"4 млн долларға сатылуы мүмкін": Марстың тасы Нью-Йоркте аукционға қойылды

/
"4 млн долларға сатылуы мүмкін": Марстың тасы Нью-Йоркте аукционға қойылды
сурет: Copyright Richard Drew/Copyright 2025 The AP. All rights reserved

Нью-Йорктегі Sotheby’s аукцион үйі Жер бетінде табылған Марс тасының ең ірі бөлігін сатылымға шығарды. Салмағы – 25 келі, құны – 2–4 миллион доллар аралығында. Тарихта алғаш рет мұндай ерекше метеорит көпшілікке аукцион арқылы ұсынылып отыр.

NWA 16788 деп аталған бұл тас 2023 жылы Африканың Сахара шөлінде, Нигердің Агадез аймағынан табылған. Сарапшылардың айтуынша, метеорит Марсқа алып астероид соқтығысқан кезде ғарышқа ұшып кеткен және 225 миллион шақырым қашықтықты еңсеріп, Жерге құлаған.

Sotheby’s мамандары бұл тас Марстан келген барлық метеориттің 7 пайызы екенін және ол бұрын табылған ең үлкен тастан 70%-ға көлемдірек екенін айтты.

«Бұл – біз Жерден тапқан Марстың ең ірі сынығы. Бұрынғы рекордтан екі есе үлкен», – дейді Sotheby’s-тің ғылым және табиғи тарих жөніндегі вице-президенті Кассандра Хэттон.

Тастың шағын бөлігі зертханада зерттеліп, оның оливин-микрогаббро шерготтиті екені анықталды. Бұл – Марстағы магманың баяу суынуы нәтижесінде пайда болатын сирек құрылым. Тастың құрамында пироксен, маскелинит және оливин бар.

Сондай-ақ оның сыртында атмосфералық үйкелістен пайда болған шыны тәрізді қабат бар. Бұл оның метеорит екенін алғаш дәлелдеген белгі болған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары