Ұлыбританиядағы зерттеушілер сүт безі қатерлі ісігінің лимфа түйіндеріне жайылған-жайылмағанын анықтаудың жаңа жолын тапты. Олар дәстүрлі радиоактивті және бояғыш әдістердің орнына шағын гауһар негізіндегі сенсорды пайдалануды ұсынады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қатерлі ісік әдетте алдымен жақын орналасқан лимфа түйіндеріне тарайды. Бүгінде дәрігерлер оны радиобелсенді маркерлер немесе флуоресцентті бояғыштар арқылы бақылайды. Алайда кей науқастарға бұл әдіс аллергия тудыруы мүмкін, ал кей клиникаларда радиоактивті материалдарды қолдануға мүмкіндік жоқ.
Жаңа сенсорды жасаған ғалымдар операция кезінде ісікке магниттік сұйықтық енгізуді ұсынады. Ол лимфа түйіндеріне жеткенде, дәрігерлер сенсордың ұшына орнатылған гауһар тас арқылы магнит өрісін байқап, қай түйіндерді алып тастау қажет екенін анықтай алады.
Гауһар тастардың ерекшелігі – олардың азоттық орталықтары магнит өрісіндегі ұсақ өзгерістерді сезе алады әрі өзіне тән қызғылт түс береді. Бұл сенсордың ұшы небәрі 10 миллиметр, яғни хирургиялық операцияларда қолдануға ыңғайлы деңгейге дейін кішірейтілген.
Зерттеу нәтижелері Physical Review Applied журналында жарияланды. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл радиациясыз әрі уытсыз болғандықтан, науқастар үшін анағұрлым қауіпсіз болмақ.