Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында креативті индустрияның әлеуетін ерекше атап өткен еді. Президент өз сөзінде: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін креативті өндіріс салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады», – дей келе, бұл саланың елімізде әлі де болса жеткілікті деңгейде дамымағанын ашық айтты. Иә, бүгінде «креативті индустрия» ұғымы әлемдік экономикада маңызды орын алатын жаңа бағыттардың біріне айналды. Қарапайым түсіндірсек, бұл – шығармашылыққа, зияткерлік әлеуетке, идея мен талантқа негізделген қызмет түрлері. Ал оның негізгі өнімдері – өнер, мәдениет, медиа, ойын-сауық, мода, дизайн, архитектура, кино, музыка секілді салалардағы тауарлар мен қызметтер. Біздің бұл саладағы қарқынымыз қандай?
«Креативті индустрия» термині алғаш рет 1998 жылы Ұлыбританияда ресми түрде қолданылды. Бұл елдің Мәдениет, БАҚ және спорт департаменті оны: «Зияткерлік меншікті қалыптастыру және пайдалану арқылы қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал ететін шеберлік пен талантқа негізделген қызмет түрі» деп сипаттады. Бұл анықтама креативті экономиканың әлеуметтік-экономикалық маңызын мойындауға және оны мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруға негіз болды. 2004 жылы БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) бұл ұғымды одан әрі кеңейтіп, «өнер, мәдениет, бизнес және технологияны біріктіретін экономика секторы» ретінде таныды. Осы пайымға сай, креативті индустрияның басты табыс көзі – шығармашылық немесе интеллектуалдық әлеуетті пайдалану арқылы жасалған өнімдер мен қызметтердің саудасы.
Бүгінде креативті индустрия дамыған елдер экономикасының маңызды тірегіне айналған. Мысалы, Ұлыбританияда бұл сала ішкі жалпы өнімнің 6 пайызын құрайды және 2 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтиды. Оңтүстік Кореяда креативті индустрия «K-pop», кино және анимация арқылы миллиардтаған табыс әкеліп отыр. АҚШ-та Голливуд, музыка индустриясы, IT-контент пен дизайн қызметтері жыл сайын экономикаға жүздеген миллиард доллар табыс әкеледі.
Иә, қазір әлем елдері креативті индустрияға үлкен мән беріп отыр. Бұл саланың басты артықшылығы – жоғары табыс әкелуі, жұмыс орындарын ашуы және экономикалық әртараптандыруға жол ашуы. Шығармашылық салалар тек мәдениеттің дамуына емес, мемлекеттің халықаралық беделінің артуына да әсер етеді.
Әлем бұл салаға баса мән береді
Бүгінде көптеген дамыған мемлекет креативті индустрия арқылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып отыр. Мысалы, Ұлыбритания үкіметінің 2020 жылғы мәліметі бойынша, креативті салалар экономикасы 2018 жылғыға қарағанда 7,4 пайыз өскен, бұл жалпы экономиканың өсу қарқынынан 5 есе көп. Сонымен қатар шығармашылық салаларда, әдетте табыс орташадан жоғары, мысалы, шығармашылық салалардағы жалақы мен АҚШ-тағы жеке сектордағы орташа жалақы арасында 34,9 пайыз айырмашылық байқалса, Аустралияда да шығармашылық жұмысшылардың орташа табысы елдегі орташа табыстан 31 пайызға жоғары екен. АҚШ-та креативті экономика 2022 жылы 877 миллиард долларды құрап, елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 4,2 пайызын қамтамасыз етті. Бұл салада 50 миллионнан астам адам жұмыс істейді, бұл жаһандық креативті индустрия жұмыс күшінің едәуір бөлігін құрайды. Оңтүстік Кореяның «Халлю» (корей толқыны) феномені мәдени экспортты жаңа деңгейге көтерді. 2023 жылы корей шығармашылық контентінің экспорты 14,2 миллиардқа жетті. «Паразит» фильмі мен Squid Game сериалы сияқты туындылар әлемдік аудиторияны баурап алды.
Еліміздегі жағдай қалай?
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда заңнамалық, инфрақұрылымдық және қаржылық қолдау шараларын қамтитын креативті индустрияны дамыту бойынша бірқатар шаралар, сондай-ақ осы сала өкілдері үшін білім беру және құқықтық ортаны жақсартуға қатысты бастамалар қабылданды. Басым күш креативті салалардың әлеуетін арттыруды ынталандыруға және нығайтуға, бизнеске қолайлы жағдай жасауға және шығармашылық пен инновация саласында адами капиталды дамытуға бағытталған. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын іске асыру шеңберінде әзірленген Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжы-
рымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекіту арқылы бұл сала субъективтілікке ие болды. 2022 жылы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанынан Инновация және креативті индустрияны дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Кеңестің мақсаты – жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті арттыру, қаланың инвестициялық тартымдылығын көтеру болды. Сол жылы Алматыда Almaty Creative креативті индустрияны дамыту орталығы өз жұмысын бастады. Орталық шығармашыл тұлғалар мен кәсіпкерлерді біріктіріп, олардың креативті әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасайды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Креативті индустрияны дамыту жөніндегі арнайы департамент құрылды. Департамент креативті индустрияны қолдау шараларын әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Креативті индустрия қатысушыларын қолдаудың тиімді қаржылық және қаржылық емес шараларын әзірлеу мақсатында уәкілетті орган жетекші қаржы институттары – «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» ҰБХ, «Атамекен», «Даму» Қоры, АХҚО-мен тұрақты түрде кездесулер өткізеді, Креативті индустрияларды қолдау қорын іске асыру тетігін дайындады. 2023 жылы Energo University базасында елдегі тұңғыш Креативті индустрия паркі ашылды. Кино, медиа, дизайн және т.б. сала мамандарын даярлайтын Креативті индустриялар мектебін құру жоспарланып отыр. Креативті индустрияларға мемлекеттік қолдау көрсету аясында бірқатар заңнамалық нормалар қабылданды. Авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғауды, шығармашылық сала қызметкерлерін қолдау шаралары мен преференцияларды қарастыратын креативті индустриялар саласын қолдау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізілді. Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі шығармашылық салаға қатысты 12 бағытты, 43 экономикалық қызмет түрін (зергерлік өнер, IT және геймдевелопмент, халық қолөнері, мәдени мұра, телебағдарламалар, фотосурет, дизайн, сәулет өнері және сән, музыка, кино және анимация, мәдени-демалыс мекемелері және т.б.) қамтиды. 2024 жылдан бастап креативті индустрияға жататын 40 кәсіпкерлік қызмет түрі бөлшек сауда салығының арнайы салық режимінде жұмыс істейді. Кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын және қосылған құн салығын төлеуден босатылды. Оның орнына жеке кәсіпкерлер үшін 2 пайыз-дан 4 пайызға дейін, сондай-ақ ЖШС үшін 8 пайызға дейін бірыңғай салық енгізілді. 2025-2029 жылдарға арналған жаңа Жол картасы әзірленді. Мәдениет және ақпарат министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, шетелде креативті индустрия күндерін ұйымдастыру, қазақстандық креативті тауарлар мен қызметтерге визалық қолдау көрсету және медиа-қолдау шаралары бойынша жобаларды әзірлеуде. Қазақстандық қоғамдық даму институтымен ынтымақтастық аясында Skills Enbek платформасында креативті индустрияларды дамытудың өзекті мәселелері бойынша бейнекурс жарияланды. Курс «креативті индустрия» ұғымын кеңінен ашып көрсетеді, халықаралық тәжірибе мен табысты кейстерді зерттейді, креативті ойлауға үйретеді және авторлық құқықтың маңыздылығын түсіндіреді. АХҚО-мен бірлесіп креативті индустрия өкілдері үшін зияткерлік меншік құқығы бойынша оқыту семинарлары, мемлекеттік қызметкерлер үшін воркшоптар өткізіліп жатыр.
Өткен жылдың шілде айында Астанада OzgeEpic креативті хабы ашылды. Хаб тек шығармашылық алаңы ғана емес, сонымен қатар дәстүрлер мен заманауи өнер түрлерін біріктіретін бірегей мәдени алаңға айналды. Оның аумағында этно-мұражай мен қолөнер шеберханасы, заманауи театр қойылымдар, музыкалық және әдеби кештер өткізуге арналған трансформациялық зал, заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындар алаңы бар. Сонымен қатар хабта қазақ баспаларының өнімдері ұсынылатын кітап дүкені жұмыс істейді. Уақыт өте келе хабтар шығармашылық және кәсіпкерлік бастамаларды біріктіретін негізгі алаңға айналды. SHAM Theatre, цифрлық контент жасаушылар Әлия Әшім, Dope Soz, Zamandas, Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілданың фильмдері, музыканттар Калифарния және Мархаба Сәби, Steppe&World Publishing баспасы,
OzgeEpic шығармашылық орталығы, Kitapfest кітап фестивалі жеке және ұжымдық ниет пен шығармашылыққа деген ұмтылыс, тұтастай алғанда, қоғамға оң әсер ететінін көрсетті. Креативті көшбасшылар өз әрекеттері арқылы әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, аудиторияны шабыттандырады, әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша сұхбат жүргізеді және мәдени мұраны құжаттау мен сақтауда, оның болашақ ұрпаққа берілуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Креативті көшбасшылар басқаларды шабыттандырып, ынталандырады. Қазақстанда әртүрлі платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы онлайн-контент жасау қарқыны байқалды. Жеке тұлғалар да, топтар да ерекше контент жасап, таратады. Осы контентті қолданудың баламалы түрін ұсына отырып, контент иелері дәстүрлі медиа мен ойын-сауық индустриясын жойды. Сөйтіп, дәстүрлі БАҚ бейімделуге, жаңа үрдістерді енгізуге, жаңа платформалар мен таратушы арналарын қолдануға мәжбүрледі.
Иә креативті экономика кез келген қоғамдастық үшін салыстырмалы түрде қолжетімді, өйткені ол нақты табиғи ресурстарды, қолайлы географиялық орынды немесе бәсекелестік артықшылықтың басқа сыртқы факторларын қажет етпейді. Ол үшін тек білім мен талант қажет. Мемлекеттің де өз кезегінде бұл салаға айрықша қолдау көрсетуге мүдделі болып отырғаны қуантады. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда креативті индустриялар саласында 41 800 кәсіпорын тіркелген, оның 12 300-і заңды тұлғалар, ал 29 500-і жеке кәсіпкерлер. Салада 141 500 адам жұмыс істейді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 33 пайызға артық. Креативті кәсіпорындардың 67 пайызы Астана мен Алматы қалаларында орналасқан, бұл өңірлерде инфрақұрылым мен нарықтық мүмкіндіктердің жоғары екенін көрсетеді. 2024 жылы Қазақстан «Шығармашылық тауарлар мен қызметтер» көрсеткіші бойынша 93-орыннан 65-орынға көтерілді. Жаһандық үрдістер көрсетіп отырғандай, шығармашылық пен зияткерлік еңбекке негізделген экономика елдің тұрақты дамуына ықпал етіп қана қоймай, ұлттың мәдени және технологиялық ілгерілеуінің кепіліне айналуда. Қазақстан үшін бұл сала стратегиялық бағытқа айналуы тиіс. Себебі креатив – идея, ал идея – болашақтың капиталы.
Наурызбек САРША