Астанада Tesla көлігін тізгіндеген 14 жастағы оқушы полициядан қашпақ болды (ВИДЕО)

/
Астанада Tesla көлігін тізгіндеген 14 жастағы оқушы полициядан қашпақ болды (ВИДЕО)
видеодан скриншот

Астанада полиция қызметкерлері рөлде 14 жастағы мектеп оқушысы отырған Tesla электромобилін тоқтатты. Жасөспірім жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Жедел басқару орталығының камераларына түсіп қалған. Полицейлердің бірнеше рет белгі беруіне қарамастан, жүргізуші тоқтамай, қашып кетуге әрекет жасаған. Көлік ішінде тағы бір кәмелетке толмаған жолаушы болған.

Белгілі болғандай, бұл аталған көлікке қатысты алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де ол қауіпті жүргізу әрекеттері үшін полиция назарында болған.

"Наурыз айында бұл көлікпен бірқатар заңбұзушылықтар, оның ішінде қауіпті маневрлер тіркелген. Қазіргі уақытта автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды", – деп мәлімдеді полиция.

Жасөспірімге жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар оның ата-анасы да жауапкершілікке тартылады. Оларға көлікті куәлігі жоқ адамға бергені және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін айыппұл салынбақ.

Полиция өкілдері куәліксіз көлік басқару – айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретін өрескел заң бұзушылық екенін ескертті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары