Жапон компаниясы шұлықты 280 теңгеге қымбаттатпақ болғаны үшін халықтан кешірім сұрады

/
Жапон компаниясы шұлықты 280 теңгеге қымбаттатпақ болғаны үшін халықтан кешірім сұрады

Жапонияда тауар бағасын көтеру компаниялар үшін үлкен мәселеге айналған. Елде қымбатшылық күшейгенімен, ондаған жыл бойы тұрақты бағаға үйренген тұтынушылар өзгерісті оңай қабылдай алмай отыр. Тіпті танымал Uniqlo бренді шұлықтың бағасын көтермек болғаны үшін халықтың наразылығына ұшырап, шешімінен бас тартты. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Uniqlo шұлық бағасын 290 иеннен (шамамен 820 теңге) 390 иенге (1100 теңге) дейін өсіруді жоспарлаған. Алайда әлеуметтік желідегі наразылықтан кейін компания небәрі 11 күн ішінде шешімін өзгертіп, бұрынғы бағаны сақтап қалды.

Ал Жапониядағы танымал Saizeriya мейрамханалар желісі өзінің фирмалық тағамын небәрі 20 иенге (56 теңге) қымбаттатқаны үшін тұтынушылардан кешірім сұрады. Компания басшылығы шығындарды азайтуға жеткілікті күш жұмсамағанын айтып, болашақта бағаны қайта төмендетудің жолдарын іздеуге уәде берді.

Бір қызығы, мейрамхана бір стақан шараптың бағасын өзгертпеген. Ол әлі де 100 иен (шамамен 280 теңге) тұрады. Компания мұны келушілерге қолжетімді бағаны сақтап қалуға деген ұмтылысымен түсіндірген.

Окаяма префектурасында шағын рамен мейрамханасын ұстайтын 68 жастағы Сачи де бағаны көтеруге қиналатынын айтады.

«Егер тағамды бірден 200 иенге (560 теңге) қымбаттатсам, бізді жылдар бойы қолдап келген тұтынушылардың алдында өзімді кінәлі сезінер едім. Сондықтан қиындыққа өзім төзе тұрғанды жөн көремін», – дейді ол.

Мұның себебі – Жапонияның отыз жылға жуық дефляция жағдайында өмір сүруі. Осы уақыт ішінде халық бағаның өзгермеуіне немесе төмендеуіне үйренген. Ал қазір инфляция күшейіп, шикізат пен жұмыс күшінің құны өссе де, кәсіпкерлер тұтынушыларын жоғалтып алмау үшін бағаны көтеруге асықпайды.

Токио университетінің экономика профессоры Цутому Ватанабенің пікірінше, жапондардың қымбатшылықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдауына тағы үш-төрт жыл қажет болуы мүмкін.

Осылайша әлемнің көптеген елінде бағаның өсуі үйреншікті жағдайға айналса, Жапонияда бірнеше ондаған иенге қымбаттаған тауардың өзі үлкен қоғамдық талқылау туғызады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар