Қазақстан құрамасы бочча турнирінде 5 медаль жеңіп алды

/
Қазақстан құрамасы бочча турнирінде 5 медаль жеңіп алды

25 тамыз күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан Astana 2025 World Boccia Challenger турнирінің жекелей финалдық кездесулері өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық құрама спортшылары тамаша ойын өрнегін көрсетіп, екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді.

Алтын медаль иегерлері:

  • Итиана Шингисханова (BC2 санаты) финалда Оңтүстік Корея спортшысын 8:3 есебімен жеңіп, Astana 2025 World Boccia Challenger чемпионы атанды;
  • Балжан Бөлекпаева (BC1 санаты) шешуші ойында Ираннан келген қарсыласын ұтып, алтын медальға қол жеткізді.

Күміс медаль иегерлері:

  • Азамат Аязбаев (BC4 санаты) сенімді ойынымен финалға дейін жетіп, шешуші сында ирандық спортшыға жол беріп, күміс жүлдегер атанды;
  • Ерхат Алмат (BC1 санаты) жарыс бойы шеберлігімен танылып, финалда Оңтүстік Корея спортшысымен кездесті, нәтижесінде күміс медаль еншіледі.

Қола медаль иегері:

  • Эльмира Мусралиева (BC4 санаты) жартылай финалда ирандық спортшыға жол бергенімен, үшінші орын үшін матчта БАӘ спортшысын 9:0 есебімен ойсырата ұтып, қола медальға ие болды.

25 тамызда турнирде ерлер мен әйелдер арасында BC1, BC2, BC3 және BC4 жекелей санаттарында финалдық ойындар өтті. Жарыс 26-27 тамыз күндері жұптық және командалық кездесулермен жалғасады.

Astana 2025 World Boccia Challenger – Қазақстанда алғаш рет BISFed қолдауы аясында ұйымдастырылып отырған халықаралық челленджер. Турнир 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңінің бір бөлігі болып саналады.

Astana 2025 World Boccia Challenger турнирінің ұйымдастырушысы – Қазақстан бочча федерациясы. Жоба ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Sport Qory қорының, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының және өзге де серіктестердің қолдауымен жүзеге асуда.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары