Якутияда полиция 14 млн рубльге бағаланған 2,5 келі алтынды заңсыз тасымалдамақ болған мигранттарды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға «Нам» автожолының 58-шақырымында болған. Нөмірсіз Toyota Vellfire көлігін тоқтату кезінде рөлде Кемерово облысының 48 жастағы тұрғыны отырғаны анықталды. Салонда екі Қазақстан азаматы және Кемерово тұрғыны болған.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары 430 мың рубль, үш пластик ыдыс, екі тубус, металл банка, сондай-ақ темекі қоспасының қаптамасына салынған алтын құм мен қорытпа бөлшектерін тапты.
Сараптама нәтижесінде алынған заттардың шағын самородкалары бар алтын құм екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, күдіктілер Верхоян ауданындағы кен орнында лицензиясыз алтын құрамды құмды жуып, алынған алтынды басқа өңірде сатуды жоспарлаған.
Факт бойынша заңсыз қымбат металл айналымы бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.