Еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

/
Еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

25 қыркүйекте Қазақстанның 15 өңірінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz "Қазгидромет"-ке сілтеме жасап.

Жетісу облысында күндіз солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Алматы облысында түнде және таңертең оңтүстігінде және таулы аудандарында тұман күтіледі. Сол аумақтарда желдің жылдамдығы 18–23 м/с-қа жетеді. Солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қонаевта желдің күші 18–23 м/с болады.

Батыс Қазақстан облысында күндіз батысы мен солтүстігінде найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Өңірдің көп бөлігінде өрт қаупі өте жоғары. Оралда найзағай ойнап, жоғары өрт қаупі сақталады.

Атырау облысында түнде және таңертең батысында тұман түседі. Солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар. Атырау қаласында да осындай жағдай сақталады.

Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары болып отыр.

Жамбыл облысында түнде таулы аудандарда тұман түседі. Кей жерлерде желдің күші 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Өңірдің батысы, солтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі бар.

Түркістан облысында күндіз солтүстігінде шаңды дауыл соғады. Кей жерлерде желдің екпіні 23 м/с-қа дейін күшейеді. Шымкент пен Түркістанда төтенше өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысында таңертең және күндіз найзағай күтіледі. Желдің күші 15–20 м/с. Оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.

Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстігі мен шығысында сынап бағаны +1°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді.

Павлодар облысында түнде және таңертең тұман, күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Шығысында өрт қаупі жоғары.

Ақтөбе облысында оңтүстігінде жоғары, басқа аймақтарында төтенше өрт қаупі бар.

Ұлытау облысының оңтүстігінде 25–26 қыркүйекте өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады.

Қарағанды облысында желдің екпіні 15–18 м/с болады. Оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.

Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетеді. Қызылорда қаласында да шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 17 м/с болады.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз жел күшейіп, кей жерде 25 м/с-қа жетеді. Петропавлда желдің екпіні 15–20 м/с құрайды.

Ақмола облысында күндіз батысы, солтүстігі және шығысында жел күшейіп, 15–20 м/с болады. Көкшетауда да осыған ұқсас жағдай күтіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары