Тарих пен тағылым тоғысқан той

/
Тарих пен тағылым тоғысқан той

1 тамызда Абай облысында ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтой басталды.

Онкүндік аясында ғылыми-танымдық конференциялар мен әдеби кештерден бастап, этноауыл, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, ұлт­тық спорт додалары мен зияткерлік ойын­дар, ақындар мүшәйрасына дейін ұйымдастырылды. Мереке күндерінің әрқайсысы Абай мұрасын заманауи форматта дәріптеуге, халықты өнер мен білім, дәстүр мен ғылымның тоғысында біріктіруге бағытталды.

«Abai akademiyasy» оқырманға жол тартты

Абай облысында бастау алған 180 жыл­дық мерейтой аясындағы айтулы жаңалықтардың бірі – «Abai akademasy» энциклопедиялық порталының тұ­саукесері болды. Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орта­лы­ғында өткен таныстырылымда зиялы қауым өкілдері мен абайтанушы ғалым­дар жиналып, жаңа жобаның мән-маңызына тоқталды.

«Abai akademiyasy» порталы – Абай мұ­расын өскелең ұрпаққа наси­хат­тайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сарап­тама­мен, түрлі форматта жинақталған. Ма­те­риалдар Абай институттары, ғы­лыми орталықтар, архивтер мен мұра­жайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабар­лар мен деректі фильмдер де қамтылған. Жоба жетекшісі Айжан Тәбарак­қы­зы­ның айтуынша, бұл платформада ақын­ның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері тексто­логиялық сараптамамен ұсынылған. Сондай-ақ Абай институттары мен мұрағаттарынан алынған материалдар, бейнежазбалар, деректі фильмдер бір жерге жинақталған.

Облыс әкімі Берік Уәлидің сөзінше, Абай мерейтойы биыл алғаш рет он­күн­дік ретінде ұйымдастырылып отыр.

– Атап өту керек, аталған 10 күн­дік­тің өтуіне қаржыны түгелдей жана­шыр демеушілер көтеріп отыр. Абай тойы­ның өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Ха­кім­нің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір ны­саннан салып беретін болды. Маң­ғыс­тау «Достық үйін», Шымкент –шы­ғар­машылық орталық, Түркістан – көр­ме орталығын, Астана – «Жайлы мек­теп», Ақтөбе – жекпе-жек орталығын, Пав­­лодар облысы – Үстел теннис ор­та­лығын, Шығыс Қазақстан Ертіс жа­ға­лауын жасап береміз деп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниет­терін білдіріп жатыр, – деді облыс әкімі.

Портал туралы пікір білдірген абай­танушы Арап Еспенбетов бұл жобаны «ғы­лыми, мәдени, ақпараттық ортадағы бұ­рын-соңды болмаған ерекше құбы­лыс» деп бағалады. Оның сөзінше, «Abai akademiasy» – ақын мұрасын терең та­нып-білуге жол ашатын әмбебап дерек­көз­ге айналмақ. Шара барысында абай­тану­шы Арап Еспенбетов, «Жи­де­бай-Бө­рілі» музей-қорығының ди­рек­торы Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір энцик­лопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.

Этноауыл той көркін қыздырды

Бұдан бөлек, Семей қаласының Бейбітшілік аралында этноауыл ашылды. Қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен заманауи өнері қатар өрілген бұл кеңістік келушілерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Этноауыл аумағында 10-нан астам киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысы қазақ халқының бай салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді. Ұлттық тағамдардан дәм татуға келген қонақтардың қарасы қалың болды.

Он күн бойы бұл жерде театрлан­дырыл­ған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар үздіксіз өтеді. Ән мен күй төгіліп, ұлттық би сахна төрін сән­дейді. Келушілерге шығармашылық пен шабыттың, дәстүр мен жаңашылдықтың әдемі үндестігі ұсынылады.

Сондай-ақ этноауылда «Асыл мұра» атты қолөнер шеберлерінің облыстық фес­тивалі бастау алды. Өңірдің үздік ше­берлері өз бұйымдарын ұсынып, ке­лу­шілердің ыстық ықыласына бө­лен­ді. Ұлттық өнер мен шеберлікке құрмет білдіретін бұл шара биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Абай облысының әкімі Берік Уәли этноауылға арнайы келіп, көрмені ара­лап көрді. Облыс басшысы бұл алаңның ұлттық мұраны дәріптеуде маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар 1-10 тамыз ара­лы­ғын­да этноауыл аумағында қазақ кү­ресі, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату сын­ды ұлттық ойындармен қатар, за­манауи спорт түрлерінен де ашық чем­пионаттар ұйымдастырылады.

Білім бәсекесі

Ұлы ақынның 180 жылдық ме­рей­­тойына орай Семей қала­сын­да ауқымды интеллектуалды сайыс өтті. Республиканың 10 өңірінен келген 180 команда, яғни 1080 қатысушы Абай QUIZ атты зияткерлік ойынға қатысты, бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған оқиға ретінде «Қазақстан рекордтар кітабына» ұсынылды.

Жастардың білімге деген қызығу­шы­лығын арттырып, Абай мұрасын заманауи форматта насихаттауға ба­ғыт­талған сайыс 7 кезеңнен тұрды. Әр турда қатысушылар ой ұшқырлығы мен терең білімін сынға салды. Жүлде қоры – 4,7 миллион теңге. Бас жүлде – 1 миллион теңге Астанадан келген Brainstorm командасына бұйырды. Одан кейін­гі орындарды «Алматы Микс» пен «Тұрақсыз тіркестер» иеленді.

Облыс әкімінің орынбасары Мейір­лан Раханов шараның ашылуында сөз сөйлеп, бұл бастама ел жастарына зор ын­та сыйлайтынын атап өтті. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, алдағы жылдары да Абай QUIZ дәстүрлі рес­публикалық алаңға айналып, ауқымы кеңейе түспек.

Түркістанның тартуы

 – Онкүндік аясында Түркістан об­лы­сының мәдени күндері басталып, оң­түс­тіктен келген делегация семейлік­терге тарту жасады. «Арена» кешені аума­ғында ашылған ауыл шаруашылы­ғы жәрмеңкесіне Түркістан өңірінен 540 тоннадан астам табиғи өнім жет­кізілді. Оның ішінде 194 тонна картоп, 81 тонна бау-бақша өнімі, 71 тонна же­міс-жидек пен 167 тонна сүт өнім­дері бар. Ең көп сұранысқа ие болған – Мырзашөл қауыны мен Шардара қар­бызы.

Мәдени күндер аясында шеберлер көрмесі өтіп, ағаштан, киізден, қыштан жа­салған бұйымдар мен зергерлік әшекейлер жұртшылық назарына ұсы­нылды. Сонымен қатар «Тұмар» этно-фольк­лорлық ансамблі, «Фараб» би тобы және Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншілері өнер көр­сетті.

Спорттық жарыстар ұйымдастырылды

Бұдан бөлек, салауатты өмір сал­тын насихаттауға бағытталған бір­қатар спорттық іс-шаралар ұйым­дас­тырылды. 7 тамызда Абай жолына тағ­зым ретінде 180 шақырымдық ульт­рамарафон жолға шықты. Оған рес­пуб­ликаның түпкір-түпкірінен және шет елдерден 100-ден астам спортшы қа­тыс­ты. Жарыс 40 жасқа дейін және 40 жастан кейінгі екі санатта өтпек. Сайыс­тың жалпы жүлде қоры – 12 мил­лион теңге. Мәреге бірінші жеткен жеңім­­пазға JETOUR X50 автокөлігі та­быс­талмақ. Ал қалған орындарға қо­мақ­ты ақшалай сыйлық беріледі.

Мерейтой аясында 7–10 тамыз күн­дері ұлттық спорт түрлерінен «Жеті қ­а­зына» атты ауқымды жоба Қарауыл ауылында өтетін болады. Бағдарламада дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, тазы жа­рысы, тоғызқұмалақ, қазақ күресі мен жорға жарысы, аламан бәйге сияқты ат спорт түрлері қамтылмақ. Жарыс жеңім­паздарына Lada Granta мен Chevrolet Monza секілді автокөліктер, асыл тұқымды жылқылар және миллиондап есептелетін ақшалай сыйлықтар бері­леді.

Бозкілемде, бәйге жолында және ойын алаңдарында ел намысын қор­ға­ған тәжірибелі спортшылар бақ сы­на­мақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары