Дағыстанда ер адам екі әйелді кепілге алды

/
Дағыстанда ер адам екі әйелді кепілге алды

Дағыстанда құқық қорғау органдары екі әйелді кепілге алған қарулы ер адамды залалсыздандырды. Оның мұндай әрекетке баруына некені бұзу туралы сот шешіміне келіспеуі себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы аймақтық ІІМ баспасөз қызметі ақпарат таратты.

«8 тамыз күні Тарумов ауданының 62 жастағы тұрғыны аңшы мылтығын алып, бұрынғы жұбайының үйіне басып кірген. Ол жерде әйелдің сіңлісі де болған. Ер адам екеуін де кепілге алып, аудандық судья мен прокуратура өкілін шақыруды талап еткен. Оның бұл әрекетке баруына некені бұзу ісі бойынша сот шешімімен келіспеуі себеп болған», – делінген хабарламада.

Кепілге алынған әйелдерді босату операциясына Дағыстан ІІМ қызметкерлері мен Ресей Ұлттық гвардиясы құрамындағы «Ястреб-Каспий» СОБР арнайы жасағының сарбаздары қатысқан. Әйелдер аман-есен құтқарылды.

«Күдіктімен жүргізілген келіссөздер барысында алдымен оның бір кепілге алған адамы — әйелдің сіңлісі босатылды. Екі сағаттан кейін СОБР қызметкерлері операцияның белсенді фазасына кірісті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күдікті залалсыздандырылып, екінші әйел де дін аман босатылды», – деп қосты ІІМ өкілдері.

Ер адам полиция бөліміне жеткізілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары