Cары, ақ, қызыл алтын – қайсысы қымбатырақ?

/
Cары, ақ, қызыл алтын – қайсысы қымбатырақ?
сурет: istockphoto.com

Таза алтын күнделікті қолданысқа қолайлы емес: ол өте жұмсақ, тез майысып, пішінін сақтай алмайды. Сондықтан 999 сынамалы таза алтынды тек банктердегі құйма немесе монета түрінде кездестіруге болады. Ал әшекей бұйымдарын жасау үшін алтынға қосымша металл қоспалары лигатура қосылады. Сол арқылы сары, ақ және қызыл алтын алынады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алтынның түсі қалай өзгереді?

Бастапқы негіз – сары алтын. Оған әртүрлі металдар қосу арқылы басқа түстер алынады. Қызыл және қызғылт реңк алу үшін алтынға мыс қосылады, кейде оның мөлшері 40%-ға дейін жетеді. Мыс тек түсін өзгертпей, алтынды жұмсартып, оны өңдеуді жеңілдетеді.

Ақ алтын жасау үшін никель, платина, күміс және палладий қолданылады. Дегенмен алтынның табиғи түсі сақталатындықтан, ол ешқашан толықтай ақ болмайды, аздап сарғыш рең қалады. Шын мәнінде зергерлік әшекейлердің «суық ақ» және жылтыр түске ие болуы оларды родиймен қаптаудың нәтижесі. Родий әшекейлерді тек сәнді етіп қана қоймай, тозуға төзімділігін де арттырады.

Баға неге әртүрлі?

Алтынның құнына бірнеше фактор әсер етеді: сынамасы, қолданылған қоспалардың құрамы, өңдеу қиындығы, әшекейлеу және нарықтағы сұраныс.

Қызыл алтын дәстүрлі түрде ең арзан болып саналады, себебі оның құрамындағы мыс күміске қарағанда әлдеқайда арзанырақ. Сары алтын одан қымбат, өйткені құрамында күміс бар және ол сатып алушылар арасында кең таралған.

Ал ақ алтын әдетте ең қымбат түрі болып есептеледі. Оның себебі платина тобына жататын қымбат және сирек кездесетін металдар қолданылады. Ақ алтын әдетте 750 сынамалы, ал сары алтын 585 сынамалы болып кездеседі. Бұған қоса, родиймен қаптау процесі де бағаны арттырады: родий платинадан да қымбат, әрі әлемде жылына небәрі шамамен 22 тонна ғана өндіріледі.

Сондықтан зергерлік нарықта ең жоғары бағаланатыны – ақ алтын, одан кейін сарысы, ал қызыл алтын қолжетімді саналады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары