Табылдың феномені мен пантеоны

/
Табылдың феномені мен пантеоны

Биыл қазақтың тұңғыш бард-композиторы Табылды Досымовтың өмірден озғанына он бес жыл. Кеше ғана арамызда жасындай жалтылдап жүрген таланттың жоқтығына көңіл құрғыр әлі сенбейді. Әйтсе де, есімінің ел жадында екеніне, өнерінің өлмес ғұмыры басталғанына шүкіршілік етесің.

«Бірге жүрген жігіттер күні кеше, Бірі ескерткіш болып тұр, бірі – көше...», немесе  «Орнатар деп ескерткіш халқым бірде, Ойла­дың ба жас дәурен, сал күндерде?». Осы­ның бәрі риясыз көңілден шығып, бүгінде шындыққа айналған шумақтар. 
...Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасынан бастап  КазГУ қалашығын Табылды Досымовтың әндері тербеп тұратын. Табыл әндерінің алғашқы тыңдармандары әлбетте, бесінші жатақ­хананың студенттері болатын. 
Кетсем бе деймін бала боп,
Шабады көңіл шалғайға.
Қайда сол КазГУ городок,
Алматы қайда, ел қайда? -   
деген көпшілікке  белгілі өлең жолдары 1984 жылдың 27 шілдесінде Германияда қа­ғазға түскен екен. Оған менің қолымдағы сарғайған солдат хаттары дәлел.
Осы күні ел аузында жүрген «Сәйгүлік», «Ұната­мын мен сені», «Биіктік» және тағы да бас­қа ондаған туындысының көбі сол сту­дент қалашығында туып, кейін қазақ даласына кең тарап кетті.
Табылдының шығармашылығын наси­хат­тауда үлкен жүректі азамат, өнердің жа-
н­ашыры, өлең өлкесінде өзіндік қол­таң­басы бар қаламгер Бижан Қалмағамбетовтің еңбегі зор. Ол 2012 жылы Т.Досымов атында­ғы республикалық қоғамдық қор құрып, со­дан бері қыруар жұмыстарды атқарып келеді. 
Тәкеңнің ән кештерін Қазақстанның басты қалаларынан бөлек Мәскеуде, Қы­тайда, Монғолияның Баян-Өлгий аймағында, Стамбулда өткізді. Бард-композитор атын­дағы байқау, фестивальдерді ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды. 
Соның арқасында өнердің осы саласында бір топ талапты жастар пайда болып, қазір Табылды мектебі қалыптасты деуге болады. Оған Атырау қаласында, М.Өтемісов атын­дағы облыстық драма театрында өткен Та­былды әндерінің «Биіктік» атты концертінде анық көзіміз жетті. 
 Жастар жағы Табылды Досымовты негізінен асқақ рух алдаспаны, махаббат жыршысы деп біледі. Биыл өнерпаздың өзі оқыған КазГУ қалашығында, әйгілі 5-жатақ­хананың алдында бір ескерткіш-белгі қо-
й­ыл­са, оны университет басшылығы қолдаса деген ұсыныс айтқанбыз. Енді сол ұсыныс жерде қалмаса екен тілек бар. 
Осы күндері жер-жерде Табылды До-
с­ымовты 60 жылдығына орай әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын іс-шаралар өтіп жатыр. Мысалы, мамыр айында Т.Досымовты еске алу­ға арналған еркін күрестен республи­калық ашық турнир мәресіне жетті. Жасөс­пірім Та­былдың кезінде бозкілемде Атырау­дың намы-
с­ын қорғағанын біреу білер, біреу білмес. Сондай-ақ облыстық көркемсурет және қол­дан­балы өнер музейінде қылқалам шебер­лері­нің «Кен­еп­тегі асау тағдыр» атты көрмесі ұйым­дастыр­ылды. Онда ақынның шығарма­шылығы су­рет­шілер көзімен әдемі бейнеленген.  
Ал 12-13 шілде күндері Астана қаласын­да­ғы Ә.Мәмбетов атындағы театрда бард-ақынның шығарамалары негізінде жазылған «Сәйгүлік» музыкалық драмасының премь­е-
ра­сы аншлагпен өтті.  
Өз басым өнер зерттеушісі емеспін, бірақ қарапайым көрермен ретінде бір-екі пікірім­ді айта кетейін. Басты кейіпкерді сомдаған актер­ді режиссер жазбай танып, таңдаған. Жүріс-тұрысы, нар тайлақтай түр-тұлғасы айнымай­ды. Ең бастысы, Табылдың әндерін нәшіне келтіріп орындай алды. Кейде Табылдың өз даусы ма дейсіз. Бұдан бөлек, театр актерлері бард әндерін құлпыртып, бірнеше дауыспен айтқанда зал аямай қол соғып отырды. 
Кішкентай ғана штрих, сол қойылым барысында Табыл екі жерде қыз баланың бетінен емес, маңдайынан сүйеді. Өмірде де ол дәл солай жасайтын. Оған достарымыз куә. Жылдар бойы көрмей шұрқұраса кез­дес­кен уақыттың өзінде ол Арманның жары Махаббаттың, менің жұбайым Рая­ның немесе Болаттың Қарлығашын маң­дайынан ғана сүйетін. Жалпы, бұл біз жоғалтып алған қазақтың жақсы сырбаз, сыпайы дәстүрі ғой.   
Және бір өкінішті жайт, Табылдың лирикалық, сезімге толы, ойнақы әндері кеңінен насихатталмай келеді. Елдің айтып жүргені көбінесе арқаны қоздырып, намысты қайрайтын отты әндері. 
2015 жылы Алматыда Табылдың 50 жылдығына арналған керемет кеш өтті. Сол кеш басталмай тұрғанда қазақтың классик ақыны Есенғали Раушанов Тәкең­нің әндеріне екібастан, одан бұрын оның поэзиясына жоғары баға беріп еді. Ендігі жерде жастардың басын қосып, Табылды Досымов оқуларын өткізсе, қанеки.  
Ол үш өнердің – ақындықтың, сазгер­ліктің және әншіліктің басын бір жерге қосып, ұштастыра білді. Сөйтіп, тыңнан түрен салып, өлмес өнер қалдырды. Табыл­дың Феномені де шамасы осы болу керек.
Елінде оған еңселі ескерткіш орна­тылды. Бейітінің басында өзі жырлаған биіктіктің символы қыран құстың мүсіні мен алып мазары алыстан менмұнадалайды. Шындап келгенде Табылды Дендерде емес, халық жүрегінде жерленген перзент, демек оның  Пантеоны да сол жерде!
Ең алдымен ел-жұртын, халқын ойлар
Туады әлі, туады ҰЛ алтын айдар!
Есімдері ерлердің сақталатын
Ел жүрегі дейтұғын ПАНТЕОН бар!
Сол ПАНТЕОН ешқашан шөп 
баспайтын
Ал қалғаны бос тірлік боққа аспайтын!
Сөз басында сарғайған солдат хаттары туралы жазғанмын. Атырауға барған са­парда Табылдың еш жерде жарияланба­ған өлеңі мен өз қолымен қағазға түсірген бірнеше әндерінің мәтіндерін отбасына табыс еттім. Мүмкін ертең музейі ашылып жатса бір бұрышынан орын табылып қалар...

Ә.Смайылов 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары