«Бенефис шоу» бағдарламасында әнші Тоқтар Серіковтің алғашқы махабатына жазған хаты оқылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған бағдарламада Серіковтің сыныптасы болған әйел араларында болған махаббат туралы айтып берген.
«Тоқтар екеуміз 1990 жылы Алматы қаласындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп-интернатқа бірге келгенбіз. Ол "Б" сыныбында оқыса, мен "А" сыныбында оқып, интернаттың нанын бөлісіп жеп, өстік. Тоқтар екеуміздің махаббатымыз сол жерден басталды. Республикалық олимпиадаларға бірге баратынбыз. Біздің махаббатымызды бүкіл мектеп, мұғалімдер білетін. Тоқтардың толассыз хаттары, толассыз әндерін сыныптастарымыз маған арналған деп ойлайтын», – деді Айгүл Көбекова.
Оны көрген әнші жанында отырған жұбайына қарап, бағдарлама жүргізушілеріне "бізді ажырастыруға шақырдыңдар ма?" деп әзілдеді. Кейін ол жастық шағын еске алып, алғашқы махаббаты туралы аз-кем баяндап берді.
«Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың. Малда ғана махаббат болмайтын шығар, адамның бәрінде махаббат бар. Бұл Айгүл Көбекова деген Қызылорданың қызы. Қарақат та танитын болуы керек. Айтыскер болатын. Айтарлықтай қол ұстасып, ұзақ жүрген жоқпыз. Бірақ хат жазғаным рас, оның мінезі тік еді, содан екеуміз жараспадық. Кейін күйеуге тиді. Менің әйелім түсінер, сенің жолдасың түсінбей қалмасын», – деді Тоқтар Серіков.