Цифрлық аутизм дерт пе, әдет пе?

Цифрлық аутизм дерт пе, әдет пе?

Қазір гаджеттер мен интернетсіз өмірді елестету қиын. Ақпаратқа қолжетімді болып, цифрлық технологиялар күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Алайда бұл игіліктердің көлеңкелі жағы да бар. Адамдар күн сайын қысқа видеолар мен суреттерді көру арқылы шынайы қарым-қатынастан алыстап, виртуалды әлемге тәуелді болып барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кейінгі жылдары ақпараттық технологиялардың адам психикасына әсерін зерттеп, бірнеше жаңа диагноз енгізді. Олардың қатарында цифрлық аутизм, цифрлық дамудың кешігуі және цифрлық тәуелділік ұғымдары бар. Біз бүгін өзекті мәселеге айналған  цифрлық аутизм ұғымына тоқталмақпыз.

Мәселен, дәстүрлі аутизм адам­ның әлеуметтік әрекеттесу дағ­ды­­­­ларының бұзылуы болса, цифрлық ау­тизм – смартфон мен интернеттің әсе­рінен адамның шынайы қарым-қа­ты­насқа бейілдігін жоғалтуы. Яғни, бала не­месе жасөспірім өзге адамдармен бай­ла­ныс орнату қабілетін жоғалтып, тек гад­жет арқылы өмір сүруге бейім­де­ле­ді. «Виртуалды аутизм» терминін алғаш рет 2017 жылы румын психологы Мариус Зам­фир қолданды. Шетелдік маман «5 са­ғаттан артық телефон қараған баланың бойында аутизмнің белгілері пайда бо­ла­ды» дейді. Бірақ академиялық және кли­ни­калық қауымдастық бұл терминді бір­келкі қабылдамаған. Кейбір зерттеу­ші­лер бұл феноменді назарға алса, басқа­лары шынайы аутизм диагнозымен ша­тас­тырмау керек екенін ескертеді.  
Иә, «цифрлық аутизм» ресми диагноз емес, бұл термин экранға ұзақ уақыт бойы тәуел­ді болудың әсерін сипаттау үшін қол­данылып жүр. Оның ішінде баланың ата-анамен өзара қарым-қатынасының азаюы, көпшілікпен байланыстың тө­мен­деуі, ойын арқылы эмпатия және тіл дағ­дылары дамуының тежелуі сияқты бел­гілер айтылуы мүмкін. Бірақ бұл бел­гі­лер нақты аутизм спектрінің биологиялық жә­не нейрологиялық себептерімен бірдей емес. Яғни, «цифрлы аутизм» терминін қол­данғанда сақ болу керек, ол көбіне мі­нез-құлық ұқсастықтарын сипат­тай­ды, ал себептер күрделірек болуы мүм­­­кін.
Иә, бұрын адамдар білім мен тәжірибе ал­масу үшін кітапханаға барып, қоғамдық ор­тада пікір алмасатын. Қазір кез келген ақ­паратқа смартфонын бір сипап қол жет­кізуге болады. Бірақ бұл дағдыларды жеңілдеткенімен, ақпаратты терең түсіну мен талдау қабілетін төмендетеді. Қысқа әрі тез тұтынатын контентке үйренген адам терең ойлануға, ұзақ мәтінді оқуға не­­­­месе күрделі мәселені шешуге қызық­пай­ды. Жасөспірімдер мен жастар – интер­нет пен гаджеттерге ең бейім буын. Олар виртуалды кеңістіктегі жалған жетістік, лайк пен пікір үшін өмір сүруге көшкен. Бұл өз кезегінде шынайы өмірдегі қиын­дық­тарға төтеп беру қабілетінің төмен­деуі­не, жалғыздық сезіміне және психо­логиялық күйзеліске әкеліп соғуы мүмкін. Нәтижесінде, виртуалды әлемге еніп кеткен бала шынайы өмірде өзін жайсыз сезінеді.

Сенатордың секемі     

Былтыр сенаторлар «цифрлы аутизм» мәселесіне алаңдап, Пре­мьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жол­даған еді. Соның ішінде Сенат депутаты Нұр­төре Жүсіп: «2022 жылы Алматыда 50 мың бала дүниеге келген. Солардың ара­сында шала туған нәрестелердің 400-ге жуы­ғынан ретинопатия – көздің тор қабығының дамымауы анықталған. Ес­ту қабілеті бұзылған 44 сәби тіркелген. Дү­­ниежүзілік Денсаулық сақтау ұйы­мы­ның мәліметіне қарасақ, аутикалық спектр ауытқушылығы бар балалардың көр­­сеткіші 13 пайызға өсіп отыр. Ға­лым­дар­­дың айтуынша, аутизм – «ХХ ғасырдың оба­­сы». Ал цифрлық аутизм – ХХІ ғасыр­дың дерті», – дейді өз сөзінде. Оның ай­туын­ша, қазір дүниежүзінде, соның ішінде Қа­зақстанда «цифрлық аутизм» белгілері бай­қала бастаған. Яғни, смартфонды ұзақ ұс­тайтын балалар есте сақтау, көру, сөйлеу қа­білетінен айырылып, өз бетінше ойлау, ұзақ мәтіндерді қабылдау, айналаға назар аударуы қиындады. «Өйткені ата-ананың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұс­татады. Оқушы балалардың 40 пайы­зы­ның өз аккаунты бар. Осындайдың сал­да­ры­нан балалар аулаға шығып ойнамайды, бұ­ған онлайн оқу қосылды. Бір сөзбен айт­қанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді. Кибермания сұмдық жыл­дамдықпен өрістеп жатыр. «Цифрлық тәуел­ділік» деген диагноз халықаралық ау­ру­лар классификациясына еніп отыр. Цифрлық аутизм, цифрлық ақыл-ес кемдігі, фейсбук-депрессия, цифрлық қальцгеймер, цифрлық теңіз ауруы ресми болмаса да тір­келді. Онлайн ойындарға тәуелділікті де осы қатарға жатқызуға болады», – деп да­­был қаққан еді депутат. Осыған орай се­­натор цифрлық аутизмнің алдын алу үшін Үкіметке бірнеше ұсыныс тастаған еді. Атап айтсақ, жаңа туған нәрестелерді жап­пай ретинопатия және аудиологиялық скри­нингтен өткізудің сапасына мән беру, ло­гопед, офтальмолог мамандықтарына бө­лінетін мемлекеттік грант санын кө­бейту, Қазақстан мектеп­теріне «Бабалар сөзі» 100 томдығына кір­ген қазақтың жыр-дастандары мен тер­мелерін жат­та­тып үйретуді енгізу және киберманияның зияны туралы Қазақстан мектептері мен мек­тепке дейінгі дайын­дық мекемелерінде ата-аналар комитеті, ата-аналармен жұ­мыс істейтін түрлі қо­ғам­дық ұйымдар қыз­­метін жүйелі түрде ұйымдастыру. 
«Әрине, ғылым мен техника жетіс­тік­тері осы салада жатыр. Әйтсе де, компью­тер мен смартфонға «басымен кіріп кет­кен» жас ұрпақты сақтандыру амалы бар ма? «Касперский лабораториясы» ата-ана­лар бақылауы деген функция енгізді. Қауіп­ті контенттерді шектейтін амалдар бар. Жапония мен Франция, Қытай заң­на­масы не дейді? Былтыр Жапонияда ин­тернет пен бейне ойындарды күніне бір сағатқа шектеу туралы шешім шығарыл­ған. Франция мемлекеті де бұл қауіптің алдын алуға әрекет жасауда. Қытайда ки­бер­кеңістік мәселелерін реттеу шаралары қол­ға алынған. Алайда тыйым салумен іс біте ме?», – дейді сенатор. 

Смартфонға салынған тыйым

Еске салсақ, 2024 жылғы қара­ша­да Мәжілісте оқушылардың са­бақ үстінде смартфон қолдануына заң­мен шектеу қойылған болатын. Бұл шара білім беру процесінің сапасын жақсарту мен тәртіпті күшейтуге бағытталған еді. Осы ретте қай елдерде мектепте смартфон пай­далануға заңмен немесе кең көлемде тыйым салынғанын анықтауға тырыстық. Оқушылардың сабақта смартфон пай­далануына шек­теу қою – бүгінде әлемнің көптеген елінде бар саясат. Бұл шешім  бала­лар­дың оқу нәтижесін, зейінін, психикалық жә­не әлеуметтік саулығын қорғау мақ­са­тын­да қабылданған. Мәселен, Франция 2018 жылы білім беру жүйесінде мектепте смартфондарды (сонымен қатар планшет, смарт-сағат сияқты құрылғы­ларды) пай­да­лануға толық тыйым салды. Бұл тыйым бас­тауыш және орта мектептегі оқу­шы­ларға – шамамен 3‑15 жас аралығын-дағыларға қа­тысты болды. 
2024 жылдан бастап Нидерландының бастауыш және орта мектептерінде смарт­фон, планшет және смарт-сағаттарды пай­далануға тыйым салынған.  Бұл тыйым  тек сынып ішінде емес, жалпы мектеп аумағында және сабақ кестесінде алынып, ар­найы ұяшыққа қойылуға тиіс болды. Сондай-ақ Италияда мобильді телефон­дарды балабақшадан бастап орта мектепке дейін сабақ барысында пайдалану шек­телген. Бұл шешім министрлік деңгейінде қабылданған. Бұл елде смартфондар тек арнайы жағдайларда, мысалы ин­ди­видуалды білім қажет ететін оқу­шыларға не­месе мұға­лім­нің рұқсатымен ғана қол­да­нылуы мүмкін. Ұлыбрита­ния­да заң жүзін­де тыйым бол­­­маса да,  көп­теген мектеп өз­деріндегі ішкі ережелер ар­қы­лы смарт­­фондарға шектеу қойып келеді. Дәл сол секілді Аустралияның кейбір штат­тарында мек­теп­терде теле­фонды сабақ кезінде жа­бық күйде қал­дыру немесе мек­тепке әкелмеу туралы ере­желер бар. Ал Брази­лия осы жылы федерал­дық дең­гейде мектеп­тер­де смар­т­фон­дарды шек­теу ту­ра­лы заң қабыл­данды. Телефон тек тө­тен­ше жағдайларда, оқу немесе денсаулық мақ­са­тында ға­на қолданылуы мүм­­кін. Зерт­теулер көрсет­кендей, смартфон­дар сабақ кезінде алаң­даушылық пен концент­ра­цияның төмен­деуі­не әке­леді. Ұзақ уақыт экран ал­дын­да болу ба­лалар­да көз, ұйқы, көңіл-күй, эмо­­ционалдық тұрақтылық сияқты проб­лемалар туғызуы мүм­кін. Сон­дай-ақ ки­бербул­линг қау­пі азаяды. Кей зерт­теулер теле­фон­­сыз мектеп кли­­матында сынып ішін­дегі ком­муни­ка­ция жақ­сар­ғанын, сту­денттердің бір-біріне кө­мек­тесіп, бірге іс атқаруға бел­сенді болғанын көрсеткен. National Bureau of Economic Research-тің биылғы зерт­теуінде АҚШ-тың Флорида штатын­дағы мектептерде телефонды толық тыйым салғаннан кейін оқушы­лар­дың ем­тихан нәтижелері мен сабаққа қатысу көр­сеткіштері айтарлық­тай жақ­сарғанын көр­сетті. Сонымен қатар Auburn уни­вер­сите­тінің әлеуметтік жұмыс фа­куль­теті­нің зерт­теушілері те­лефонсыз мектеп тәжі­ри­бесін талдай келе, оқушы­лар мен мұға­лім­дер арасында әлеуметтік қарым-қатынас пен ынтымақ­тастықтың артқа­нын бай­қаған. Сондай-ақ сабақтағы алаңдау­шы­лық азайып, сы­ныптағы ты­ныш­тық пен зейіннің сақ­талуы оң әсер бер­ген. 

Жаңа заң талаптары қандай?

Жоғарыда айтып өткеніміздей 2024 жы­лы «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді мектеп оқушыларына сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынды. Заңның 47-бабы 10-1 тармағында нақты көр­сетіл­ген­дей: «Оқу мақсаттарында қыс­қа­мер­зімді оқу жоспарларында көзделген жағ­дай­ларды қоспағанда, орта білім беру ұйым­дарында білім алушылар мен тәрбие­лену­шілердің оқу процесі кезінде ұялы бай­ланыстың абоненттік құрылғысын пай­далануына жол берілмейді». Бұл жаңа­лық осы жылы нақтыланып, жауап­керші­лік ата-аналарға жүктелетін болды. Егер бала сабақ үстінде телефон ұстап, оны пай­далану арқылы оқу процесіне кедергі кел­тірсе, ата-анасына әкімшілік жаза қол­данылуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстің 409-бабына сәй­кес, егер ата-ана баласының білім беру са­ласындағы міндеттерін тиісінше орын­дамағаны анықталса, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл төлейді. Бұл 2025 жылғы есеппен 19 660 теңге.  Егер бұл жағдай бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке дейін өсіп, 78 640 теңгеге жетеді. Алайда бірінші рет ата-анаға ескерту жасалады. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, әкімшілік істі тіркеу және хаттама тол­тыру жұмыстарын білім саласында сапа­ны қамтамасыз ету департаменттері жүр­­­­гізеді.   Мемлекет білім беру үдерісіне ке­дергі келтіретін факторларды азайтуға жә­не оқушының бар назарын оқуға ау­даруға басымдық беріп отыр. Ұялы теле­фон­ның алаңдататын құрал екенін ескер­сек, бұл шара оқушылардың тәртібін жақ­сартып, сабаққа деген зейінін арт­тыруы мүмкін.  
Мәжіліс депутаты, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғамбетов мектеп оқушыларына смарт­фон қолдануға шектеу қою мәселесін жиі кө­теріп келеді. Ол бұл тақырыпты тек пі­кір түрінде емес, нақты ғылыми зерт­теулер мен әлемдік тәжірибе негізінде қоз­ғап отыр. Аймағамбетов әлеуметтік же­лі­дегі жазбаларында бірнеше елде жүргізілген рандомизацияланған зерт­теулерге сілтеме жасап, смартфонды шек­теудің білім сапасына оң әсер ететінін нақты мысалмен дәлел­дейді. Оның айтуынша, бір сы­ныпта оқушыларға смарт­фон қолдануға тыйым салынған, ал екін­шісінде бұрын­ғыдай рұқ­сат берілген. Нәтижесінде, смартфон қолдану шектел­ген сыныптағы оқушы­лар­дың үлге­рімі, әсіресе академиялық көр­сеткіші тө­мен оқушылардың білім дең­гейі айтар­лық­тай жақсарған. «Назарды ала­тын фак­тор­лар­дың жойылуы тіпті орта деңгейлі мұ­ға­лімді өте жақсы ма­ман­ға айнал­дыр­ғандай нә­тиже берді», – дейді депутат. Мұн­дай қорытындылар тек бір елмен шек­тел­мейді. Мұндай нәтижелер Нор­ве­гия мен Ұлыбританияда да байқалған.
Асхат Аймағамбетов Назарбаев зият­керлік мектептері мен Білім-инновация ли­цейлері сияқты таңдаулы білім орда­лары смартфон қолдануға шектеу енгізіп отырғанын атап өтті. Алайда көптеген мек­теп бұл қадамға баруға асығар емес. «Не­­ліктен өзге мектептер әлі күнге дейін заң­мен берілген мүмкіндікті пайдаланбай отыр? Зерттеулер жетерлік. Енді тек нақты шешім қабылдайтын көшбасшылық қа­жет. Бұл – тек тәртіп емес, оқушының зейі­­ні, денсаулығы мен мінезіне де тікелей әсер ететін мәселе»,  деп ашық сұрақ қой­ды депутат. 

Мамандар пікірі

Мамандар телефонды тек сабақ ке­зінде ғана шектеу жалпы проб­­леманы шешпеуі мүмкін екенін айта­ды. Егер оқушылар сабақтан тыс уақытта да көп уақытын смартфон қараумен өткізсе, тыйым олардың жалпы экран уақытын азай­туға көмектеспейді.  Яғни, мектеп шеңберінде телефонсыз болу – бір нәрсе, бірақ баланың күнделікті өміріндегі пай­далану әдетін өзгерту – мүлде басқа. 2023 жылғы жүйелі шолу мен мета-талдауда эк­ран уақыты мен аутизм арасындағы екі­жақты байланысқа арналған көр­сет­кіш­тер қаралды. Кейбір зерттеулерде эк­ран уақыты аутизм белгілерін күшейтуі мүм­кін деп табылса, басқа зерттеулерде ау­тизмі бар балалардың бастапқыда әлеу­меттік-коммуникативтік қиындықтары бол­ғандықтан экрандарға жиі жүгінетіні бай­қалған. Яғни, байланыс екіжақты болуы ықтимал. Бұл мәселені шешу үшін ұзақ­мерзімді зерттеулер қажет. Соңғы жыл­дардағы бірқатар өңірлік зерттеулер де дәл осындай қорытынды шығарып отыр. Экранға ерте және ұзақ уақыт тәуел­ді болу кейде «виртуальды аутизмға» ұқсас мінездердің пайда болуына ықпал етуі мүм­кін, дегенмен халықаралық қауымдас­тық бұл ұғымды ресми түрде қабылдаудан сақтанады. 
Америкалық педиатриялық ака­де­мия 2016 жылдан бастап экран уақыты бойын­ша кеңес берген еді. Онда 18 айға дейінгі балаларға экраны бар құрылғы­лар­ды ұстатпау, 2-5 жас арасында жоғары са­палы мазмұнды контентті күніне бір сағат­қа дейін ата-анасымен бірге қарау, үл­кенірек балаларға  мазмұн мен кон­текст­­ке қарай жеке отбасылық медиа-ере­жені қалып­тас­тыру ұсынылды. Бұл ака­демия кейінгі жылдары нақтылы уақыт шектеулерінен гөрі «медиа қолдану тәртібі» мен мазмұн сапасына көңіл бөлуді ұсы­нып отыр. 
Ми адамның дене салмағының бар-жо­ғы 2 пайызын ғана құрайды. Бірақ бар­­­лық энергияның 20 пайызын жұм­сай­ды. Балаларда бұл көрсеткіш 40 пайызға тең. Ал ас қорытуға небәрі 8-15 пайыз ғана энергия керек. Сонда күн сайын біздің миымыз кемі 500 ккалория жұмсайды. Алайда біз көбіне жұмыс барысында на­зарымызды көбірек телефонға бөлеміз. Кей­де жұмыстан демалу үшін гаджет қа­рай­­мыз. Бірақ ғалымдардың айтуынша, смартфонға қарағаннан адам демалмайды. Керісінше, ми смартфонға қараған сайын энергияны көбірек алады. Осылайша, ми­дың 80 пайыз жұмысы телефондағы пай­дасыз ақпараттарға жұмсалады. Соңғы жыл­дары «сандық детоксикация» деген ұғым пайда болды. Яғни, адамдар цифр­лық технологиялардан саналы түрде бел­гілі бір уақытқа бас тартады. Ағзаны зиянды, улы қалдықтардан құтылу үшін «детоксикация» жасалынатын болса, ми, ақыл-есті қажетсіз ақпараттардан арылту үшін де осы әдіске жүгінеді. Смартфоннан тәулік бойы бас алмайтын, теле-фоннан бір сәтке көз жазса мазасызданатын адам­дар осы тәсіл арқылы шынайы өмір­ге орала алады. Қазір тіпті адам­дардың «цифрлы тәуел­ді­лігіне» қарсы күресетін ар­найы курс­тар да пайда бол­ған. 

Түйін: 
Технология қарыштап дамыған сайын түрлі терминдер қолданысқа еніп жатыр. Мәселен, номофобия деген ұғым бар. Бұл адамдардың байланыссыз қалудан қорқуы. Үйде смартфонын ұмытып кеткен адам осындай мазасыздықты бастан кешеді. Бұл термин 2008 жылы пайда болып, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Ал әлеуметтік желідегі ақпараттардан хабарсыз қалудан қор­қатындар – фомофобияға ұшырағандар. Бұл термин де 2013 жылы ресми түрде Оксфорд сөздігіне енген. Мұндай психологиялық дертке душар болғандар әлеуметтік желі қолданушыларының жылы сөзі мен жағымды пікіріне мұқтаж. Ғалымдар бұл ахуал туралы «ХХІ ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті, оны психикалық ауытқу ретінде диаг­ностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған. Осылайша, медициналық терминдердің ресми тізіміне кірмесе де, қоғамда «цифрлы аутизм» дерті белең алып барады. Әсіресе, бүлдіршіндердің цифрлы аутизмге шалдығуы көп кездеседі. Жалпы, аутизмнің 98 түрі бар. Бірақ аутизм дәрі ішіп емделетін ауру емес. Цифрлы аутизмды да емдеудің нақты тәсілдері жоқ. Тек бұл дерттің алдын алуға болады. Мысалы, Еуропада цифрлы аутизмге шалдыққан баласымен ата-аналар тек смартфонда сөйлеседі. Гаджетте баласымен бірге түрлі ойындар ойнап, жақындай түседі. Белгілі бір уақыт өткенде ғана виртуалды әлемнен оралып, балаларын сыртта футбол ойнауға шақырады. Бірақ баланың өмірінен смартфонның үлесін азайту көп еңбекті талап етеді. 
Иә, цифрлы технологиялар адамзат өмірін жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктер ашты. Бірақ оны шектен тыс пайдалану әлеуметтік дағдылардың жойылуына, психикалық денсаулықтың нашарлауына және тұтас бір буынның виртуалды шындықпен өмір сүруіне әкелуі мүмкін. Сондықтан ғаламтор мәдениетін қалыптастырып, интернетті қауіпсіз және тиімді пайдалану мәдениетін үйрету  бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары