Қытайдың Фуцзянь провинциясындағы Цюаньчжоу қаласында тұратын 19 жастағы Сяо Дун есімді студент таңертең оянғанда аяқ-қолын сезбей, қозғала алмай қалған, деп хабарлайды turkystan.kz odditycentral.com-ға сілтеме жасап.
Үшінші курста оқитын жас жігіт көпшілік қатарластары сияқты күн сайын ұзақ уақытын телефонға үңіліп өткізген. Жазғы демалыста ыдыс жуып, үстел сүртетін жұмысқа орналасқан ол бірнеше сағат бойы еңкейіп жүрді. Бұған қоса, бос уақытын телефонға үңіліп, ойын ойнауға және әлеуметтік желі қарауға жұмсаған.
Салдарынан жұлын маңындағы қан тамырларына қысым түсіп, денесінде ұйып қалу белгілері байқала бастаған. Ал 30 шілде күні ол аяқтарын мүлдем сезбей, қозғала алмай қалған.
Дәрігерлер оған тез арада ота жасап, тромбты алып тастаған. Қазір Сяо Дун аяқ-қолын қайта қозғалта бастаған, дәрігерлер оның толық сауығып кететініне сенімді.
Мамандардың айтуынша, басты ұзақ уақыт еңкейтіп отыру қан айналымының іркілісіне әкеліп, тамырлардың ісінуіне және қалыптан тыс кеңеюіне себеп болады. Қан дұрыс таралмаған жағдайда бас ауруы, бас айналу, созылмалы шаршау, мойын мен иықтағы ұйып қалу сияқты белгілер байқалады. Ал ауыр жағдайларда қан тамырларының құрылымы мен орталық жүйке жүйесі зақымданып, ми инфарктіне немесе салдануға әкелуі мүмкін.