Оксфордта қазақ тілін үйретіп жүрген Дидар

Оксфордта қазақ тілін үйретіп жүрген Дидар

Былтыр сәуір айында Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға ресми сапары аясында қазақ тілін үйрену және Қазақстанда британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға бағытталған меморандумдарға қол қойылған-тын. Мұнда жасасқан негізгі келісімдердің бірегейі – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Оксфорд университеті арасында жасалған Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске қосу. Қазақ тілінің әлем алдындағы беделін көтеру мақсатын көздеген бұл жоба биыл қазан айында іске қосылды. Жылдар бойы әлемнің ең үздік университеттері рейтингінде көш бастап келе жатқан әйгілі білім ордасында қазақ тілі курсының пилоттық жобасын жүргізіп жүрген жас ғалым Дидар Садыққа хабарласып, әңгімелескен едік.

– Көп паблик сенің шағын ауылдағы орта мек­теп­тен Оксфордқа дейінгі жүріп өткен жолыңа басымдық беріп, ауыл жастарына үлгі болсын деп жарыса жазып жа­тыр. Сондықтан алдымен өзің өсіп-өнген орта тура­лы айта отырсаң. 

– Мен Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарасты Қара­шоқы ауылында дүниеге келдім. Ауылым расында шағын, 1 000-нан астам адам тұрады. Мен ата-әжемнің қам­­­­қорлығында болдым. Ата-анам 5-сыныпқа көшкенімде Ал­матыға қоныс аударды. Үлкендер «Баланы ары-бері та­сы­май, бір мектепте оқып бітірсін» деген шешім қабылдаған. Сөй­тіп, өз ауылымдағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітір­дім. Бала кезімнен тіл, әдебиетке асқан қызығушылық та­нытып, кітапты сүйіп оқыған соң, 8-сыныпта оқып жүр­генім­де-ақ қандай маман иесі болатынымды айқындап алдым. Мектеп бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің филология факультетінде оқуға түс­тім. Оны аяқтаған бойда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл бі­лімі институтына жұмысқа тұрдым. Дипломдық тақы­рыбым қазақ тіліне қатысты болған соң, осы бағыттағы жұмысымды жалғастырғым келді. Тағы бір себеп – қазір бар­лық университетте қазақ тілі кафедралары жұмыс іс­тейді. Олар тілді практикалық тұрғыда зерттейді. Ал тілдің нор­масын, даму динамикасын теориялық тұрғыда жіті зерт­тейтін ғылым ордасы – біреу ғана. Ол – А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты. Осы себептен де сонда жұ­мыс­қа тұруды мақсат еттім. Онда 2020-2023 жылдар ара­лы­ғында ғалым-хатшы болып жұмыс істедім. Кейін Оксфорд университетінде қазақ тілі курсын ашу жобасына тар­тылдым.

– Былтыр «Әйгілі Оксфорд универси­те­тінде қазақ тілі оқытылады» деген жаңа­лық тарағанда көп маман бұл жобаның биыл іске асатынына сенбеген-тін. Ра­сын­да, әлемдегі ең беделді оқу орын­дары­ның бірі – Оксфорд универ-ситетінің ба­за­сында орналасқан ака-демиялық ор­­­талықта қазақ тілінен курс ашу тым ұзақ­қа созылатын процесс секілді көрін­ген-ді. Бұл бастама қалай аз уақыт ішінде іске асты?

– 2023 жылы қазақ-ағылшын, ағылшын-қа­зақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігі қолданысқа шықты. Әлемге таны­мал Oxford University Press баспасы екітілді Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығаруға рес­ми рұқсатын берді. Сөздікті құрастыруға біз­дің институттың мамандары қатысқан-тын. Одан кейін Оксфорд университетінде қа­зақ тілін оқытуға сұраныс бар дегенді есті­дік. Оксфорд университетіндегі Азия және Таяу шығысты зерттеу факультетінде Oxford Birsöz initiative деген жоба бар. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – түркітектес халықтардың мә­дениетін, тілін зерттеу. Сол жобаның ди­ректоры Лейла Нажафзада тәжірибе алмасу мақ­­сатында Алматыға бір ғылыми семинарға кел­ген екен. Сол кезде директорымыз Анар Фа­зылжан оны институтқа арнайы шақырып, жи­налыс өткізген-тін. Сол жиналыс нәти­же­сінде Оксфорд университетінде қазақ тілін оқы­тудың пилоттық нұсқасын енгізіп көру ту­ралы шешім қабылданды. 2024 жылы ди­рек­торымыз бастаған делегация болып, Оксфорд қаласына іссапарға бардық. Жеті маман жеті күнде Оксфорд университетіндегі оқу жүйесін, мұнда өзге тілдерді қалай үйрететінін егжей-тегжей бақыладық. Бірнеше профессормен кез­дестік. Бізге әйгілі білім ордасының әдіс­темесі қалай қызық болса, біздің қандай инс­титут мамандары екеніміз оларға да қызық бол­ды. Жеті күн ішінде ілкімді іске себепші бо­латын көп кездесуге қатысып, тәжірибе ал­масып, елге олжалы қайттық. Елге оралған соң, онлайн келіссөздер жүргізуді қолға ал­дық. Ғылым және жоғары білім министрінен қол­дау таптық. Министрлік «Болашақ бағ­дар­ла­масы» арқылы онда біліктілік арттыру идея­сын ұсынды. Сөйтіп, Меруерт Иманғазина деген маман екеуіміз Оксфорд университетіне та­ғылымдамадан өтуге лайық деп таңдалдық. Біз Оксфорд университетінің қабырғасында түр­кітілдес мемлекеттердің тілі қалай оқы­тылатынын бір жыл бойы зерттедік. Өзіңіз түсініп отырғандай, мұнда біздің методикамыз жара­майды. Ал британдық оқу жүйесі мүлде басқа. Қазақ тілінің ол жүйеге бейімделген сил­лабусы тіпті жоқ. Жалпы, бізде қазақшаны ағыл­шынтілділерге оқытуға бейімделген ма­териалдар жоқтың қасы. Сол жағынан қиы­нырақ болды. Десе де, бір жылға жалғасқан тағы­лымдама барысында көп нәрсені көңілге тоқыдық. Ең алдымен, бір жыл бойы түрік тілінің сабағын бақыладық. Сонымен қатар әзербайжан және өзбек тілдерінің курсына қа­тыстық. Біле білсеңіз, түрік тілі мұнда пән ре­тінде оқытылады. Ал өзбек пен әзербайжан тілі пилоттық жоба ретінде оқытылып жүр. Қа­зақ тілі бұл топқа кейінірек қосылды. Осы­лайша, мамандармен тәжірибе алмасып, өз зерт­теуімізді жүргіздік. Сол зерттеудің негізін­де қосымша материал әзірледік. Сөйтіп, бір жыл бойы әзірленген материалдарға сүйеніп, осы күзде жобамызды бастадық. 

– Көпшілік қазақ тілі пилоттық жоба емес, жеке пән ретінде ресми бағдар­ла­ма­ға енді деп шатасып жатса керек.

– Иә, мен де бірнеше парақшадан «қазақ ті­лі Оксфорд университетінің бағдарламасына ресми түрде енгізілді» деген жазбаны байқап қалдым. Ол – қате дерек. Қазақ тілі курсы мұн­да ресми емес, зерттеу жобасы ретінде жүр­гізіліп жатыр. Ресми бағдарламаға енгізу про­цесі үш жылды қажет етеді. Бірінші жылы уни­верситеттің оқыту жүйесін толығымен зерт­теу қажет. Екінші жылы сол зерттеу нәти­жесінде материал әзірлеу керек. Ал үшінші жылы сол материалдарды тестілеу арқылы апробациядан өткізу қажет. Осы үш жыл сәтті өт­кен соң ғана, Оксфорд университетіндегі ғалымдар тобы бұл бағдарламаның оларға қа­жеттігін, сұраныс бар-жоғын, материал­дар­дың сапасын жіті тексеріп, шешім қабылдайды. Мен жүргізіп жатқан қазақ тілі курсы – әлі апробациядан өтіп жатқан жоба. Әлбетте, біз осы қадам үшін қатты қуаныштымыз. Бұл курстың зерттеу жобасы ретінде ашылуының өзі – қазақ тілі үшін үлкен жетістік. Мұның пай­дасы ана тіліміз үшін орасан екенін айт­пасам да, түсінікті шығар. Сонымен қатар ал­дағы уақытта қазақ тілінің грамматикалық анық­тағышын әзірлеуге үлкен іргетас болмақ.
Жалпы, қазақ тілі ағылшынтілділер үшін, бө­лек те беймәлім, белгісіз, «көміліп» жатқан әлем. Өзімізге бұл білінбес. Өз тілімізде еркін сөй­леп, тіліміздің табиғатын жетік білген біз үшін бәрі оп-оңай. Ал өзге тілділер, соның ішін­де ағылшынтілді мамандарға бәрі бей­мә­лім. Интернетте қазақ тілін үйретуге қатысты ағыл­шынша жазылған мәліметтер тым аз. Ана ті­лімізді үйренгісі келетіндер қазақша ере­же­лер­ді оқи алмайды ғой. Ал ағылшын тілі – әлем тілдерінің көш басында тұр, ғылым мен ілім­нің тілі. Сондықтан олар барлық деректі ағыл­шынша іздейді. Ал қазақ тілі ағылшын тілі арқылы көрініс таппаған соң, олар ана тілі­мізді, мәдениетімізді белгісіз әлем ретінде кө­реді. Оксфорд қабырғасында бұл жобаны бас­тап жатқан біз өзімізді сол белгісіз әлемнің кіл­тін ашып, баспалдақтарын қалап беріп жат­қан маман секілді сезінеміз. Сол үшін әй­гілі Оксфорд университетінде қазақ тілі кур­сын пилоттық жоба ретінде бастау – расында, ғаламат жетістік.

– Қазақ тілін оқимын деушілер саны көп болды ма? Оларды қалай іріктеп ал­дың­дар?

– Оксфорд университетінің өзіндік әм­бебап платформасы бар. Онда университеттің түгел профессорлық құрамы, барлық студент тіркелген. Университет ішінде таралуға тиіс бүкіл хабарлама сонда салынады. Оқу жылы­ның басында сол платформаға «Қазақ тілінің кур­сы басталады» деп хабарландыру жария­лат­тық. Бұл хабарландырудың біз үшін аса маңыз­ды болды. Себебі жаңа айтып өткенім­дей, бұл хабарландыруды Оксфорд универ­си­тетінің барлық ғалымы мен студенті жеке ка­­­­бинеттеріне кіргенде бірден көреді. Біз ту­ралы мүлде естімегендер сол жарнама арқылы біз­дің елді, біздің тілді тани алды. Қатты қы­зық­қандары біздің электронды поштамызға жа­зып, тілектестік білдірді. Келіп түскен бар­лық хабарламаны асықпай оқып шық­тық. Бізге қазақ тілін кім қандай мақ­сат­пен, не себепті оқығысы келетіні маңыз­ды болды. Айта кетерлігі, Окс­форд университетінен бөлек, Ұлыб­ри­танияның басқа универ­си­тет­терінен де өтініштер келіп түсті. Мысалы, Бирмингем универ­си­теті, сосын Лондонның бір­не­ше білім ордасынан курс оқу­ға ниет танытқандар бол­ды. Алайда, Оксфорд уни­верситетінің талабы бойын­­ша, тіл курсына 12 сту­дент­тен артық қабылдай алмай­мыз. Жалпы, Оксфорд универ­си­тетінде кез келген курсқа 10-12 адам ғана қабылданады екен. Маман­дар­дың айтуынша, адам саны одан асып кетсе, ол курс тиімсіз болады. Бас­­­тапқыда келіп түскен 24 өтінішті са­раптадық. Әлбетте, Оксфорд универси­те­тінің студенттеріне басымдық бердік. Сол се­бептен басқа университеттен келген өті­ніш­терді қабылдамауға мәжбүр болдық. Сондай-ақ түрлі мақсатпен оқығысы келетіндердің арасында да қатаң іріктеу жүргіздік. Бір студент бір семестр ғана оқып, екінші семес­трде тағылымдамаға басқа елге кетпек екен. Алайда, біз оның өтінішін қабылдамай та­с­та­дық. Себебі бізге тұрақты, курсты басынан соңы­на дейін, академиялық жыл бойы оқитын сту­денттерді қабылдау қажет. Сөйтіп, 10 сту­дент­ті іріктеп алдық. Курсқа тіркелгендердің кө­бі – магистранттар мен докторанттар. Олар қазақ тілін зерттеу тілі ретінде оқиды. Дип­лом­дық тақырыптары Еуразия, Орталық Азия, Қа­зақстан мәдениеті, әдебиеті, тарихына қа­тысты. Ал екі студентім бакалавриат бөлімінде оқи­ды. Олар – көп тілді үйренгісі келетін эн­ту­зиасттар. 

– Ең алғашқы сабақ ерекше, естен кет­пес сәт сыйлаған шығар...

– Әлбетте, естен кетпейді. Ең алғашқы са­бақ Республика күні қарсаңында басталды. Оксфордта оқу жүйесі үш семестрге бөлінеді. Әр семестр екі айға жалғасады. Бірінші се­местр – қазанның ортасынан желтоқсанның басына дейін жалғасады. Бірінші сабақ өтер күні қатты қобалжыдым. Оқытушы ретінде мойнымдағы үлкен жауапкершілікті сезіндім. Оксфорд университетінің білімі мол сту­дент­тері алтын уақытын қиып, сенің алдыңа келіп тұр. Онда оқитындардың уақыты тым шек­теу­лі, сабақ, курстары көп. Екі ай бойы бас ал­май, тығыз кестемен оқиды. Сондықтан ма­ған берілген екі сағат уақытты анағұрлым тиім­ді өткізуге міндеттімін. Сол себептен қатты қобалжыдым. Оксфорд студентінің ал­тын уақытына сай сапалы дерек ұсыну – басты мақсат. Екіншіден, университеттегі қазақ тілі бойынша кез келген сұраққа жауап беретін жалғыз ақпарат көзі мен ғанамын. Студенттер сенің әр айтқан сөзіңді мұқият тың­дайды. Сұрақты төпелетіп қояды. Олар маған қазақ мәдениетінің елшісі деп қарайды. Сабақ кезінде өзімді Қазақстанның атынан сөй­леп тұрғандай сезінемін. Сондықтан әр айт­қан сөзіме асқан жауапкершілікпен қарай­мын. Алғашқы сабаққа студенттерден бөлек, профессорлық құрам да қатысты. Әдетте, уни­верситеттегі жаңа жобаның басталуы бә­ріне қызық қой. Сол секілді бірнеше факультет пен колледжде дәріс оқитын профессорлар ал­ғашқы сабағыма қатысуға ниет танытты. Ба­сында қобалжыған мен олардың реакция­сын көріп, бойымды қуаныш кернеді. Қазақ тілі Оксфорд университетінің төрінде алғаш рет курс ретінде берілгелі жатыр. Бұл – ана тілі­міздің мәртебесін асыратын керемет оқиға қой! Сондықтан көтеріңкі көңіл күймен бірін­ші сабақты өте жақсы деңгейде өткіздім. Бір жыл бойы әзірлеген материалдарымыздың тиім­ді екеніне сол кезде көзім жетті. Сабақты жіті бақылаған профессорлар да оң бағасын бер­ді. Сабақ соңында олар «Бастама жаман емес, осы қалыппен жалғастыра беру керек» деп ақжарма тілектерін айтты. 

– Оксфорд университетінің акаде­мия­лық базасына кез келген курс енгізіл­мей­тіні хақ. Расында, қазақ тілі курсының ашылуы – ғаламат жетістік. Десе де, бір жыл бойы студенттердің назарын ұстап тұру – қиын шаруа. 

– Дұрыс айтасыз. Қазақ тілі курсы – элек­тивті курс. Жоғарыда, Оксфорд универси­те­тінд­е түрік тілі негізгі пән ретінде оқытыла­ты­­нын айтып өттім. Негізгі пән болғасын, тү­­рік тілі сабағынан алған баға олардың дип­­ломдарына жазылады. Сондықтан сту­дент­тер өл, тіріл, түрік тілі сабақтарына қаты­суға міндетті. Жақсы ұпай жинау үшін оқуда үздік оқуға тырысады. Ал қазақ тілі элективті пән ретінде оқытылып жатқандықтан мұның ба­ғасы дипломға түспейді. Студенттің курсқа қа­тысу-қатыспауы өз еркінде. Сон­дықтан бізге студенттерді ұстап қалу қиын. Егер студентке курс ұнамаса, ол бағдарламаны тиім­сіз деп тапса, орта жолда оқудан бас тарта салады. Оларды мәжбүрлеп курс­қа қатыстыра алмайсың. Олардың на­зарын бері бұру, түрлі әдіспен жыл соңына дейін таң­ғал­дыру үшін мате­риал­дар өте сапалы болуы қажет. Оксфорд уни­верситетінің студенттері бәрін сезеді. Ма­те­риал сапалы ма, оқытушы білікті ме, бәрін ә де­геннен аңғарып, ашық айтып отырады. Бәрі көңі­лінен шықса, асқан қызығушылықпен са­бақты жалғас­тырады. Ал керісінше, көңіліне жақ­паса, «Мы­на курс маған қажет емес» деп ке­тіп қалуы мүмкін.

– Сабақ аптасына қанша рет өтеді?

– Академиялық қазақ тілі курсы аптасына екі рет өткізіледі. Әр сабақ екі сағатқа жал­ға­са­ды. Сабақ келесі жылдың маусым айына дейін өткізіледі. Мұндағы Оксфорд қазақ қауым­дастығы сенбі сайын үйренемін деу­ші­лердің басын қосып, қазақша әңгімелесу клу­бын ұйымдастырады. 

– Аптасына екі сабақ аз емес пе?

– Расында, екі сағат бізге жетпейді. Апта­сы­на алты сағат болса тамаша болар еді. Біз екі айдың ішінде көп дерек беріп үлгеруіміз қа­жет. Базалық деңгей, грамматиканың бар­лығын екі айға сыйғызуымыз керек. Алайда, Оксфорд университетінің талабы солай. Онда түрік тілі он жыл бойы оқытылып келеді. Сол мо­дель бойынша қазір әзербайжан, өзбек тілі оқы­тылып жатыр. Олар ілескен модель бойын­ша біз де қысқа уақыт ішінде ақпаратты не­ғұрлым сығымдап, студентке сіңімді қылып беруіміз қажет.

– Расында, саған жүктелген міндет ауыр екен. Талғамы мен талабы таудай шетел студенттерінің көңілінен шығу – оңай іс емес.

– Иә. Қазақстандағы көпшілік мұны оңай көреді екен. «Қазақ тілін пән ретінде беріп жүр. Бәрі оңай» деп ойласа керек. Олар бри­тан­дық оқу жүйесі тіпті басқа, оқытушыдан көп нәрсе талап ететінін білмейді. Қазақстанда қа­зақ тілін пән ретінде оқыту жүйесі бөлек. Ал ағылшынтілді аудиторияда, соның ішінде Ұлыбританияда, Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытудың қыр-сыры тіптен бөлек. Екеуін салыстыруға мүлде келмейді. Мұны осын­да келіп, сабақты өз көзімен көріп, ма­териалдармен танысқан маман ғана түсінетін шы­ғар. Ал былайша, оңай деп ойлайтындарға мұны айтып түсіндіру мүмкін емес. 

– Димаштың испантілді жанкүйерлері оның өлеңін түсіну үшін жаппай қазақ тілі курсына жазылғанын жарыса жаз­дық. Сол секілді біздің елді сыртынан та­нып-білетін Оксфорд студенттері мә­де­ниетіміз, спортқа қатысты көп сұрақ қоя­тын шығар.

– Академиялық қазақ тілі болған соң тіл­дің құрылымына қатысты көп сұрайды. «Мына жалғау мына жерде неге былай жал­ғана­ды, ал мұнда басқаша?» деген секілді сұрақ көп қояды. Әлбетте, мәдениет, әдебиет, тари­хы­мызға қатысты сауалдар да көп. Жақында мы­надай сұрақ қойылды. А1 деңгейін оқыт­қанымда сын есімдермен қатар түс атауларын үй­реттім. Арамызда Қазақстанға, соның ішін­де Алматыда бір жылдай тұрып, зерттеу жүр­гізген 5-6 студент бар. Олар орысша тәуір бі­леді. Әрі Алматының біраз жері есінде қал­ған. Сол сабақта олар «Алматыдағы «Көк ба­зар» неге көк деп аталады, неге жасыл емес?» деп сұрайды. Олар ол орынның орысша «Зеленый базар» деп аталатынын жақсы біледі. Мен көк деген ұғымның астарын, ондағы мә­дениетті, жалпы түс атауларына қатысты ерек­шелікті, ел ішінде жасыл-желекті көк деп атай­тынын жіті түсіндіріп бердім. Олар таңырқап, сұрақ үстіне сұрақ қойды. Расында, кей­бір қазақша сөздерді ағылшын тіліне ау­дару өте қиын. Мысалы, «обал болады», «ұят болады» деген тіркестер ағылшын сөздік қо­рын­да жоқ. Сондықтан мұндай сөздерді бала­ма емес, түрлі мысалмен түсіндіруге тура келе­ді.

– Қазіргі сендегі басты мақсат – пи­лот­тық жобаны сәтті өткізіп, Оксфорд уни­верситетінің ресми бағдарламасына ен­гізу ғой.

– Иә. Одан бөлек, Оксфорд универ­си­те­ті­нің әдістемесі бойынша оқытатын жалғыз ме­ні маман қылып даярлау емес, Тіл білімі инс­титутының басқа да мамандарын жұмыл­дыру. Сондықтан қазір институттың басқа ма­мандарын тартып, оқытушы ретінде баптап жа­тырмыз. Көздегеніміз – Қазақстанда Окс­форд әдістемесі бойынша тіл үйрететін тә­жі­ри­белі маман қатарын көбейту. Бір жыл бойы қа­зақ тілі курсын бірінші болып жүргізу – ма­ған берілген бақ. Менің орнымда басқа маман да істейтін еді. Десе де, тырнақ алды жобаны жүр­гізу маған бұйырғанына қуаныштымын! Же­ліде қазақ тілін қолдаушылар, қазақ тілінің академиялық дәрежесі, ғылымдағы дәрежесі өссе екен деген халықтың аппақ лебізін көріп, қуанып жүрмін. 

– Бұл жобаны сәтті аяқтаған соң не істемек ойың бар?

– Бар мақсатым – осы жоба аясында жинаған тәжірибені Қазақстанда енгізу. Қазір елімізге осы тәжірибенің жетіспей тұрғанын сезіп жүрмін. Қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту – елде кенжелеп қалған іс. Бүгінде министр Саясат Нұрбектің бастамасымен елде әлемдегі мықты университеттердің отызға жуық филиалы ашылды. Ондағы сабақтар ағылшын тілінде жүретіні хақ. Десе де, шетелден келген студенттер Қазақстанға сіңісу үшін қазақ тілін базалық деңгейде білуге тиіс. Ағылшын тілін білмей Англияға оқуға келсең бәрі құрдымға кетеді ғой. Сол секілді Қазақстанда оқуда жүрген олардың қазақ тілін меңгергені абзал. Ал оны біз меңгерген Оксфорд методикасы бойынша оқыса, әлдеқайда тиімдірек болады. Сондықтан елге оралған шетел студенттеріне қазақ тілін оңай үйренуге барымды салсам деймін.

– Әңгімеңе рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ


 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары