Ұлттық қордан алынған қаражат оған түскен түсімнен екі есе асып кетті. Ал бюджет кірісінің үштен бірі осы Ұлттық қордан алынған қаражат есебінен жиналған.
Былтыр Үкіметтің Ұлттық қордан алған ақшасы белгіленген межеден айтарлықтай асып түсіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін жеткен еді. Сол кезде Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі, сондай-ақ Ұлттық Банк ахуалдың алаңдатарлық екенін айтып, Ұлттық қордан алынатын қаражаттың белгілі бір пайыздық шегін белгілеуге келіскен-ді. Ал одан бір жыл бұрын Ұлттық Банк Үкіметке Ұлттық қордан алынатын ақша көлемін есепсіз ұлғайта беруге тыйым салу туралы ұсыныс жолдаған болатын.
Осы бастамалар мен келісімдерге қарамастан, айтарлықтай өзгеріс, тіпті ереже мен шектеуді сақтауға деген ұмтылысты байқай алмай отырмыз. Ал Ұлттық қор ортайып барады, бюджеттің трансферттерге деген тәуелділігі ушығып барады.
Бюджеттің үштен бірін Ұлттық қор жауып отыр
Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша, республикалық бюджет кірістерінің көрсеткіштерінен алаңдайтындай үрдіс байқалады. 54 трлн теңге түсімнің үштен бірі Ұлттық қордан алынған трансферттердің есебінен жиналған. Бұл бюджеттің ішкі кіріс көзінің жеткіліксіз екенін, салық түсімдерінің әлеуметтік шығыстарды толық жабуға қауқарсыз екенінен хабар береді.
Дегенмен салық жинау, салық түсімі көрсеткіштері жаман емес: қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы мен кедендік төлемдер бойынша жоспардың 94-103 пайызға орындалуы
экономикалық белсенділік сақталып отырғанын аңғартады. Бірақ осы түсімдердің жиынтық көлемі Ұлттық қордан түскен қаржының орнын баса алмай отыр. Тіпті, трансферт көлемі корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС түсімдерін қоса алғаннан да асып түседі.
Шығыстар жағынан әлеуметтік блок әдеттегідей басты орынға шықты. 3,48 трлн теңге әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталса, денсаулық сақтау мен білімге де қомақты қаражат бөлінді. Бірақ денсаулық сақтау саласының ішкі құрылымын қарастырсақ, мемлекет тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлінген қаржы жалпы шығыстың ең көп бөлігі болып отыр. Бұл, бір жағынан, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтсе, екінші жағынан, сақтандыру жүйесінің өз бетінше тұрақты жұмыс істеу қабілетіне күмән тудырады. Өйткені қордың шығыстары түсімдерінен екі еседен асып түскен. Мұндай теңгерімсіздік ұзақ мерзімде бюджетке қосымша қысым түсіруі ықтимал.
Қарыз жүктемесі де өсіп келеді. Жеті айда мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге 2,01 трлн теңге жұмсалған, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 19 пайызға артық. Бұл сома Ұлттық қордан бөлінген кепілдендірілген трансферт көлеміне тең, яғни қордан алынған қаражат әлеуметтік міндеттемелерді емес, қарызға кеткен шығынды жабуға жұмсалғандай әсер қалдырады. Бұған қоса, тағы қарыз тарту үрдісі жалғасып отыр: қарыз алу көлемі 5,2 трлн теңгеге жеткен, оның ішінде 3,82 трлн теңге – ішкі, ал 1,37 трлн теңге – сыртқы қарыз. Осылайша, бюджет бір мезгілде Ұлттық қорға да, қарыз құралдарына да сүйеніп отыр.
Ұлттық қор да ортайып барады
Бұған қоса, Ұлттық қордың кірісі мен шығысы арасындағы алшақтық барған сайын ұлғайып келеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың жеті айында қорға 1,71 трлн теңге түссе, жұмсалған қаражат көлемі 3,49 трлн теңгеге жеткен. Бұл – шығыстардың түсімдерден екі еседен артық болғанын білдіреді. Осы динамика қордың бастапқы миссиясына қайшы: ұзақмерзімді жинақ қалыптастырудың орнына, ағымдағы бюджет тапшылығын жабудың негізгі көзіне айналып барады.
Кіріс құрылымы да экономиканың «шикізатқа тәуелділігін» тағы бір мәрте айқындады. Ұлттық қорға түскен қаражаттың негізгі бөлігі мұнай секторынан келген тікелей салықтардан түскен – 2,28 трлн теңге. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы – 742 млрд теңге, пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 726 млрд теңге, экспортқа ренталық салық – 169 млрд теңге. Ал қорды әртараптандыратын басқа көздердің үлесі тым мардымсыз. Бұл көрсеткіштер экономиканың мұнай кірістеріне тәуелділігі әлі де сақталып отырғанын, ал қорды толықтыратын балама көздердің жеткіліксіз екенін айғақтайды.
Ең алаңдатарлық жайт – инвестициялық табыс көрсеткіші. Ұлттық қор, аты айтып тұрғандай, тек шикізаттан түскен салықтарға ғана емес, халықаралық нарықтағы инвестициялық кірістерге де сүйенуі тиіс еді. Алайда 2025 жылы инвестициялық қызмет оң нәтиже бермеді: жеті айдың ішінде 584 млрд теңгеден астам шығын тіркелген. Бұл – қор активтерін басқару тиімділігіне қатысты қоғамда және сарапшылар арасында заңды сұрақ туындатады. Ұлттық қордың басты артықшылығы дәл осы инвестициялық кіріс болуы керек еді, ал қазір ол бюджеттің қосымша тәуекел факторы болып отыр.
Нәтижесінде, 2025 жылдың басындағы 34,73 трлн теңгеден тамызға қарай Ұлттық қор активтері 32,94 трлн теңгеге дейін азайды. Егер шығыстар түсімнен тұрақты түрде асып кете берсе, бірнеше жыл ішінде қордың әлеуеті айтарлықтай әлсірейді. Сол кезде Ұлттық қордың басты миссиясы қағаз жүзінде ғана қалып, іс жүзінде бюджеттің «жыртығын жамауға» арналған резервке айналып кетуі ғажап емес.
Экономист сарапшы Арман Байғановтың айтуынша, қазіргі басты мәселе – Қазақстандағы бюджет тапшылығы. Оның пікірінше, кейінгі жылдары салық түсімдері азайып барады, ал әлеуметтік шығыстар керісінше өсіп жатыр. Осы себепті Ұлттық қордан қаражат алу көлемі ұлғайып отыр. Ол биыл қабылданған жаңа Салық кодексі келер жылдан бастап жағдайды оңалтуға септігін тигізеді деген пікір айтты.
Ал экономист сарапшы Сапарбай Жобаев мәселе салықтың халықтан емес, квазимемлекеттік сектордағы алып компаниялардан жеткілікті түрде жиналмай отырғанында екенін, сондай-ақ мемлекеттің шығынды қысқарта алмай, Ұлттық қордан ақша алуға әбден үйреніп қалғанында екенін айтады. Сондай-ақ ол контрциклдік бюджет ережесімен қатар қосымша әдістерді қолдану қажет деп есептейді.
Сапарбай Жобаев,
экономист:
Тағы да қосымша әдіс-тәсілдер қажет
– Өкініштісі, Үкімет Ұлттық қордан қаражат алуға үйреніп қалды. 2024 жылға салық түсімдері 15 триллион теңгеден астам деп жоспарланғанымен, шығыстарымыз 21 триллион теңгеге жеткен болатын. Президент Ұлттық қор қорын шашпай, оны 100 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма берді, бірақ менің ойымша, Үкімет бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Мұны тоқтату оңай емес. Сондықтан мен контрциклдік бюджет ережесімен қатар қосымша әдістерді қолдану қажет деп есептеймін. Бюджет жасаудың немесе орындаудың нақты әдістері болуы керек. Әлемнің көптеген елі бюджет тапшылығын 3 пайыздан аспайтын деңгейде ұстап, облигация немесе бағалы қағаз шығару арқылы жабады.
Мен сондай-ақ квазимемлекеттік кәсіпорындардың проблемасына назар аударғым келеді. Бізде мемлекет ішінде мемлекет сияқты әрекет ететін ұйымдар бар, жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын беретін бұл кәсіпорындар көптеген жеңілдік алады. Салық төлеудің орнына бюджеттен қайта-қайта қаражат алады. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» 24-25 миллион тонна мұнай өндірсе де, салық ретінде тек 169 миллиард теңге төлейді, ал «ТеңізШевройл» сол көлемде өндіріп, 2-2,5 триллион теңге салық төлейді. Яғни, мемлекеттен ақшаны алып, есеп бермейді. Өніміміз өтпей қалды, су алды деп сылтауратып, тағы бюджеттен ақша талап етеді. Менің ойымша, квазимемлекеттік кәсіпорындардың шығынын қысқарту және олардың жұмысының нәтижесін талап ету қажет. Бұл мәселені Үкімет қадағалауы керек, ал депутаттар бақылауға алуға тиіс. Ал салықты тек қарапайым халықтан талап ету халықты, мемлекетті, экономиканы тонау деген сөз.
Шығынды қысқарту, мемлекеттік басқаруды реформалау мен квазимемлекеттік кәсіпорындардан есеп талап ету – бюджетті тұрақты ұстап, Ұлттық қордың болашаққа сақтаудың басты кілті.
Арман Байғанов,
экономист:
Жаңа Салық кодексі мәселені реттейді деп ойлаймын
– Біздегі басты проблема – бюджет тапшылығы. Яғни, салық түсімдері азайды, әсіресе былтырдан бері көрсеткіш азайып барады. Биыл да кіріс бөлігі бойынша жоспардың орындалуы төмендеп, салық түсімі қысқарды, ал әлеуметтік шығыстар, керісінше, өсіп отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан көбірек қаражат алынып жатыр. Осы себепті де жаңа Салық кодексі қабылданды. Ол тек келесі жылдан бастап жұмыс істейді. Менің ойымша, сол кезде көбірек түсім түседі: ҚҚС өседі, басқа салықтар өзгертіледі, ҚҚС бойынша айналым шегі қысқарады, яғни салық төлеушілер көбейеді. Осы арқылы түсім ұлғаяды. Демек, менің ойымша, Ұлттық қорды толықтыру мен одан алу процесі тек келесі жылдан бастап қалыпқа келуі мүмкін. Ал биыл қордан қаражат алу, мүмкін, одан әрі көбейе береді.
Сонымен қатар тағы бір проблема – салықты басқару. Қазақстанда көлеңкелі экономиканың белгілі бір деңгейі бар. Қазір Үкімет барлық жағынан бақылау әдістерін күшейтіп жатыр. Қаржы мониторингі агенттігі де белсенді жұмыс істеп, әртүрлі көлеңкелі бизнесті анықтауға күш салып отыр. Сондай-ақ көптеген салада цифрландыру енгізілуде. Менің ойымша, кіріс бөлігі мен салық түсімдерінің төмендеуі алдағы уақытта реттелуі мүмкін. Әсіресе, цифрлық теңге айналымға енгенде нәтиже болады деп ойлаймын. Қазір Үкімет бұл жобаны сынақтан өткізіп жатыр. Жақын жылдары цифрлық теңге толық қолданысқа енгізілсе, көлеңкелі экономика азайып, түсімдер артады. Сол кезде Ұлттық қор да толыға түседі деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, биыл да тапшылық мәселесінде оң өзгеріс байқалмай отыр, Ұлттық қордағы қаражатты жұмсауды шектеуге де қауқар болмай тұр. Бұл ретте сарапшылар үнемдеу, салық саясатындағы әділдік пен ашықтық қана мәселені реттей алады дейді.