үрей сезінбеген, керісінше жағымсыз эмоциялар азайып, тыныштық пен рухани байланыс артқан. Ғалымдар бұл тәжірибенің терапиялық әлеуеті зор екенін айтады: ол психикалық күйзелісті азайтып, эмоцияны қайта өңдеуге көмектесуі мүмкін.
Қатысушылардың аздығы және олардың барлығы тәжірибелі болғаны нәтижені баршаға қолдануға кедергі келтіреді. Бұдан бөлек, зерттеу барысында бақылау тобы болмаған. Ғалымдар енді жаңадан бастаушыларды және психикалық бұзылыстары бар адамдарды тартып, кеңейтілген зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.