Қайғылы жағдай 11 қыркүйек түнінде Астана – Петропавл тасжолында болды. Жол бойында дөңгелек ауыстырып жатқан екі жігітті көлік қағып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Nissan Almera автокөлігінің жүргізушісі Астана – Петропавл автожолының 178-шақырымында 21 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жігіт алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Тағы бір 21 жастағы жас жігіт зардап шекті. Ол Бұланды аудандық ауруханасына «ми шайқалуы, жарақат» диагнозымен жеткізілді.
Жәбірленушінің айтуынша, олар өз көліктерінің дөңгелегін жөндеп жатқан кезде өтіп бара жатқан көлік соғып кеткен.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түнгі оқиға жайлы ақпаратты растады және аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.