«Арқасы іріңдеп жатыр»: Астанадағы дәмханада қызметкердің үстіне ыстық май төгілген (ВИДЕО)

/
«Арқасы іріңдеп жатыр»: Астанадағы дәмханада қызметкердің үстіне ыстық май төгілген (ВИДЕО)
скриншот

Елордадағы дәмханалардың бірінде қызметкердің үстіне ыстық май төгіліп кеткен видео желіде тарап кетті, деп хабарлады turkystan.kz.

Бейнежазбада асүй қызметкері ыстық май бар ыдысты алып бара жатқанда тепе-теңдікті жоғалтып, майды екінші қызметкерге төгіп жібергенін көруге болады.

Жазба авторы бұл оқиғаның салдары өте ауыр болғанын айтып, компанияның жауапкершіліктен бас тартқанын мәлім етті.

«Қыздың арқасы түгел іріңдеп жатыр. Ал компания жауапкершілік алғысы келмейді. Бұл – сұмдық. Мүмкін тері трансплантациясы қажет болатын шығар», – делінген хабарламада.

Оқиға көпшіліктің наразылығын тудырғаннан кейін, компания ресми түсініктеме берді. Компания зардап шеккен қыздың еміне қатысты жалған ақпарат тарап жатқанын хабарлады.

«Аталған оқиға расымен де бір айдан астам уақыт бұрын біздің дәмханалардың бірінде болды. Қызметкердің үстіне байқаусызда ыстық май төгілді. Біз дереу барлық қажетті көмекті көрсеттік, Зардап шеккен қызметкердің ата-анасымен кездестік. Ем-домын толықтай қаржыландырдық және өтемақы төледік», – делінген хабарламада.

Бұл жағдайға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді.

«Егер қызметкер жұмыс орнындағы жазатайым оқиғадан зардап шегіп, ем-дом шығындары немесе өтемақы төленуі қажет деп санаса, бірақ жұмыс берушімен келісімге келе алмаса, тұрғылықты жері бойынша еңбек инспекциясына жүгінуі керек. Әр жағдай жеке тәртіппен қаралады», – деп хабарлады ведомство.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары