Ардагерлерге құрмет – қастерлі парыз: «AMANAT» тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті

/
Ардагерлерге құрмет – қастерлі парыз: «AMANAT» тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова Жеңіс күні қарсаңында тыл еңбеккері Роза Жанзақованы арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бейбіт өмірді қалпына келтіруге өлшеусіз үлесін қосқан аяулы жанға шынайы құрмет көрсетіп, айрықша алғысын білдірді.

Роза Иманбекқызының әкесі Ақмола облысы Атбасар ауданының тумасы. 1940 жылы әкесі жазатайым оқиғаға ұшырағаннан кейін отбасы Петропавл қаласына көшіп барды. Кейін 1941 жылы Ақмола облысы Степняк ауданы Данилов кенішіне қоныс аударады. Осында Роза Иманбекқызы орта мектептегі оқуын жалғастырып, оны 1951 жылы тәмамдады. Кейін Алматы медицина институтына оқуға түсіп, аталған жоғары оқу орнын 1957 жылы акушер-гинеколог мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын бұрынғы Көкшетау облысы Щучинск қаласындағы аудандық ауруханада ординатор болып бастады. Тұрмысқа шыққаннан кейін Қарағанды қаласына көшіп барып, №9 ауруханада акушер-гинеколог ретінде жүйелі жұмыс істеді. Кейін сол аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. 1988 жылы зейнеткерлікке шықты. Отбасы екі ұл тәрбиелеп өсірді. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері», «Тыл еңбеккері» медальдарымен және мерейтойлық наградалармен марапатталды.

«Ұлы Отан соғысының жаңғырығы ел есінен мәңгі өшпейді. Жауынгерлер майдан даласында жауған оқтың астында жүріп, туған жерін қорғады. Әрине, Жеңіс күні оңайлықпен келген жоқ. Миллиондаған адамның ғұмырын қиып, қаншама шаңырақты шайқалтты. Сондықтан бүгінгі ұрпақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күннің қадіріне жетіп, басымызға қонған бақытты бағалай білуге тиіс», – деді Роза Жанзақова.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету – ұрпақ алдындағы қастерлі парыз екенін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты. Сондықтан Ұлы Отан соғысы жылдары жаудың бетін қайтарып, жеңіске жетелеген ардақты ардагерлеріміздің, өнегелі өмірі тағылымға толы тыл еңбеккерлерінің ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ. Жеңіс күні – ең алдымен, тарихқа тағзым ететін, аға буынға айрықша құрмет көрсететін қастерлі мереке. «AMANAT» партиясы ел азаматтары арасында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ғибратты ғұмырын насихаттай береді», – деді Шолпан Каринова.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да ардагерлерді құрметке бөлеп, қолдау көрсетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар