Израиль әскери-әуе күштерінің ұшақтары Сирия астанасы Дамаскіде орналасқан Президенттік кешенге әуе шабуылын жасады. Бұл туралы Анадолу агенттігі хабарлады.
Израиль әуе күштері алдымен Сирияның Бас штаб ғимаратына үш мәрте әуе соққысын жасап, кейін Президенттік кешенге шабуылдаған.
Бас штаб ғимаратынан алғашқыда жалын көтеріліп, артынан қою түтін шыққаны байқалған.
Израиль армиясының баспасөз қызметі әуе соққысы Дамаскідегі Бас штаб ғимаратының кіреберісіне бағытталғанын растады. Шабуылды ұйымдастыруға себеп ретінде Сувейда аймағындағы оқиғалар аталды. Бұл аймақта негізінен друзы халқы шоғырланған.
Израиль армиясы бұған дейін Сирияның оңтүстігіндегі жағдайды бақылап отырғанын, онда друзы қауымының белсенділігі мен Сирия әкімшілігінің әрекеттеріне назар аударылғанын мәлімдеген еді.
— Израиль бұл аймақты бақылауда ұстап отыр және саяси басшылықтың нұсқауларына сай түрлі сценарийлерге дайындалуда, — делінген армия хабарламасында.