Ақтөбеге оралған Димаш Құдайберген ұстаздарымен кездесті (ВИДЕО)

/
Ақтөбеге оралған Димаш Құдайберген ұстаздарымен кездесті (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген туған жері – Ақтөбеге келіп, жаңа бейнебаянның түсіріліміне дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесінің айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі алдағы бірнеше күнде басталады. Әзірге бейнебаянның атауы мен қай әнге түсірілетіні ресми түрде жарияланған жоқ.

Ақтөбедегі сапары аясында әнші өзі білім алған №32 мектеп-гимназиясына арнайы барып, ұстаздарымен кездесті. Димаш мектеп жылдарын еске алып, әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады.

«Мектеп – балалықтың мекені, ал ұстаз – сол шақтың ең жарқын шамшырағы. Бүгін №32 мектеп-гимназиясына барып, мені тәрбиелеген ұстаздарыммен қауыштым. Уақыт өзгереді, адам өседі, бірақ ұстазға деген құрмет пен мектепке деген сағыныш ешқашан өзгермейді», – деп жазды әнші.

Сонымен қатар, Димаш Құдайберген шығармашылық жолының қалыптасуына ықпал еткен Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжге де барып қайтты.

Айта кетейік, әнші бұған дейін де туған жерінің өз өміріндегі орны ерекше екенін бірнеше рет атап өткен.

Жанкүйерлер қазірдің өзінде Ақтөбеде түсірілетін жаңа бейнебаянның жарыққа шығуын тағатсыздана күтуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары