Қаныштай түзу ұста көштің басын,
Ұрпағың бір-біріне қас қылмасын.
Төсінде аз күн сайран құрғаныңмен,
Түбінде қара жердің астындасың, –
деп «Қаныш» поэмасында ағынан ақтарылған ақын Несіпбек Айтұлы өзі жырлаған Қаракерей Қабанбай бабасының қасына барып жантайғанына да екі жылдың жүзі болыпты. Кім біледі, өмірден озарын сезді ме екен, ақын ағамыз соңғы жылдарда әлденеге асыққандай шабытын үдетіп, шамырқанып, өрге шапса озатын өрен жүйріктей өршелене түсті, жемісті, өрісті, өнімді еңбек етті. Аманкелді батыр, Қабан жырау, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан, Қаныш, ғарышкер Тоқтар батыр, Көкжайдақ тұлпар турасында іркес-тіркес жеті поэма жазып, шашасына шаң жұқтырмай, тұлпар қаламы самғап, сұңқар үні саңқылдады.
Ағамыз көптен бері аяқтай алмай жүрген «Мағжанның жұмбақ құсы» поэмасына да нүкте қойды.
Мағжанды бәлкім жын қақты?
Жын қаққан емей немене,
Қуықтай ғана қуыстан,
Құйттай құс келіп тіл қатты:
– Ей, Мағжан ақын, барсың ба?
Түстім деп мұнда қорсынба.
Маңдайға Тәңір жазған соң,
Түрменің түбін тарсынба!
Аңсайсың бекер кеңдікті,
Алдыңда жүрер жол бітті.
Түрме де сенің өз үйің,
Көрсеткен азап, қорлықты...
2012 жылы Қызылжар қаласында Мағжан ақынға ескерткіш қойылады. Бұл шараға республикадан келген ығай-сығайлармен бірге Несағаң да қатысады. Ескерткіштің шымылдығы да ашылады, оркестр салтанатты күй орындауда, адамдар гүлшоғын әзірлеп әлек, сол кезде, астапыралла, қызықты қараңыз, перде түрілісімен ұлы ақынның басына белгісіз бір жұмбақ құс келіп қона қалады. Зиялылар гүл қойып, алқалы жиында сөз сөйлейді, музыка үдеп жалғаса береді. Салтанат аяқталғанша әлгі қасиетті аққұс Мағжанның басынан ұшпай, ештеңеден үрікпей, жиын тарағанда да қала береді. Бұл жайтты көзімен көргендер таңғалады, фотосуретке түсіріп алып Несағаңа береді. Қажымұрат Нағыманов, Қуат Есімханов секілді қайраткер достары ақын ағамызға бұл құпия құстың жұмбағын шешіп, жыр жазуды өтінеді. Бұл халыққа шын мәнісінде Мағжанның рухының оралуы секілді әсер қалдырады. Әлбетте, ақын ағамыз поэмасын сол кездің өзінде бастап қойғанымен аяқтай алмай ұзақ жүрген. Бізге сол ғажайып құс пен ескерткіштің суретін көрсеткенде «Бұл Мағжан рухының қайтадан өз жеріне оралғанын сездіретін киелі нышан тәрізді, Сіз жырды қайтадан қолға алсаңыз», – деп өтініш білдіріп, қолқа сала бердік.
Бір күні үйіне қыдырып барсам, ағамыздың беті алабұртып, шабыт қысып, тебіреніп отыр екен. Қолында қалам, ақ қағаз, бұрынғы Мағжанға арналған жырдың ескі парақтары алдында шашылып жатыр. Несағаң ыңылдап келіп, жалғастырмақ болғанымен аузына сөз түсе қоймаған соң маған қарап күбірлеп, екі қолымен домбыра шерткендей қимылдап, иегімен меңзеді. Мен де жүгіріп барып домбырасын қолына ұстаттым. Несағаң күбірлеп, домбырасын қағып-қағып жібергеннен кейін жыры да төгіле кетті. Жыр нөсерін төпеп төгіп жіберіп, енді жазуға шұғыл кірісіп кетті, қаламы ағыл-тегіл құйылған нөпір өлеңге ілесе алмай отырғаны да күйінен аңдалады. Әне-міне, дегенше шымыр шумақтарды нөсерлетіп ақтарып тастады да, бір сейілгенде маған оқи жөнелді. Мағжан мен жұмбақ құстың диалогы былайша жалғасқанда төбе құйқаң шымырлайды:
Аяздай қысқан қаңтарда,
Заманда шерің тарқар ма?
Жүгірер жаны шыққанша,
Сүйеніп оққа арқар да.
Деді де қалды сәл үнсіз,
Кеудесі ойсыз, жалынсыз.
Құйттай құс қайта сөйледі,
Мағжанға жөні мәлімсіз:
– Шамданба, ақын, шамданба,
Көрінбен саған жалғанда.
Шығам деп тордан ойлама,
Бойыңда шыбын жан барда.
Тас түнек келіп басарда,
Тағдырдан пенде асар ма?
Сен құтылғанмен қапастан,
Бұғаудан елің босар ма?
Тегінде, ағамыз домбыраны ән-күйге келтіріп, келістіріп шерте бермейтін, әйтеу алдына ұстап даңғырлататын. Алайда Несағаң шабыт қысып жын буғанда, қолына ұмсынып ақ домбырасын алып, ары-бері қаққан соң өлеңін селдетіп жіберетін. Бұл құбылысты талай байқағанбыз. Енді, міне, тағы да өлең туған, дастан жаралған ұлы оқиғаның өзім куәгері болып отырмын. Ұлық бақсылар қобызбен, кейде домбырамен де жын шақырып, рухпен тілдесетін қасиетке ие. Ал біз көрген абыз ақын Несағаңның пірі ақ домбырасы еді. Домбыраны шертіп, ән айтпаса да сонау Кетбұқа заманына жалғасқан қасиетті баба аспап ақын ағамыздың рухын жебеп, аузына сөз сап, аруағын қоздырып, арқасын шымырлатып, ақ жолын даңғыл қылатын еді. Мұндай таңғажайып сәтке өзіміз талай тап боп қайран қалғанбыз.
Сал домбыра, жан серігім жасымнан,
Сен қымбатсың жердегі бар асылдан.
Бабалардың аманатын арқалап,
Жеттің маған сонау алыс ғасырдан.
Осынау әлдеқашан халық қазынасына айналып кеткен қоңыр әнді білмейтін алаш, естігенде елжіремейтін тыңдаушы жоқ шығар. Несіпбек ағаны қазақ көгіне жарқ еткізіп жұлдыз етіп әуелеген ән-өлең, қасиетті домбыраға қазақ жүрегінің төрінен тұрғызылған алып ескерткіш қой бұл. «Тіл білгішім, бұлбұл құсым, сайрашы бір тағы да», – деп ақын домбыра пірімен сырласып, өз басынан кешкен тұңғиық шындықты айтып, басына қонған бақ құсын аялап отырғаны ғой!
Несіпбек Айтұлы – түрік әлемі поэзиясының алтын тәжі секілді данышпан Әлішер Науаи дастанын қазақ тіліне сөйлеткен соң өзі де парасаттың биігіне, ақыл-ойдың асқарына, түркілік түп сана байтағына көтеріліп кеткен ақын. Шын мәнісінде, Абай, Шәкәрімдерден кейін Әлішер Науаи ғазалдарын қазақ жұртына шұрайлы тілмен жеткізу мұнарлы сағынышқа айналғаны қашан. Ал Несіпбек Айтұлы «Ескендір қорғанын» тәржімалаған соң оған сусындап шөлі қанған оқырман ұлы Абайдың қайнаркөзі болған Әлішер Науаи мұрасымен жақыннан сырласуға мүмкіндік тауып бәйек болған. Бірде қазақ қара сөзінің хас шебері жазушы ағамыз Қалихан Ысқақ «Менің тіліме бекер таңданасыңдар, нағыз қазақ тілінің қаймағы, нілі, сөлі, нәрі, сәні менің әлгі Несіпбегімде емес пе, түбінде сол озады?!» деп баладай мәз болғанын көзімізбен көргенбіз.
Ағамызмен қол босаса бірге моншаға барып, арқасын жапырақпен сабап, арқа-жарқа әңгімелесуші едік. Ол анау орында Еркеғали Рахмадиев көкеміз, ал әнеу жерде Ақселеу Сейдімбек ағам отыратын деп, сол сәкіге жайғасатын, қимас естеліктер айтатын. Мен ағама «Бу шипа болсын! Бу бұлауға түсуіңізбен!» десем, ол қалжыңдап «Терлеп-тепшуіңмен!» деп қысқа қайыр», – деп күлетін. Сондай көңілденіп отырған мезетте ағамызға «Шіркін, Әлішер Науаи хамсасы толық аударылса ғой» деп емеуірін білдіретінбіз. Кейде ағамыз «Әй, қарақтар, ол оңай-оспақ шару емес, менің жасымда ауыр салмақ» деп бізді тежеп тастайтын.
Жақсы көретін қайраткер інісі Дархан Қыдырәлі Түркі академиясына келген соң ағамыз шаттанып, Дәкең ұсынысын қабыл алып, Ә.Науаи дастанын қазақ тіліне сөйлете бастады. Нәтижесінде, «Ләйлі-Мәжін» мен «Ескендірдің қорғаны» қос дастаны академияда Президент Қ.Тоқаевтың алғысөзімен оқырманға жол тартты. Бұл оқиғаны Өзбекстан зиялылары, мемлекет басшысы Ш.Мирзиёев ыстық ықыласпен қабылдаған еді. Көп кешікпей «Хамса» жинағын алып, Өзбекстанға сапарлаған Несіпбек Айтұлы өзбек елінің сый-сыйапатына ие болып, Науаи ауданының құрметті азаматы атанып, түркі әлемінің жарық жұлдызына айналып оралды. Өзбекстан Президенті 2024 жылы Астанада Әлішер Науаи ескерткішін салтанатпен ашқанда «Өзбек пен қазақ туысқан халық. Екі елдің тарихы, мәдениеті, салты мен дәстүрі бір. Біз мұны қастер тұтамыз. Қазақтың көрнекті ақыны, марқұм Несіпбек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаидың ең басты еңбегі «Хамсаны» қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарғанын ерекше ықыласпен айтқым келеді. Ал бұл шығарманың алғысөзін Қазақстан Президентінің өзі жазғаны бізге зор қуаныш сыйлайды» деп ерекше атап өтті. Ұлы бабаның ескерткіші ашылған ақжарылғап сәтті, әттең, Несағаң көрмесе де рухы сезді деп ойлаймын.
Ағамыздың ақындығымен қатар көріпкел, абыздығы да бар еді. Осы қасиетіне талай куә болған жанның бірімін. Періште мінезді, сәби жүрек ақынға Жаратушы ие жақсы қасиеттерді үйіп-төгіп молынан берген-ақ.
Ақын ағамның ақ батасымен көгердім, Астанадан үй алып, шаңырағымды биіктетіп, керегемді кеңітіп, ошағыма от жақтым, ағаны төрге отырғызып, алғыс ырзалығын естідім. Кітаптарым да бірінен соң бірі жарыққа шығып, бөбектерім де өмірге келді, Несағаң талай көрімдік берді, Манат тәтеміз шашу шашты. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, өмір-салтын, ата дәстүрін, ана тілін білетін нағыз этнограф Несағаң еді ғой, шіркін. Маған әр бір зерттеуімнің жазылуына, көне тілдік қолданыстардың, ұлттық астарлы ұғым-түсініктердің орынды жұмсалуына ақыл-кеңесін аямай беріп, қадағалап келді. «Түрік халықтарының әдет-ғұрыптары» деген монографиямның кіріспесінде ағаның атын атап, арнайы алғыс айтуым тегін емес.
Жұма күні Несағаңа қоңырау шалып хабарласып, демалыс күндерін жақсы көретін ақын інілерімен бірге өткізу біздер үшін дәстүрге айналған еді. Кейде президент орманына барып серуендеп, жыр оқытамыз, Арқаның жұпар ауасын жұтып мәз боламыз. Ербол, Арман, Ардаби, Қабидендерді қасынан тастамайды. Бір жылт еткен жаңалық көрсе мәз болып қуанады. Ол кейде мені Қараөткелде ат қорасы орналасқан баласының жер үйіне апарады, қымыз ішіп, атқа мініп, сейіл құрамыз. Несағаң жастайынан шабандоз болған, атбегілік өнерді терең меңгерген кәнігі атсейіс. Айталық, тойларда бәйгеге қосатын аттарды сынап, қайсысы озатынын тап басып айтып, бәстескен жандарды ұтып алған оқиғалары көп. М.Мағауиннің атасы Мағауия ақсақалдың Нарқызылына шапқан, ол туралы өзі де, жазушы Т.Жұртбаев досы да жазған. Атқорадағы құнан, дөнен, бестілер Несағаңды көргенде кісінеп жібереді, қолын иіскеп қасына келеді, ағамыз қалтасына салып келген қантты сәйгүліктерге асатады. Сондықтан болса керек, жылқылар ағамызды танып алған, келуін аңсап күтіп жүретін сынды. Балажан ағамыз аттарды баласындай мәпелеп, қолынан қант береді, астауға тұз салады, суарады. Бір күні ағамыз маған «Ақеділ бауырым, осы аттарды неге ұстап жүрмін, саған айтайын. Ертең мен зейнетке шыққан соң үйде қамалып отырудың да жөні жоқ немесе жиын-той, ресми шарадан қалмайтын, жастармен жағаласып алқа төрден түспейтін қадірсіз қария болғым келмейді. Одан да екеуміз екі атты ерттеп мініп, Тайтөбеге дейін барып серуендеп жүрмейміз бе? Бұл соған дайындық, менің осы жасыма дейін директорлық қызметте ұстап отырған әкімге, басшы бауырлардың баршасына мың алғыс, не десе де мен сақадай-сай дайын болуым керек» деп сыр шерткен еді. Әттең, ағамыз ол күнге жетпей, өмірмен ерте қоштасып кете берді.
Ұмытпасам, 2023 жылғы 19 мамыр болса керек, жұмыстан шыға сала Несағаңа қоңырау шалдым. Ол кісі қолына ақша түссе, гонарар алса, бізге хабарласып, қолүздік беріп, содан «Жігіттер, ақша бар, тәуба, қу жандарыңа не керек? Монша ма, әлде биллярд па?» деп қарқылдап күлетін. Мен де сол кәрі әдіске салып әзілдеп «Несаға, ертең демалыс, мен де ақша бар, қу жаныңызға не керек?» – дедім. Ол «Секен Тұрысбектің үйінде келіннің туған күні, тәтең Алматыға кетті», – деді. Мен күліп «Ендеше, сүрбойдақ, жүрмейміз бе күліп ойнап» деп едім, аға кібіртіктеп «Сен тыңдашы, мен «Шұбартау» деген поэма жаздым. Туған ел, өскен жерім, қасиетті атажұртым ғой» деп өлеңін бастап кетті:
Мен өзі Шұбартауда өсіп-өндім,
Бұйырған дәнін теріп несібемнің.
Төлеу мен Уәйістердің ізін қуып,
Өлеңнің ұлан-асыр көшіне ердім.
Бола ма шыққан жерді жырламасам,
Бұл өмір опа берген кімге қашан?
Барады дөңгеленіп мына дүние,
Артыма көз жіберіп бір қарасам...
Өлең төгіліп түсіпті, «Ой, аға, Қасым ақын секілді желдетіп, борандатып, дауылдатыпсыз, ғажап. Онда Сіз осы поэманы аяқтаңыз, бөгет болмайын» дедім.
Ой, Алла-ай, десеңізші, сүйткен Несағаңа дүйсенбіде қоңырау шалсам, «Амансыңдар ма, менің басым ауырып тұр» деп нәумаз үн қатты. Шыны керек, мен тәтем жоқта ағам еркелеп тағы бір ақын бауырларымен серуендеген-ау деп ойладым. Іле-шала қоңырау соқсам, ақын Қабиден бауырым ағаны жедел жәрдемге міндіргенін айтып жабырқады. Екі рет отаға енді, алғашқы ота сәтті болды. Ағамыз сауықтым деп қуанып ауруханадан да шығып кетті. Ақыры, сырқаты зілдене түсті. Қандай кішіпейіл, парасатты жан, бізді шақырып ап, емханада арзу-айтып, кешірім сұрап, қоштасып бақұлдасу жосынын жасады.
...Көзінің жасы мөлдіреп,
Езіліп жаны елжіреп,
Мағжанға былай тіл қатты,
Жұмбақ құс жылап соңғы рет:
– Жылаймын саған келем де,
Сүйегің жатыр тереңде.
Жүрегің бірақ ұшып жүр,
Айналып өлмес өлеңге.
Өмір мен өлім арасын,
Жалғаған неткен данасың?!
Тас болып тұрсың тұғырда,
Білгейсің тастың бағасын.
Мейірі түссе Тәңірдің,
Тастан да жылу табасың.
Кешегі жауың бүгін жоқ,
Сөйлейін десең тілің жоқ,
Таскерең, тасыр қоғамға,
Тасмылқау болсаң жағасың...
Бұл Мағжанның жұмбақ құсының шырылы емес, абыз ақын Несіпбектің жүрегінен аңдаусызда ұшып кеткен рух бозторғайының уілі еді. Иә, әз халқы барда жампоз жыраудың қанатты жыры қазақ елінің аспанында бозторғайдай сайрай берері, қалықтай берері анық.
Ақеділ Тойшанұлы,
ақын, фольклортанушы ғалым