Жас келсе – іске

/
Жас келсе – іске

Астанадағы «Жастар» саябағында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен және «Жасыл ел» жобасына қатысушы белсенділердің қолдауымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық іс-шара өтті.

Шараның мақсаты – елорданың экологиялық ахуалын жақсарту, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, сондай-ақ әр тұрғынды өз ауласындағы тәртіп пен тазалыққа жауапкершілікпен қарауға үндеу.

Экологиялық акцияға Астана қаласы мәслиха­ты­ның төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысып, «Жасыл ел» жобасының қатысушыларына ризашы­лы­ғын білдірді.

– Қоршаған ортаны қорғау – әрқайсымыздың аза­­маттық борышымыз. Қазір «Жасыл ел» жобасына елі­­міздің барлық аймағынан жастар белсенді қаты­сып жатыр. Астаналық қатысушылар мамыр айынан бастап түрлі экологиялық бастамаларға және қаланы кө­гал­­дандыру жұмыстарына белсене атсалысуда. Бү­гін­ге дейін бірнеше жаңа саябақ пен гүлзар ашылды. Алай­да оларды таза ұстау мен күтімін үздіксіз жүргізу қа­жет. Бұл бағытта жастардың үлесі зор, – деді Таби­ғат Зейнұлқабден.

Іс-шара барысында мәслихат төрағасы жастармен бірге жасыл желектерді суарып, кейін бейресми кез­десу ұйымдастырылды. Кездесуде «Жасыл ел» жастары өз сауалдарын қойып, келесі жылы жобаға қатысу­шылар санын көбейтуді ұсынды. Сонымен қатар саябақта Абай Құнанбайұлының туған күніне орай жастар арасында кітап алмасу акциясы өтті.

Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтары­ның XXI маусымы өтіп жатыр. Осы жоба аясында елордада 14 пен 35 жас аралығындағы 5 200-ден ас­там жас жұмыспен қамтылған. Олар құрылыс нысандары мен қала саябақтарын, әлеуметтік меке­мелер мен білім беру ұйымдарының маңын, көгал­дандыру мен таза­лық шараларына белсенді түрде қатысып келеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары