Жалақыны қысқартпай жұмыс уақытын азайту – қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартудың тиімді жолы. Бұл тұжырым 6 елде жүргізілген жаңа халықаралық зерттеу нәтижесінде дәлелденді, –деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі nature.com-ға сілтеме жасап.
Аустралия, Канада, Ирландия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания және АҚШ-та орналасқан 141 компанияда 2896 қызметкер алты ай бойы төрт күндік жұмыс аптасына көшті. Эксперимент кезінде олардың эмоционалдық күйі, денсаулығы және ұйқы сапасы жақсарып, күйзеліс пен шаршау деңгейі едәуір төмендегені анықталған.
Зерттеуге дейін бұл компаниялар жұмыс тиімділігін арттыру үшін ішкі процестерін қайта ұйымдастырған. Алты айлық сынақтан кейін компаниялардың 57%-ының табысы өскен, қалғандарында ол кем дегенде бұрынғы деңгейде сақталған. Сонымен қатар, шығын көлемі де қысқарған.
Ең бастысы – бірде-бір компания бес күндік жұмыс аптасына қайта көшпеген. Зерттеушілердің айтуынша, жұмыстың төрт күнге қысқаруы қызметкерлердің жұмысқа деген қабілетін арттырып, олардың шаршауы мен ұйқы проблемаларын азайтқан.